Өскемен қаласының әкімі халық алдында есеп берді

(Дауыстар: 1)
Өскемен қаласының әкімі халық алдында есеп берді

Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов Шығыс Қазақстан облысы орталығы тұрғындарының алдында былтыр атқарылған шаруалар және биылға арналған міндеттер туралы қорытынды есеп берді. Есепті жиынға ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қала әкімі бұған дейін бірнеше ықшамаудандарда жергілікті тұрғындармен есепті кездесулер өткізді. Қорытынды жиын қалалық әкімдіктің конференцзалында қалалық мәслихат депутаттарының, қаладағы қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов өз баяндамасында есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығы қамтамасыз етілгендігін атады. барлық шаруа Елбасының «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауларында көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асқанын жеткізді.

Қала әкімінің айтуынша, өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіші 9,5 пайызға, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көрсеткіші 20 пайызға, бөлшек сауда тауар айналымы 17 пайызға, құрылыс жұмыстары 2 пайызға, тұрғын үйлерді қолданысқа беру 4 пайызға өскен. Қалада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде жалпы құны 286,5 млрд. теңге болатын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Былтыр «ПОСУК Титаниум» ЖШС-нің инвестициялық көлемі 8 млрд. теңге болатын титан құймаларын шығару зауыты, құны 2 млрд. теңгеден астам техникалық жабдықтарды шығару зауыты, жобалық құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын Өскемен қаласының өнеркәсіптік арматура зауыты қолданысқа берілді. Аталмыш жаңа нысандарда үш жүзден астам жұмыс орындары құрылған. Жалпы құны 27 млрд. теңгені құрайтын он жоба Индустрияландыру картасына ұсынылған.

Былтыр шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 3,5 пайызға өсіп, 4,5 мыңды құрады. Олардан жергілікті бюджетке 58 млрд. теңге салық түссе, бұл - барлық салық түсімінің 37 пайызы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жалпы құны 42,7 млрд. теңге болатын 215 жоба іске асуда. Өткен жылдың сәуір айынан «Даму Өндіріс-2» бағдарламасы жүзеге аса бастаса, оның аясында 1,8 млрд. теңгенің 22 жобасы қаржыландырылған. 160-тан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауылшаруашылық саласында ет, сүт өнімдерінің көрсеткіші өсіп, ірі қара мал, қой, ешкі, шошқа, құс шаруашылықтары нәтижелі дамуда. бұл көрсеткіштер жалпы өнімнің 20 пайызға көбеюіне ықпал етті. Сауда нысандарымен бағаға үстемені 10 пайыздан асырмау туралы 360 меморандум жасалған. Қала дүкендерінде 21 әлеуметтік бөлім ашылған. Тұрақтандыру қорындағы алты мың тонна көкөніс арнайы сауда нүктелерінде сатылуда. Алдағы мамыр айына дейін бағаны келісіне - 72 теңгеден асырмай ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасын табуда. Былтыр «Фрешмаркет» сауда орталығының ауласында 51 жәрмеңке өткен.

Тұрғын үй құрылысы бойынша есептік кезең ішінде 4 пайыздық өсіммен 102 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Өткен жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 102 пайызды құрады, құрылыс мекемелері 38 млрд. теңгенің жұмысын атқарды.

Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік бағдарлама бойынша көлемі 49,4 мың шаршы метрді құрайтын 8 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша 1446 пәтерлі, аумағы 106,2 мың шаршы метрді құрайтын 14 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Қала әкімінің баяндауынша, тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе - «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтамасыз ету және сумен толықтыру жүйелері нысандарын қайта қалпына келтіруде ұзындығы 32 шақырым сумен қамтамасыз ету жүйелері салынса, сорғылар мен сумен толықтыру құрал-жабдықтарын ауыстыру арқылы 30 мыңнан аса қалалықтың сумен қамтылуы жақсарған. 2013 жылдан басталған кәріздік тазалау қондырғыларын қайта қалпына келтіру жұмыстары қалалық кәріз жүйесі жұмысын тұрақтандыруға, Ертіс өзеніне және ауаға кері әсер етуді төмендетуге мүмкіндік бермек.

Былтыр Керамика зауытының сорғы станциясынан 3-ші ықшамауданға дейінгі, Самар тасжолы бойындағы су құбыры, Сол жағалау мен Бабкина мельница кенттеріндегі сумен қамтамасыз ету жүйелері қалпына келтірілген. Бұл шаруалар қала тұрғындарының 96 пайызын сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл шаруалар алдағы уақытта Южно-Аульская, Вокзальная, Айтықов көшелерінде, Защита, Красин, Шмелев лог кенттерінде, Ново-Троицкое, Меновное, Ахмер ауылдарында жалғасады.

2014 жылы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бюджет есебінен 3,3 млрд. теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 25 шақырым жол жөнделіп, 71 көшеге шұңқырларды жамау жүргізілген. 62 аулалық аумақ жөндеу көрген. №2 қазандықтан 19-шы тұрғын ауданды тұрақты жылумен қамтудың жобасы әзірленуде.

Білім беру саласы бойынша жалпы бюджеттік қаржыландыру ұлғайтылған. «Балапан» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда, бағдарлама шеңберінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту 100 пайызды құраған. Биылдың өзінде қосымша 1100 қосымша орын ашылған. Наурыз айында Тәуелсіздік даңғылында 420 орындық балабақша ашылмақ болса, тамыз айында мың орындық қазақ мектебі есігін ашпақ. Ыстық тамақпен оқушылар жүз пайыз қамтылса, тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған бөліктерінің балалары тегін қамтамасыз етілген. Бастауыш сынып оқушылары тегін бал және сүтпен қамтылған.

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауда біршама шаруалар атқарылған. Жұмыспен қамту органдарына 6612 адам жүгінсе, оның 4485-і жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту 0,4 пайызға артқан. Қоғамдық жұмыстарға 1375 жұмыссыз, жастар іс-тәжірибесіне 147 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 162 адам тартылып, 6170 жұмыс орны құрылды. 2015 жылдың басына жұмыссыздар саны 215 адамға кеміген. Есепті кезеңде 45 мың қала тұрғынына әлеуметтік көмек көрсетілген.

Жарыссөзге шыққандар қала әкімінің өскемендіктердің тұрмысын жақсартудағы, қаланың ықшамаудандары мен шеткері аудандарын дамытудағы жұмысын жоғары бағалады. Мәселен, Өскемендегі «Қазпромарматура» зауытының директоры Зоя Новолодская шағын және орта бизнесті дамытуда және жаңа жұмыс орындарын құруда қала билігі ауқымды шаруалар тындырғанын атады. «Пасека» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Қасымбаев тікелей қала әкімдігінің қолдауы арқасында жоғары деңгейдегі тауарлы омарта шаруашылығы өндірісін жолға қойғанын, жаңа жұмыс орындарынан бөлек, бәсекеге қабілетті зауыт құра алғанын жеткізді. Оның кәсіпорны мектептерді балмен қамтуда көш бастап тұр.

Өскемендегі оңды өзгерістерді «Ана мен бала» орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Рая Рахимова да атап өтті. Ол қаланың Сол жағалау кентіндегі орталық сумен қамту жүйесі, Үлбі кентіндегі жылумен қамту жүйесі орынды шешімін тапқанына ризашылығын білдіріп, алда енді мектеп бой көтерсе, дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында баспаналар, жатақханалар салынса деген ұсынысын білдірді. Ал жиынға қатысқан ардагерлер қауымы денсаулықтарын түзеуге қала басшылығынан қолдау болып жатқанын айтты.

Облыс әкімі Даниал Ахметов қала басшылығына нақты міндеттер жүктеді.

- Сіздердің алдағы күндерге деген сенімді көзқарастарыңыз менің көңілімнен шығып отыр. Біз қашан да алға қарай жүруіміз қажет. Қаладағы басты мәселелер негізінен шешімін тауып жатыр. Бұл істе облыс пен қаланың басшылығы халық таңдаған менеджерлер болып табылады. Сондықтан әкімдердің халық алдында есеп беруі өте құптарлық жайт, - деген облыс басшысы Даниал Ахметов әлемдік дағдарыстың салқынын еңсере отырып, алға қарай дамудың басым бағыттарына, өзекті мәселелеріне жекежеке тоқталды. Оның ішінде ауылшаруашылық саласын дамыту, сапалы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен әлеуметтік салаға баса мән беру қажеттілігін атады. Жаңа экономикалық саясатты оңды жүргізе отырып, өтпелі қиындықтарды еңсеруге болатындығын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар