Қазақтың Қан-апасы қалдырған қасиетті жол

(Дауыстар: 1)
Қазақтың Қан-апасы қалдырған қасиетті жол

Ұстазды аңсау

Қолына құс қанат қаламын ұстап, қайраты мен жігерін жанып, ұлтына ұлық іс жасаған қазақтың Қанипасы, Қан-апамыздың дүниеден өткеніне міне, 40 күннен асты. Өр Алтайдың биік қарағайының, шырайлы шынарының басына шық тұнғанына да міне 2 айдың жүзі болды. Уақыт зымырап өтіп, тұрмыс тұрлауына тартқанымен, ұлы адамның ұлық ісін тот баспайды екен. Міржақып Дулатұлы сияқты айтсақ «ұлының өмірден қайтқан күні қаншалықты алыстаған сайын, рухына соншалықты жақындай түсесің екен».

Қан-апамыздың қайраты мен қажыры, айбары мен ажары сондай жарық еді, қазақ қызынан гөрі азаматына тән өр мінез, ер кеуде, өткір тіл сондай жарасымды еді. Қан-апаның қасқайып тұрып берген әр сабағынан ұлтқа деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың, адамдық пен асқақ рухтың лебі сезіліп тұратын, ұлтты сүю, ұлт әдебиетін мадақтау - Қан-апа сабағының басты формуласы еді, шеберлік ұстаз сабағының басты сиқыршысына айналып, тыңдаушысын баурап елітетін. Өр Алтайдың бауырында, Марқакөлдің жағасында туып өскен қазақтың Қанипасындағы қасиет бүгінгі өскелең ұрпаққа мәңгілік аманат, бет бұрар бағдар, сәулелі көкжиек сияқты. Шығыстың шырайын келтіріп тұрған нұрлы таң еді, Қан-апа! Зердесі зерек, ұғымы алғыр қазақ даласындағы ғана емес, төрткүл дүниедегі қазақ баласының басын қосып, зияткерлік олимпиада ұйымдастырып өткізетін, қазақ тілінің тізгінін ұстаған әріптестерінің арқасынан қағып, ақ дастарханын жайып, әңгімесін айтып, барымен бөлісетін де осы Қан-апа еді. Өзгеге жалтақтамай, өзінің қаны мен парасат қазынасында жатқан сан түрлі әдістеменің шеберханасын да жасап шыққан дәл сол Қан-апа еді-ау! Келгенге кіржимейтін, білгенді кеудесінен қақпайтын, жаны мен жүрегін жанарынан оқып білетін, топ ішінде тайсалмай айтып салатын өр мінезі тағы бар еді-ау Қанипа апайдың! Абайды Абай боп, Мұхтарды Мұхтар боп сөйлететін қазақ қызы бір кезде Мәскеу мектебінің мұғалімдеріне де жасқанбай сын айтып еді-ау! Қарауларды қорқытып, жетесіздерді жасқантатын адуын мінезді Қан-апаны үлкен де, кіші де, әкім де хәкім де сыйлап құрмет тұтатын. Ұлт мектебінің ұлық ұстазы, бірегей тұлға Қанипа Бітібаеваның есімі бүгінгі жасампаз Қазақстанның тарихындағы жарқын есім болып жазылып қалмақ.

Күздің ортасына жетпей өр Алтайдың алғашқы аппақ қары жауды, бірақ бүгін ортамызда сен жоқсың, Қан-апа-а-а! Оқушыларың сені аңсап, сен өтетін сабақтарды, сен жаздыратын шығармаларды сағынып, алғашқы жауған қарды да қарсы алды. Бірақ бүгінгі қардың ақ ұлпасын, ақ қырауын, қытымыр аяздың айшықты бояуын дәл өзің бардағыдай сезінбедім. Бұл - ұлы жүректі аңсау, ұлылықты сағыну, ұлағатқа тағзым ету, қазақ педагогикасының қарлы шыңында қасқайып тұрған қазыналы қарағашты аңсау деп білерсіз...

Құрметпен, Шабажанова Салтанат Қалиасқарқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚФ Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Білім | Кілт сөдер: Қанипа Бітібаева

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар