Қанипа Бітібаева атындағы оқу-әдістемелік дәрісхана ашылды

(Дауыстар: 1)
Қанипа Бітібаева атындағы оқу-әдістемелік дәрісхана ашылды

Аты аңызға айналған ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның туғанына 70 жыл толу қарсаңында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде шәкірттерінің қолдауымен ұстаз атындағы оқу-әдістемелік дәрісхана ашылды. Мерейтойлық шаралардың шеңберінде сонымен қатар «Ұстазға тағзым» атты естеліктер кітабының тұсауы кесіліп, «Ұстаз-тағдыр, ұстаз-ғұмыр» атты еске алу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Көзі тірісінде қазақтың хан апасы атанған Қанипа Омарғалиқызының ұстаздық әлемінде алатын орны ерекше. Ол кісіден тәлім-тәрбие алған жандардың көбі біздің университетіміздің филология факультетінде білімдерін шыңдауда. Болашақ филолог мамандар дана апаларының еңбектерінен сусындап, салған сара жолымен таныссын деген оймен дәрісхананы тіл мамандарын даярлайтын дәл осы №9 ғимаратта арнайы аштық, - деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Бауыржан Ердембеков салтанатты рәсімде. Аталмыш дәрісхана Қанипа апайдың ШҚМУ-да дәріс беретін Айжан Қартаева, Шынар Құрманбаева, Меруерт Мұқышева сынды ғалым шәкірттерінің күшімен ашылғанын айта кеткен орынды. Артында осындай ізбасарлары бар ұстаздың ісі ешқашан ұмытылмасы хақ.

Облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанова аяулы ұстаздың «Егіз өрім» атты поэтикалық эссесін, Бітібаевтар әулетінн арналған Даңқ кітабын жарыққа шығарғандарын айтты. Жаңашыл ұстаздың әдістемелік-нұсқаулық оқулықтары республика көлеміне таратылмақ. Ұстаз қызмет еткен Жамбыл атындағы мектеп-интернат-гимназиясының директоры Мәуітқан Иқсанов мектеп ұжымының бастамасымен жуықта ғана дзюдо күресінен Қанипа Бітібаева атындағы алғашқы облыстық турнир өткенінен хабардар етті. Оған облыстың жеті ауданынан он екі мектептің өкілдері қатысыпты. Қанипа Омарғалиқызын рухани анам деп санайтын шәкірттерінің бірі Талғат Мәзбаев алдағы уақытта осындай республикалық турнир ұйымдастырып, оны дәстүрлі түрде өткізу ойында бар екенін жеткізді.

Университеттің акт залында өткен «Ұстаз-тағдыр, ұстаз-ғұмыр» атты еске алу кеші хан апамыздың сүйікті Абай әндерімен өріліп, ол кісінің шәкірттерінің орындауындағы сахналық көріністермен жалғасты. Кеш барысында облыс әкімінің кеңесшісі Түсіпхан Түсіпбеков, ардагер ұстаз Шолпан Жиенбаева ұлағатты ұстаздың шәкірттерінің демеушілігімен жарық көрген «Ұстазға тағзым» атты естелік кітабының тұсауын кесті. Туыстары, әріптестері мен замандастары қазақтың маңдайына біткен дара ұстаз, Абай мен Мұхтар еңбектерін оқытудың шебері жайында сартап сағыныштарын айтып, жас ұрпаққа өнеге болар қасиеттерінен сыр шертті. Ұлы ұстаздың есімін ұлықтау мақсатында өзі туып-өскен Тарбағатай ауданындағы Жетіарал ауылындағы орта мектепке, Жамбыл атындағы мектеп-интернат-гимназиясы орналасқан, мағынасы белгісіз Амур көшесіне есімін беру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сәуір айының соңында өзі қызмет еткен білім ошағында Қанипа Бітібаеваның мұражайы ашылатыны туралы құлаққағыс етілді.

Қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналып «Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тағылымы және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты оқу-әдістемелік семинар да ұйымдастырылды.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Білім | Кілт сөдер: Қанипа Бітібаева

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар