Сәуле Рахмедова: - Мені елге танытқан - «Екі жұлдыз»

(Дауыстар: 1)
Сәуле Рахмедова: - Мені елге танытқан - «Екі жұлдыз»

Жуықта Өскемен қаласындағы Металлургтердің мәдениет сарайында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры бір апта бойы тамаша өнер көрсеткен еді. Осые театрдың примасы, көп жылдар бойы Америка Құрама Штаттарында атақты New Jersey Ballet сахнасында жетекші партияларды билеген атақты биші Сәуле Рахмедовамен дайындық арасында жолығып, сұхбат алудың реті келген болатын.

Әкемнің қазасы менің шығармашылығымда өз таңбасын қалдырды

- Сіз «бала кезімнен Жизельдің партиясын орындағым келді» депсіз бір сұхбатыңызда. Сіздің балетпен таныстығыңыз қашан басталды сонда?


- Мен бала кезімнен ән айтып, би билеппін. Әкем қонақтар жиналғанда «ал енді менің қызымның өнерін тамашалаймыз» деп мені ортаға шақыратын. Биге деген құштарлығым бала кезде оянды. Үйде жалғыз қалғанда музыканы қосып қойып, билейтінмін. Тоғыз жасымнан балет туралы естіп, сахнада билеуді армандадым. Ал он жасымда Алматы қаласындағы Селезнев атындағы хореографиялық училищеге қабылдандым. Ол кезде біздің отбасымыз Теміртау қаласынан сол кездегі астанаға қоныс аударған болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған балғындарды комиссия мүшелері үш күн бойы іріктегені есімде қалыпты.

- Сіз орындаған партиялардың ішінде жаныңызға ең жақыны қай образ?

- Маған көбінде драмалық-лирикалық рөлдер тартымды. Өйткені, он үш жасымда әкем көлік апатынан қайтыс болды. Сол сәтте мен үшін аспан айналып, жерге түскендей, бар өмірдің мәні таусылғандай көрінді. Асқар таудай әкемнің қазасы менің шығармашылығымда өз таңбасын қалдырғаны сөзсіз. Мен көбінде драмалық образдарды ойнауға тырыстым. «Жизельдің» музыкасы сол кездегі менің көңіл толқындарымды дөп басты. Әрине, одан кейін «Аққу көлі», «Ұйқыдағы сұлу», «Кармен» партияларын биледім. Кармен - өте күрделі, жалынды образ. Анна Каренинаның бейнесі де ең сүйікті рөлдерімнің бірі. Ал ішкі жан дүниесі жағынан маған үндесі бәрібір де Жизель сияқты.

- Сіз Қазақстанға оралғалы жеті жыл өтіпті. Осы уақытта сіздің өміріңізде қандай жақсылықтар орын алды?

- Бәрі де тамаша! Келе салысымен мені «Қазақстан» телеарнасында жүргізілген «Екі жұлдыз» ән жобасына қатысуға шақырды. Қазақстандықтардың сүйікті әншісі Мейрамбек Беспаев екеуміздің жұбымыз 2008 жылы конкурстың Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл әрине, көрермендердің Мейрамбекке деген махаббатының жемісі екенін мен жақсы түсінемін. Бірақ осы жоба елге қайта оралған мен үшін жақсы жарнама болғаны даусыз. Он бес жылда мені ұмыта бастағандар қайта естеріне ала бастады. Одан кейінгі әртүрлі тележобаларда төрелік жасауым да менің отандастарыммен таныстығымды жалғастыра түсті.

- Сәуле, сіз «Қазақстанның аруы» тәжін тұңғыш киген сұлусыз. Еліміздің ең әдемі де сымбатты бойжеткендері бақ сынасқан конкурсты тамашалауға 1989 жылы бүкіл алматылықтар Спорт сарайына жиналғаны есімде. Еліміздің тұңғыш аруының тәжі сізге салмақ түсіріп жіберген жоқ па? Жиырма жасыңызда жарқ етіп, ең көркем бойжеткен атану оңай болмаған шығар?

- Жарысқа қатысушылардың барлығы да бас жүлдеге ие боларлықтай сүйкімді болғандары рас. Менің жұлдызды ауруға шалдықпауыма бірден шетелге кетіп қалғаным себеп болды. Елде қалсам, мүмкін бұл атақтың буына аздап болсын мастанар ма едім, кім білсін?!

- Сізге танымал болу ұнай ма? Алматының көшелерінде табынушыларыңыз жолыңызды бөгеп, мезі қылмай ма?

- Қарапайым халық мені сол әртүрлі тележобалардан кейін ғана тани бастады. Танымал болғанды ұнатпаймын дегендерге сенбеңіз. Әр нәрсенің орны, шегі болады. Дүкенде, банкте танып, кезектен тыс өткізіп жіберетіндер кездеседі, ондайда тек рақмет айтамын.

- Сіздің ойыңызша, шетелде жұмыс істеу мен біздің сахнада өнер көрсетудің айырмашылықтары бар ма, болса, қандай?

- Әрине, айырмашылық өте көп. Мысалы, Америкада классикалық шығармаларды заманауи бағытқа салып, сахналау үрдісі басым. Осы бастама бүгінгі таңда бізге де жетіп отыр. Жуықта Кармен операсын заманауи элементтермен шығармақпыз, кейіпкерлер бүгінгі киім үлгілерін киіп шығады. Өз басым классикалық шығармаларды дәстүрлі түрде сахналауды қалаймын. Алайда, бұл үрдіс жоғары өнерді тамашалауға жастарымызды тарту үшін ойластырылған сияқты.

Өмірдегі ең қымбатты адамымды енді кездестірдім

- Елге қайтып келгеніңізге өкінбейсіз бе? Сізді, мысалы, кезінде Нью-Джерси, Лондон немесе Токио сахналарында үлкен қошеметпен қабылдады. Сол жақта қалып, шығармашылығыңызды жалғастыруға болар еді ғой?


- Жоқ, керісінше, мен тағдырымның дәл осылай қалыптасқаны үшін Аллаға мың да бір алғысымды жаудырудан жалықпаймын. Менің өмірімнің әрбір кезеңі рет-ретімен, қалай өтуге тиіс болса, солай өтті. Алдымен осы жерде білім алдым, одан кейін жұмыс істеуге шетелге кеттім. Ол жақта өнерімді жоғары балет мектептерінде ұштап, жетілдіріп, алған тәжірибеммен отаныма оралдым. Бұл жерде де бір деңгейде қалып қоймай, табынушыларға өзімді басқа қырларымнан көрсетуге тырыстым. Оқиғалардың дәл осылайша өрбуі мамандығымды жан-жақты түсінуіме де ықпал етті. Оның үстіне, бәрі басқаша қалыптасса, өмірдегі ең қымбатты адамымды кездестірмес едім...

- О-о, осы жерден бастап толығырақ айтсаңыз! Сіздің өміріңізде бір өзгеріс бар сияқты?

- Иә, менің жеке өмірімде жақсы жаңалық бар. Ендігі менің басты мақсатым - жақсы жар болып, ана бақытын сезіну.

- Қазақстанның тұңғыш аруының жүрегін жаулаған бақытты жан кім болды?

- Ол - алматылық азамат, өнерге еш қатысы жоқ, бизнеспен айналысады. Бірақ менің жандүниемді жақсы түсінеді, өнерімді бағалайды. Біз ортақ жолдастарымыздың үйінде танысқан едік. Одан кейін жарты жылдай уақыт өткенде кездейсоқ кездесіп қалдық та, таныстығымыз одан әрі жалғасты. Бір жарым жылдан кейін көңілін білдіріп, менің ойымды сұрады.

- Сіз ұсыныс жасайтынын сезіп жүрдіңіз бе?

- Ерте ме, кеш пе, сондай әңгіменің боларын сезіп жүрсе де, қыз-келіншектерге мұндай ұсыныс қашан да кездейсоқ болып әсер етері сөзсіз.

- Сіз бірден келістіңіз бе, әлде театр тілімен айтқанда, «үзіліс» алдыңыз ба?

- «Ойланамын» дедім...

- Балет бишілерінің шығармашылық ғұмыры қысқа екенін білеміз. Сахнадан кетсеңіз, қандай іспен шұғылданбақ ойыңыз бар?

- Осы уақытқа дейін көптеген телехабарларға жүргізуші ретінде қатысып, өзімді сынап көрдім. Маған, әсіресе Қазақстандағы «Жди меня» бағдарламасындағы жұмысым қатты әсер етті. Оның Ресейдегі жүргізушісі Мария Шукшинадан көп нәрсе үйрендім. Бағдарламаның салмағы өте ауыр. Ондағы адамдардың тағдыры толғандырмай қоймайды. Мен бұл өмірде бір-бірінен көз жазып қалған соншама көп жандармен бірінші рет бетпе-бет кездестім. Биші мамандығының ерекшелігі - біз ойымызды дене қимылымен жеткіземіз. Ал бұл бағдарламада кейіпкерлермен сөйлесу, олармен қарым-қатынас жасау қажет болды. Психологиялық-эмоциялық тұрғыдан алғанда көп күш-жігерді қажет етті. Бірнеше телехикаяларға түстім. Жуықта тағы бір телехикая - «Сұр бойдақта» басты рөлді сомдадым. Әртүрлі жобаларға қатысуға шақыру алып тұрамын, олардың барлығы да мен үшін бір кездері маңызды, қызықты болған. Ал қазір мен үшін ең бастысы - отбасы. Жақсы жар болып, нәресте сүйгім келеді. Әр нәрсенің өз уақыты болады екен.

- Шығыс Қазақстанға бұрын келіп пе едіңіз? Өскемен қаласынан қандай әсер алдыңыз?

- Алғаш рет келіп тұрмын. Қаланы аралауға қолымыз да тимеді. Көшеге қыздармен шыққанымызда, мені танып, «суретке түсейікші» деп өтінгендер болды. Осы күндері күн көзінің аздығынан ба, Өскемен шаһары маған өткен ғасырдың «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» алпысыншы жылдарын еске салды. Тіпті Металлургтер мәдениет сарайының төбесіне бейнеленген шалғы мен балғаның суретін көргенде, бойымды бір сағыныш па, қимастық па, әйтеуір өткенді аңсаған бір сезім баурағанын жасырмаймын. Өткен тарихымыздың бір кезеңін парақтағандай әсер алдық.

Ана тілімді жетік меңгеру үшін уақыт табуым керек

- Сәуле, сіз қандай келінсіз? Енеңізбен ортақ тіл табыса алдыңыз ба?


- Жұбайымның анасы қайтыс болыпты, ал әкесімен, тәтелерімен, басқа да туыстарымен қарым-қатынасым жақсы. Жалпы, менің мінезім жайлы. Бірақ өнерде жетістіктерге жету үшін кезінде қайратты мінез бен еңбексүйгіштік таныту керек болды. Анам менің қолымда болғандықтан, осы уақытқа дейін жұмыстан қолым тимегендіктен, үй шаруасына көбінде сол кісі көмектесетін. Анам тамаша аспаз. Өзіме келсем, шетелде жалғыз тұрған кезімде ас-суымды өзім әзірлегенмін. Менің дайындаған сорпаларымды, әртүрлі тұздығы бар спагеттиді үйдегілер сүйсініп жейді. Үйдің ішін де ешқандай дизайнер маманның көмегінсіз-ақ өзім әдемілеп, сәндей аламын. Алғашқы пәтерімді толығымен өзім жабдықтадым. Қатып қалған бір бағытта жұмыс істеу мені жалықтырып жіберетіндіктен, баспанамды сәндеген кезде әртүрлі бағыттағы стильдерді қолданғанды ұнатамын.

- Қанша тіл білесіз?

- Орыс, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгергенмін. Қазақша түсінемін, ауыз екі тілде сөйлеймін. Алайда ана тілімді жетік меңгеру үшін уақыт табуым керек.

- Әңгімеңізге рақмет! Сізге отбасылық бақыт тілеймін!

Керек дерек: Сәуле Рахмедова Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі (ҚазССР халық әртісі, профессор Сара Күшербаеваның сыныбы) 1987-1989 жылдары Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші партияларын орындаған биші. «Алматы аруы-1988», тұңғыш «Қазақстан аруы -1989» атанған сұлу. 1989-1995 жылдары РФ Еңбегі сіңген әртісі Сергей Радченконың жетекшілігімен Мәскеу ұлттық театрының сахнасында биледі. Ұлыбританияға, Жапонияға, Еуропа елдері мен Америка Құрама Штаттарына гастрольдік сапарлармен шыққан. Бір жылдай Германияда тұрып, Гете атындағы тіл институтында неміс тілін үйренеді. 1999 жылы Америка Құрама Штаттарына кетіп, 2008 жылға дейін Нью Джерси қаласындағы "New Jersey Ballet" балет ұжымында жетекші биші болған.

Әңгімелескен - Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар