Қазақстанның жаңашыл ұстаздары бас қосты

(Дауыстар: 1)
Қазақстанның жаңашыл ұстаздары бас қосты

Өскемен қаласында жаңашыл педагогтардың «Жаһандық бәсекелестік ортадағы заманауи білім беру» атты өңіраралық форумы өтті. Оның жұмысына Алматы, Қарағанды және Павлодар облысының жаңашыл мұғалімдері, облыстық білім басқармаларының өкілдері, әлеуметтік педагогтар мен психологтар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өңіраралық ынтымақтастық меморандумының негізінде қолға алынған шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Пленарлық бөлімде жиналған педагогтар жаңашыл ұстаздардың тәжірибелерін тарату, заманауи мұғалімнің инновациялық-креативті үлгісін, функционалды сауаттылықты қалыптастыру сияқты тақырыптарды көтерді.

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие бөлімінің проректоры, доцент Ирина Ровнякова мұғалімдердің жаңашыл идеяларымен бөлісуі үшін өңіраралық байланыс жүйесін құру қажеттігін айтты. Жаңашыл ұстаздардың басты проблемасы - әдістемелік қолдаудың жоқтығында. Ирина Ровнякова виртуалды қызмет жүйесі мен виртуалды шеберханалар, электронды әдістемелік кабинеттер оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеяларды тезірек басшылыққа алуларына септігін тигізер еді деген пікірін білдірді.

Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Ғайнигүл Исмаилова бүгінгі таңда талантты мұғалімдердің аса қажеттілігін айтты. Өйткені, оқушыны жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру үшін педагогтың да аса білікті болғаны талап етіледі. Еуроодақтың комиссиясы тұлғаның жан-жақты дамуына қажетті сегіз қасиетті жіліктеп беріпті. Ең бастысы, әлеуметтік белсенділік екен. Мұғалімдер үнемі шығармашылық ізденісте болып, эксперименталды алаңдар жасамайынша, біліктілік курстарынан қайта өтпейінше, жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Осы орайда аталмыш жоғары оқу орнында бакалавриат 2+2 деген әдіс жұмыс істейді екен. Бұл жерде студенттер қосымша екі шет тілін меңгеріп шығады. Университет Оңтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттарындағы екі жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатыпты. Жазғы лагерь кезінде студенттерге алған білімдерін тілдік ортада қолдануға мүмкіндік беріледі. Олар мұражайларға, табиғатқа саяхат жасап, көргендерін шет тілінде жеткізуге тырысады. Шетелдік оқытушылармен викториналық ойындарға, пікірталас додасына қатысады. Бұл студенттерді өз ойларын халықаралық деңгейде жеткізе алуларына дағдыландырады, өз көзқарастарын дәлелдеуге үйретеді.

- Өңір педагогтарының басын қосқан форум білім берудің өзекті мәселелерін еркін және кәсіби талқылаудың ашық алаңына айналды, - дейді облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанова. - Мұғалімдер дәстүрден тыс педагогикалық идеяларын ортаға салды. Алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс істеудің жолдары қарастырылды.

Форум қатысушылары жиын соңында өз ұсыныстарын қабылдады. Олар білім беру қызметкерлерінің өңіраралық форумын жүйелі өткізіп тұру қажеттігін бірауыздан атап өтті.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар