Қанипа Бітібаеваның оқу-әдістемелік мұражайы ашылды

(Дауыстар: 1)
Қанипа Бітібаеваның оқу-әдістемелік мұражайы ашылды

Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында дәуірдің дара ұстазы, «Қазақтың Қанипасы» атанған ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның облыстық оқу-әдістемелік мұражайы салтанатты түрде ашылды. Мұражайдың ашылу рәсіміне ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Біртуар ұстаздың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс басшылығының, облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асқан игілікті шараға алыс-жақыннан келген қонақтар, Хан апаның әріптестері, туыстары мен шәкірттері жиналды.

- Былтыр күзде аяқ астынан апамыздан айырылып, орны толмас өкінішке тап болдық. Қанипа Бітібаеваның кім екенін бүкіл қазақ елі жақсы біледі. Ең бастысы - Қанипа апайда жүрек болды, барлық алпыс екі тамыры ұлтым деп, қазағым деп соқты. Мәскеуде тұрып «менің ең нашар оқушыларым Пушкинді жатқа білгенде, Мәскеудің ең үздік оқушылары Абайдың кім екенін білмейді» деп қасқайып айту үшін де адамға жүрек, қайрат, өжеттілік керек. Осы қасиеттердің жиынтығы Қанипа апайымыздың бойынан табылды. Бүгін, міне, мұражайын ашып отырсыздар. Бала оқытуда сіңірген маңдай тері, барлық істеген шаруасы осы жерде жинақталады. Апамыздың өмірі осында оқып жатқан жас жеткіншектерге өнеге, оқушылар ол кісінің тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіріп өседі. Ал ондай тәрбие алған жас ұландардан ертең еліміздің бетке ұстар азаматтары шығады деп сенемін. Тарих деген мақтану үшін керек нәрсе емес. Тарих деген тәлім-тәрбие алу үшін қажет. Қанипа апайдың тарихы балаларға өнеге, тәрбие береді. Осы мұражай өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс білім, жақсы тәрбие беруге қызмет етеді деп сенемін, - деп атап өтті Жақсылық Омар.

Ұстаздың ең алғашқы шәкірттерінің бірі Түсіпхан Түсіпбеков жиналғандарға ол кісінің өзі үшін ешқашан ешнәрсе сұрамағанын, тек балалардың болашағы үшін жаны ауырғанын айтты.

- Ұлағатты ұстаздың бейнесі әркімнің санасында мәңгілік сақталмақ. Осындай мұражай ашуға үлестеріңізді қосқандарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс білдіремін, - деді Түсіпхан Түсіпбеков.

Жазушы -публицист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сүлеймен Мәмет «Қанипа - қазақтың маңдайына біткен бағы» деп бір тоқтады.

- Біз қызыл тудың астында дүркіреп жүргенде, ол Абайдың тілі, Мұхтардың тілі деп сонау Мәскеуді дүрілдеткен ұстаз. Ұлы тұлғаны дәріптеуге келгенде кенже қалып жатамыз. Кешелі-бері сіздердің осы Қанипаға қатысты атқарып жатқан істеріңіз жайында естіп, Өскемен атауын Өскен ел деп ауыстырса да болады деп сүйсіндім. Қазақтың Қанипасын әспеттеп, жақсысын бағалауларыңыз бүкіл қазаққа жұғысты болсын. Осындай игілікті істердің жүзеге асуы қасиетті Алтайдың азаматтарының арқасы. Бүгінгі ұрпақтың жасағанын ертеңгі ұрпақ жалғастырады, - деген ағамыз кезінде есімін Қанипа апамыз қойған Ханзере немересінің атынан мұражайға картина тапсырды.

Кең де жарық мұражай бөлмесінің төрінен Қазақтың Қанипасының портреті орын теуіпті. Елбасының қолынан алған «Құрмет» ордені мен отыз бес жылғы ұстаздық еткен жылдары жеткен жетістіктерінің куәсі болған барлық құжаттар осы жерде сақтаулы. Хан апамыздың жұмыс үстелінде жатқан дәптердің ашық парақтары мен қаламы, көзілдірігі ұстаздар падишасы жаңа ғана бір жаққа шығып кеткендей, міне-міне, кіріп келетіндей әсер етеді.

Қанипа апай тек кәсіби ұстаз ғана емес, өз-өзіне асқан күтіммен қараған, сәнді де талғампаз жан еді. Соның куәсіндей мұражайдың көрнекті жерінен ол кісінің ұлттық шапанына, «Құрмет» орденін алғандағы киіміне, жоғары оқу орындарының профессоры атанғанда киген ғылыми магистрдің мантиясына орын беріліпті.

- Қанипа Бітібаеваға еліміздің түкпір-түкпірінен жылына 500-ден астам мұғалім келіп, ол кісінің тәжірибесімен танысатын, ақыл-кеңес сұрайтын. Қырықтан астам кітабы, 100-ден артық ғылыми мақаласы, сегіз мыңнан астам дидактикалық материалдары осында сақтаулы. Әр сабағына жазылған әдістемелерінің түпнұсқалары да осында. Айшықты тұлғаның осы еңбектері оқушыға ой салу технологиясын дамытуға көмектеседі. Мына жерге ардақты ұстазымыз өз қолымен жинаған қазақ және әлем әдебиеттерінің кітаптарын қойдық, мұражайға келушілер рухани байлық алады деп сенеміз, - деді келушілерді мұражаймен таныстырған мектеп-гимназия-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Құсайынова.

Білім ошағында сонымен қатар Бітібаеваның атаулы оқу-әдістемелік зертханасы жұмыс істейді. Біртуар ұстаздың 70 жылдық мерейтойына арналған айлық шеңберінде зертхана филиалдарының шеруі өткен екен. Оқушылар арасында «Өзіңе қарап, сөзіңе қарап ойлаймын» атты тақырыпта эссе жазу конкурсы ұйымдастырылыпты. Ал мұғалімдер арасында ойланту-ой салу технологиясы бойынша «Менің үздік сабағым» атты байқау өткен.

Жүрегі қазағым, Абай мен Мұхтардың тілі деп соққан ұлы ұстаз әлі талай ұрпаққа рухани азық боларлықтай мұра қалдырып кетті. Тек сол дүниелерді көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізе білсек болғаны.
Шара соңында дарабоз ұстаздың 70 жылдығына арнап Бітібаевтар әулеті ас берді.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Білім | Кілт сөдер: Қанипа Бітібаева

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар