ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

(Дауыстар: 1)
ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов тұрғындармен өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар мақсат-міндеттерді айқындаған есептік кездесуін өткізді. Бұл жиынға Ішкі істер министр Қалмұханбет Қасымов, Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин, Парламент Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский, сондай-ақ, өңірдің аудандары мен қалаларынан өкілдер қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Былтыр ШҚО-да қандай жұмыстар атқарылды? Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қай деңгейде? Өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнімдердің көлемі қанша? Жоспарланған жобалардың нешеуі іске асырылып, нешеуі кезегін күтіп тұр? Жаңадан құрылған кәсіпорындарда қанша жұмыс орыны ашылды? Жұрт көкейінде жүрген осындай сауалдың жауабы облыс басшысының есептік баяндамасында айтылды.

- Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы 2013 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Мәселен, жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 2,5%-ға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 10%-ға өсті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 346 млрд. теңгені құрап отыр, - деп нақтылаған аймақ басшысы Индустрияландыру картасы бойынша іске асырылған жобаларға тоқталды.

Ресми деректерге сүйенсек, республикалық ҮИИД бағдарламасына біздің облыстан 846 млрд. теңгенің 76 жоба енгізілсе, соның 44-і (жалпы құны 220 млрд. теңге) қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Еліміздегі бүкіл инновациялық өнімінің 20 пайызы Шығыс Қазақстанда өндірілетіні де көңілге қуаныш ұялатады. Бұл тұрғыда қол жеткізілген өнім көлемі 109,4 млрд. теңгенің үстіне шықса, инновациялық өнімнің экспорттық үлесі 60%.

Сондай-ақ, облыстағы маңызды салалардың бірінен саналатын ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өсіп, 294 млрд. теңгеге жетті. Өсімдік, мал және құс шаруашылықтарында ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Айталық, өңірдегі дәнді дақылдардың егіс алқаптары 27 мың гектарға немесе 4,8%-ға, суармалы жердің аумағы 5 мың гектарға ұлғайса, 438 мың гектар жерге ылғалүнемдегіш технология енгізілген. Бұл 2013 жылдың деңгейінен 18%-ға артық.

Ет өндіруде 6,6%, сүт өндіруде 2,4%, жұмыртқа өндіруде 7,4% өсімге қол жеткіздік. Төрт түліктің басы көбейіп, тұқымын асылдандыру жұмыстарына жете мән берілуде.

Алайда, ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауыл шаруашылығындағы бұл көрсеткіштердің әлі де аздық ететінін, оларды еселей түсуге өңірдің әлеуеті артығымен жеткілікті екенін айта келе, биыл осы бағытта бірқатар нақты міндеттер іске асырылатынынан хабардар етті.

Бұған қоса аймақ басшысы шағын және орта кәсіпкерлік, «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларының орындалуы, құрылыс жұмыстарының барысы, инфляциялық үдерістерді тежеу бойынша қолға алынған шаралар, жол жөндеу жұмыстары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жүзеге асқан жобалар, оның ішінде жылумен, сумен қамту, сол секілді денсаулық сақтау, білім, мектепке дейінгі тәрбие беру, мәдениет, спорт және өзге салаларда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Есептік кездесудегі елді елең еткізер жаңалық алдағы уақытта аймақта атқарылатын іс-жоспарлар болды. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл орайда Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру экономиканың тұрақты өсімі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап көрсетті.

Бағдарламаның басты бағыттарының бірі саналған жол құрылысына. биыл 25 млрд. теңге бағыттау жоспарланған. Оның ішінде 14 млрд. теңгеге 209 шақырым республикалық маңызы бар жол, 6 млрд. теңгеге 66 шақырым облыстық маңыздағы жол, 5,5 млрд. теңгеге 85 шақырым аудандық маңызы бар жол және көшелер жөнделеді.

Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде хаб қағидаты бойынша жүргізіледі. Облыста «Астана-Өскемен» магистралі бойынша 118 шақырым жол қайта жаңартылса, биыл тағы 53 шақырым жөндеу жоспарда бар. Сонымен қоса «Астана-Өскемен» магистралі бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жобалардың арқасында 2020 жылға қарай автомобиль көлігімен тасымалдау көлемін 1,5 есе арттыруға, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Ең маңыздысы, аталған құрылыс жұмыстарында жергілікті материалдар қолданылатын болады.

- Бағдарламада айтылған тағы бір маңызды сала - энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл ретте құны 45,5 млрд. теңгеге есептелген жоғары вольтты 500 кв-ты ұзындығы 705 шақырымды құрайтын «Екібастұз-Семей-Өскемен» желісінің құрылысы басталады. Бұған қоса Тұрғұсын СЭС-ін салу және Өскемен ЖЭС-да қуаттылығы 120 МВт №12 турбогенератор орнату жұмыстары атқарылуда, - деп нақтылаған аймақ басшысы осы салада жоспарланған өзге жобаларға тоқталып, оларды жүзеге асыру кезінде сапаға баса көңіл бөліну қажеттігін қадап тұрып айтты.

Деректерге сүйенсек, Ұлттық қордан жылу және сумен қамту жүйелерін жаңартуға бағытталатын қаражаттан қаржыландыру үшін биыл облыста 9,5 млрд. теңгеге 20 жоба ұсынылып, оның 14-і мақұлданған. Соның арқасында жылумен қамту бойынша 14,8 шақырым жылу желісі салынып, қайта жаңартылады. 155 көппәтерлі үйдің жылумен қамту желісі жақсартылады.

Сондай-ақ, Семей қаласының ЖЭО-1, РК-1 жылу көздері жалпы сомасы 3 млрд.теңгеге қайта жаңартылуы жалғастырылады.

«Ақбұлақ» бағдарламасымен 2,4 млрд. теңгеге 5 жоба іске асады. Глубокое және Катонқарағай аудандарында 3 нысан қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 11 мыңнан астам адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Жиын барысында аймақ басшысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасында тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылғанын атап көрсетті. Бұл бағытта биыл жалпы ауданы 367 мың шаршы метрді, жалпы сомасы 32 млрд. теңгені құрайтын 1468, соның ішінде 39 көпқабатты тұрғын үй салынады. Жыл соңына дейін 19 көпқабатты және 1429 жеке тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2975 жұмыс орны ашылып, сегіз мыңға тарта адам тұрғын үймен қамтылады. Ұлттық қор қаражатына «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы қолжетімді тұрғын үйлер салынады.

Өскемен мен Семейде бой көтеретін 6 үйдің құрылысына «Ертіс» ӘКК жалпы сомасы 3 млрд теңге (әр қалаға 1,5 млрд теңгеден) бөліп отыр. Оның ішінде төртеуі бюджет қаражаты есебінен, екеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады.

«Нұрлы жол» бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты - әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Биыл бұл салада 21 мектепті, оның ішінде апаттық жағдайдағы 12 білім ошағының орнына жаңаларын іске қосу көзделіп отыр. Ұлттық қор қаражаты есебінен 5 мектептің, оның ішінде үш апаттық және екі бірдей үш ауысымда оқытатын білім ошақтарының құрылысы басталады.

Орындар тапшылығын азайту үшін биыл 39 мектепке дейінгі тәрбиемен қамту нысаны іске қосылады. Оның ішінде бесеуі бюджет қаражаты есебінен, 11-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында және 23 жекеменшік балабақша ашылады. Сөйтіп, 2020 жылға дейін облыстағы орын тапшылығын толығымен жоямыз.

Мемлекет басшысы баса көңіл бөліп отырған ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында бес бағытты қамтитын облыстық жоспар әзірленуде. Соған сәйкес мынадай міндеттер қойылып отыр: таурлы-сүт фермаларын қайта жаңғырту және жаңадан салу; тұрғындардан сүт сатып алуды ұйымдастыру; сүт өнеркәсібі қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық жүктеу; суармалы жерлердің аумағын кеңейту және мал азығы дақылдары өсірілетін алқаптарды ұлғайту есебінен мал азығы базасын нығайту; мал шаруашылығында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

- Бүгінгі таңда облыс сүт өндіруден республикада бірінші орында тұр (776 мың тонна), бірақ қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімі 35%-ды ғана құрайды, тұрғындардың қайта өңдеуін есепке алғанда сүттің небәрі 24%-ы қайта өңделеді. Аталған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде қайта өңдеу өнеркәсібінің жүктелімін 54%-ға жеткізетін боламыз, - деп атап көрсеткен облыс әкімі Даниал Ахметов 2015-2016 жылдары өңірімізде 28 таурлы-сүт фермасы қайта жаңартылып, жаңадан тоғыз нысан салынатынын айтты.

Осы бағытта Көкпекті, Жарма, Бородулиха аудандарында сүт қабылдау пункттерін ашу және сүт сатып алуды ұйымдастыру қанатқақты жобасы іске асырыла бастады. Биыл бұл жоба Шемонайха, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үржар аудандарында жалғасын табады. Осының нәтижесінде сүт өндіруді 100 мың тоннаға жеткізу, 61 мың жекеменшік қосалқы шаруашылықтар іске тарту жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыс басшысы мал тұқымын асылдандыру, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, жемшөп базасын нығайту мәселелерін де қаузады. Ауыл шаруашылығында жоғары өнімділікке қол жеткізу тек асыл тұқымды түліктердің арқасында мүмкін екенін еске салды.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жалғасатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінеді. Мемлекетік қолдау көрсету шараларымен 17 мың адам қамтылады. Тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік объектілерді жөндеуге 1,2 млрд. теңге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарға 4,4 млрд. теңге, бағдарламаға қатысушыларды дайындауға және біліктілігін жоғарылатуға 462 млн теңге, уақытша жұмыс орындарын құруға 221 млн. теңге қаражат көзделген.

Сол сияқты бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін өткізу, тұрақтандыру қоры тауарларын сату, сауданы делдалсыз ұйымдастыру жұмыстары жалғасын табады.

Баяндама соңында аймақ басшысы биыл аталып өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының және Конституцияның 20 жылдық, Ұлы Жеңістің 70 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық, Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойларына арналған кешенді іс-шаралар туралы айтып берді. Бұдан соң кездесудің маңызды бөлігі - сұрақ-жауапқа кезек берілді.

Кездесу соңында жиынға қатысушылар бірауыздан облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы істерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде аймақ басшысы жиында қойылмай қалған (уақытқа байланысты) сұрақтарды жазбаша түрде жолдауға болатынын және оларға нақты жауап берілетінін ескертті.

- Қазіргідей дағдарыс заманында ел ішіндегі ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтай білуіміз керек. Сонда ғана көлденең қиыншылықтарды еңсеріп, экономикамыз дамиды. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында тұрғындар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттер орындалуда. Алайда, еліміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына әрбір адам өзінің үлесін қосуы тиіс, - деп түйіндеді өзінің есептік кездесуін облыс әкімі Даниал Ахметов.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Саясат | Кілт сөдер: шқо әкімі

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар