Жаңа жыл қарсаңында ардагерлер құттықталды

(Дауыстар: 1)
Жаңа жыл қарсаңында ардагерлер құттықталды

Қой жылы босағадан аттағалы тұрған 31-желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов жалпыұлттық акция аясында Елбасы атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. Аймақ басшысы қарт майдангерлердің үйіне барып, оларға Елбасының сәлемін жеткізді. Мерекелік сыйлықтарды табыс етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

2015 жыл - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, сондай-ақ, ТМД елдерінде Ардагер жылы болып белгіленгенін естеріңізге сала кетейік. Еліміздегі 5115 ардагердің әрқайсысы Мемлекет басшысының атынан атаулы құттықтау және сыйлықтар жиынтығын алды. Ал біздің облысымызда 629 ардагер бар. Олардың бәрі де Елбасы құттықтауын алды.

Тоқсанға аяқ басқан Қайролла Бақтыбаев ақсақал майданнан кейінгі саналы ғұмырын металлургия саласына арнапты. Тарбағатайдың Маңырақ ауылында дүниеге келген ол 1942 жылы соғысқа аттанады. Бірінші Украина майданынан бір-ақ шыққан ол Киев, Житомир қалаларын азат етудегі қанды ұрыстардың алдыңғы шебінде болыпты. Қатты жараланып, госпитальдан шыққаннан кейін 3-ші Украина майданы құрамында Румыния, Венгрия және Австрия қалаларын азат етуге атсалысады. Қатардағы жауынгерден бастап катюша командирі болған сарбаз әртүрлі ерлігі үшін 12 мәрте марапатталыпты. 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. «Құрмет» орденінің иегері.

Ақсақал әңгіме арасында металлург болып қырық жыл қызмет атқарғанын, 1947-1950 жылдары Одесса қаласындағы металлургия зауытында, 1950-1975 жылдары Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатында еңбек еткенін айтты.

- Жастарға айтарым: ең алдымен барды бағалай біліңдер. Адам еңбекпен ғана көгереді, еңбекпен ғана жетіледі. Мен, міне, 90 жасқа келсем де, әлі күнге дейін құр босқа отырмаймын.

Елбасымыз жүргізген дұрыс саясаттың арқасында еліміз күн санап көркейіп, экономикасы алға басып келе жатыр. Біздің ең басты байлығымыз - бейбітшілік пен тыныштық. Соғыстың бетін аулақ қылсын, бейбіт өмір баянды болсын деп тілеп отырамын, - дейді Қайролла ақсақал.

ШҚО әкімі арнайы барып сәлем беріп, Елбасы құттықтауын жеткізген тағы бір ардагеріміз - Әутәліп Қалиев. Ол кісі 1925 жылы Катонқарағай ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Майданда екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әутәліп ақсақал да - Социалистік Еңбек Ері. Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының электролиз цехында еңбек еткен. Майданнан кейін еңбекке білек сыбана араласқан ол зейнет жасына дейін металлургия саласында жұмыс істеген. КСРО-ның Құрметті металлургі атағын алған Әутәліп ақсақал бірнеше рет жергілікті кеңеске депутат болып сайланған.

Ардагердің айтуынша, елімізді алға сүйрейтін теқ қана - білім. Білімді жастар көп болса, еліміздің болашағы жарқын болмақ.

- Біз көпті көрдік. Осы 90 жасыма дейін қан майданның да, қызу еңбектің де бел ортасында болдым. Болашақ - сендердікі, тәуелсіздікті бағалап, ел үшін аянбай еңбек етіңдер, - дейді Әутәліп ақсақал.

Облыс басшысы бұдан соң соғысқа қатыспаса да, сол жылдары тылда еңбек еткен Қайырбек Айжігітовтің шаңырағына бас сұқты. Қайырбек атамыз соғыс жылдары бұғанасы қатпаған бала болса да, ересектерден қалмай еңбекке ерте араласқандығын айтты. Қайырбек ақсақал - «Еңбек даңқы» ордендерінің толық кавалері, Құрметті металлург.

- Президентіміздің атынан бізді құттықтап жатыр. Мұның өзі - Елбасымыз өзі келіп, құттықтап жатқанмен тең деген сөз. Керемет қуанып отырмын. Облыс басшысы шаңырағымызға келіп жатқаны - біз үшін үлкен құрмет, бейне бір он жылға жасарып кеткендеймін, - дейді Қайырбек Айжігітов.

Облыс басшысы Даниал Ахметов ардагерлерді Жаңа жылдарымен және алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтай келе, ардагерлердің шаңырақтарына береке, дендеріне саулық тіледі.

- Ардагерлер - біздің айнамыз. Біз аға буын өкілдеріне қарап бой түзеуіміз керек. Олар - біздің мақтанышымыз. Сіздер жасаған ерлікті кейінгі буын ұмытпақ емес, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахемтов.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар