Тұңғыш Президент күні: Салмағы ғасырға тең бір сағат!

(Дауыстар: 1)
Тұңғыш Президент күні: Салмағы ғасырға тең бір сағат!

1991 жылғы 10-желтоқсандағы Президент Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған салтанатты мәжіліс Алматыдағы Республика сарайында бас-аяғы бір-ақ сағатқа созылған еді. Алайда ел өміріндегі салмағы бір ғасырға пара-пар болатындай осынау бір сағат тарихымызға алтын әріптермен жазылған аса маңызды оқиға болды: онда тәуелсіз мемлекетіміздің бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президенті ант қабылдап, қызметіне кірісті; еліміздің бір топ бетке ұстар ақсақалдары сахнаға көтеріліп, 91 жастағы ақын атамыз Шәкір Әбенов қызметіне кіріскен Елбасына ақ батасын берді; Қазақ Советтік Социалистік Республикасы дегеннің орнына мемлекетіміз Қазақстан Республикасы деп аталып, ол қаулыға Нұрсұлтан Назарбаев дәл сол мәжілісте қолын қойды. Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз асқақтап, Әнұранымыз шырқалғанда қандай күйде болғанымызды сөзбен айтып жеткізу қиын, залдағылардың барлығы да әлсін-әлсін орындарынан атып-атып тұрып, алақанымыз қызарғанша шапалақ ұрып отырдық... залда тыныш отыру мүмкін емес, қуаныштан жүрегің жарыла жаздап, көңілің көкке шалықтап кетеді екен. Сол салтанатқа Шығыс Қазақстаннан қатысқан сол кездегі ШҚМУ ректоры Е. Мәмбетқазиев, Ұлан аудандық Кеңесінің төрағасы Ж.Әшімов, Самар аудандық ауруханасының бас дәрігері А. Жүнісов, Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Н.Кемешов, Үлкен Нарын ауданындағы «Юбилейный» совхозының директоры А.Сейітов сияқты, жалпы жиыны 20 адамның бірі - облыстық «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары болып қатысқанымды, әрине, өзіме үлкен қуаныш санаймын.

Сол салтанат өтіп жатқанда, жарты сағаттан кейін бауырлас Түрік мемлекетінің басшысы Т.Өзалдан Қазақстан Республикасының дербестігін, тәуелсіз мемлекет екендігін мойындап, қуана қолдаған жеделхат келіп жетті. Бүкіл әлемде қазақ халқының тәуелсіздігін ең бірінші болып қолдаған түрік ағайындардың мұндай ілтипатына мәжіліске қатысушылар тағы да дүр сілкінді, толқығандары сондай, көз жастарына ерік бергендер де аз болған жоқ...

Міне, Қазақстанның тәуелсіздігі тарихының алғашқы парағы солай ашылған болатын, бірақ кейбіреулердің айтуынша Тәуелсіздік бізге ешқандай ың-шыңсыз, оп-оңай, мемлекеттің атын ауыстыра салумен келген жоқ, ол жағын терең қазбаламай-ақ қояйық... Өткен 23 жылда еліміздің өз әскері құрылды, шекарасы бекітілді, жаңа Астанасы бой көтерді, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім орнады, халықаралық аренада өз орны бар, әлеуметтік-экономикалық нығайту жұмыстары өркен жайып келеді. Мұның барлығы үлкен қажыр - қайратпен, Елбасының бағдарлы, салиқалы саясатының арқасында жасалып жатқан үлкен еңбек.

Егеменді ел болған соң ол жоспарлы түрде дамуы керек екендігі заңды. Елбасының Қазақстан халқына арнайтын жылдағы Жолдауы - еліміздің осындай даму жоспары. Қытай, Малайзия, Түркия сияқты көптеген табысты елдер ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істейді. Біздің елдің ондай ұзақмерзімді жоспары - «Қазақстан-2050», оның мақсаты - ғаламдық бәсекеде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Ал ондай аса жауапты міндетті іс жүзіне асыруға лайықты үлес қосу - әрбір қазақстандық азаматтың парызы болуға тиіс. Сонда ғана мемлекетеміз әлем санасатын, озық мемлекеттермен терезесі тең мәңгілік ел атанып, қазақтың ұрпағы өзінің ұлттық мұратына қол жеткізетін болады. Тәуелсіздігіміз әрдайым баянды болғай!

Айтмұхамбет Қасымов,
журналист, жазушы
Источник: Altaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар