Универсиада чемпионы Анастасия Слонованы жерлестері құрметпен қарсы алды

(Дауыстар: 1)
Универсиада чемпионы Анастасия Слонованы жерлестері құрметпен қарсы алды

Екі алтын, екі күміс. Шаңғышы қыз Анастасия Слонованың биылғы Универсиадада жеңіп алған медальдары бұл. Словакия жерінде өткен XXVII қысқы Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанған жерлесімізді кеше Өскемен әуежайында бір топ жанкүйерлері гүл шоқтарымен қарсы алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алтайдың шытынап тұрған шыңылтыр аязына қарамай, таңертең адамдар қарасы әуежайға ағыла бастады. Қай кезде қарамаңыз түнеріп, көк түтінге көмкеріліп жататын қала аспаны бұл күні шайдай ашық. Көп ұзамай зор үні көк жүзін күңіренткен әуе кемесі алқына келіп аэродромға қонды. Чемпионды көруге асыққан жұртта тағат жоқ. Ұшақтан түскен жолаушылар арасынан сыртқа беттеген шынашақтай қызды жиналғандардың көбісі алғашқы сәтте дүниежүзін мойындатқан спортшы деп тіпті де ойламаған. Өйткені, олардың түсінігінде шаңғышының бәрі сұңғақ бойлы, әндемді болуы керек. Дегенмен сырт көзге нәзік көрінген Настя қыздың рухы биік, намысы қайраулы екен. Қаумалаған журналистердің сұрақтарына қымсынбай жауап беріп, байрақты бәсекеде көргентүйгенімен, алған әсерлерімен бөлісті.

- Универсиадаға алғаш рет қатысып, екі алтын, екі күміс медальді иелену мен үшін үлкен жетістік. Әрине, қатты қуандым. Жеңіс тұғырының биігіне көтерілген кездегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Бірақ алғашқы алтынды алғанда өз-өзімді ұстап, сезімге тым берілмеуге тырыстым. Өйткені, маған одан кейін бірнеше жарысқа қатысуым керек. Соған күшімді сақтадым. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер, - деп ағынан жарылған Анастасия Слонова дүниежүзінің мықтылары жиналған дүбірлі додада жүзден жүйрік шығу оңайға түспегенін жасырмады.

Оның айтуынша, Универсиаданың Словакия елінде аяқталған алғашқы бөлігінің (екіншісі Испанияда өтеді) қорытындысында жалпыкомандалық бірінші орынды иеленген Ресей құрамасының өкілдері біздің шаңғышылардың басты бәсекелестері болған.

Мұнымен Анастасияның биылғы жарыс жолы аяқталған жоқ. Екі аптадан кейін риддерлік шаңғышы ересектер арасындағы Әлем чемпионатында бақ сынауға Швецияға аттанып кетеді.

Серік Әбілхан
Суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар