Қой жылынан не күтесіз?

(Дауыстар: 1)
Қой жылынан не күтесіз?

Тыныштықбек Әбдікәкімов, ақын:

- «Жылқы жылы ілгері» деп бабаларымыз тегін айтпаған екен. Өткен жылы әдебиеттегі асыл азаматтардың біразынан көз жазып қалдық. Серік Ғабдуллин, Қалихан Ысқақ, Қанипа Бітібаева, Таласбек Әсемқұлов, Фариза Оңғарсынова, Әшірбек Сығай, Әмірқан Балқыбек, Ибрагим Иса сынды таланттарымыздың орны ойсырап қалды. Әсіресе, Төр Алтай мен ерке Ертіске төрт бірдей жыршысынан айырылу оңай тиген жоқ. Жаңа жыл жаманат хабардан аулақ болса екен. «Өткен күнде белгі көп, келер күнде үміт көп» дейтін оптимист халықпыз. Сондықтан Қой жылынан көп үміт күтеміз. Соңғы жылдары өңірде әдеби шаралар жиі өтіп, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары көпшілікпен жамырай қауышып жатыр. Сол игі үрдіс биыл да жалғасын табар деген үміт бар.

Жаңабай Әшімов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- «Қой жылы - той жылы» деген аталы сөз бар. Расымен де 2015 жылы атаулы даталарға толы екен. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы тойланбақшы. Бұл бүкіл халықтың рухын көтеріп, жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыратын жыл болатын түрі бар. Біз соғысты көрмесек те, тылда еңбек етіп, табанымыз тілініп өскен ұрпақпыз. Сондықтан алдағы жетпіс жылдық мереке тек бір буынның ғана емес, бүкіл қазақ жұртының тойы болуы тиіс. Қой жылы қазаққа аса жайлы болады деп ойлаймын. Өйткені, төрт түліктің ішінде қазақ қойды көл-көсір пайданың көзі деп білген. Тек бірлігіміз бекем болып, ерінбей еңбек етсек болғаны. Өз басым Жаңа жылдан жаңа жетістіктер күтемін. Жаңа жылдан бастап Мемлекет басшысы ұсынған жаңа экономикалық саясат жүзеге асады. Қой жылында облыс ақсақалдары «Нұрлы жол» стратегиясын қолдап, «Мәңгілік Ел» болу мұратының мәнін көпшіліктің ойына сіңіруге атсалысатын болады.

Аман Тілеубаев, Семей қалалық Достық үйінің директоры:

- Алдағы Жаңа жылдан күтеріміз көп. Өткен жыл белестері мол жыл болды. Достық үйіндегі орыс әлеуметтік мәдени орталығының ұйымдастыруымен Семейде ХІ-ші халықаралық «Ертіс әуендері» фестивалі өтті. Өңіріміздегі неміс диаспорасының «Возрождение» қоғамдық бірлестігі 25 жылдығын атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы ұйымдастырған конкурста «Нұрлы болашақ» ұжымы үздік деп танылып, бағалы сыйлыққа ие болды. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланып отыр. Елбасының жиырма жылдық мерейтойды ел болып тойлау жөнінде тапсырмасы да бар. Сондықтан қой жылы біз үшін мерейлі жыл болмақ. Қазақстандағы тұрақтылықты көзіміздің қарашығындай сақтау арқылы ел дамуына үлес қосу - Ассамблея ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндет. Осы міндетті орындау үшін биыл еселі еңбек етіп, тер төгуге дайынбыз. Қой жылы Қазақстан халқы үшін татулыққа толы, берекелі жыл болсын!

Алмат Сақатов, актер:

- Шығыс өңірі менің балалық шағым өткен мөлдір Марқакөлімен ыстық. Алыстағы ағайынға ат ізін сала алмасақ та, «Дидар» газеті арқылы Жаңа жылмен құттықтаудың сәті түсіп отыр. Еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін еңбекқор келетін менің жерлестерім өткен жылды жемісті аяқтағанын «Дидар» газетінен оқып, біліп жүрдім. Жаңа жылда осы қарқын үдей түссе, сырттағы біз сияқты тілеулес ұландарына бұл да үлкен медеу. Жылқы жылы жеке басымда да жағымды естеліктермен есте қалмақ. Биыл бірінші рет кино саласына бет бұрып, көрермендермен «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы қауыштық. Табалдырықтан аттаған қой жылынан да халықты қуантатын жаңа жобалар күтетініміз түсінікті. Жаңа жыл барлығымызға бақыт пен береке сыйласын!

Cауалнаманы әзірлеген - Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Қазақстан

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар