Аймақтың ең үздік ұстазы анықталды

(Дауыстар: 1)
Аймақтың ең үздік ұстазы анықталды

Өскеменде ШҚО білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының мұрындық болуымен «Ең үздік жас ұстаз» атты облыстық байқау болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Бұл байқау бірінші рет өтіп отыр. Мұндағы мақсат - жас мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін шыңдап, біліктіліктерін арттыру. Заманауи технологияларды қолданып, жас ұрпақтың бойына білім нәрін сіңіріп жүрген ұстаздарға қолдау жасау, - деді байқаудың ашылу салтанатында сөз алған «Шығыс» өңірлік орталығы директорының орынбасары Гүлнар Әбітаева.

Байқауға өңіріміздің аудандары мен қалаларынан барлығы 19 үміткер қатысты. Еңбек өтілі әлі бес жылға тола қоймаған мұғалімдердің бойынан жастық жалын есіп-ақ тұр. Мұны біз байқаудың шығармашылық хоббиға арналған алғашқы кезеңінен-ақ байқадық. Жалпы, хобби дегеніміз - жаның қалайтын, сүйіп істейтін әрі қолыңнан келетін іс қой. Байқағанымыз, байқауға қатысушылардың бәрі де шетінен өнерлі екен. Күршімдік жас ұстаз Сая Салықбаева бос уақытында тігін өнерімен айналысқанды ұнатса, Курчатов қаласынан келген Шынар Садуова әуелете ән салғанды жақсы көреді. Ал өскемендік Шәкен Анар қазылар назарына тұрмыстағы қарапайым заттарды пайдалана отырып жасаған небір әсем дүниелерін ұсынды. Сондай-ақ, алты тілде ән салған зыряндық Гүлнұр Хасенова да көрерменнің көңілін ерекше баурап алды.

- Мен өзімнің оқушыларымның көп тілді меңгергенін қалаймын. Әрқашан олардың тілге деген қызығушылықтарын оятып, көп тілді білуге баулып отырамын, - деді ол.

Аягөздік жас ұстаз Нұрбол Нұрғалиев кез келген оқушы өзінің туған өлкесінің тарихын терең білуі қажет деп санайды. Туған өлке тарихына оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында ол арнайы «Туризм және өлкетану» курсының бағдарламасын да жасапты. Оның бұл бағдарламасы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетте арнайы бекітілген көрінеді.

Байқаудың екінші кезеңі де тартысты өтті. Қатысушылар мамандығы жайында мақтана әңгімелеп, «Мен болашақтың мұғалімімін» тақырыбында болашақтың мектебі және сол мектептің дамуына қосар үлесі туралы шағын бейнероликтерін ұсынды. Бейнероликтерді бағалау кезінде қазылар оның эстетикалық нормаға сай болуына, жаңа технологияларды қолдануы мен инновациялық идеясына ерекше мән берді.

Байқау нәтижесінде, көкпектілік жас ұстаз Дәурен Мергеншинов бас жүлдені қанжығасына байлады.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар