Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

(Дауыстар: 1)
Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

Берлин қаласы көшелерінің анықтамалығын ашып қараған адам алдымен Абай-штрассені, яғни, Абай атындағы көшені кездестіреді. Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» әнінің сөзі мәрмәр тасқа қашалып, немістің ұлы ақыны Гетенің мұражайында ілінген. Берлин мұражайында Абайдың осы әсем әуені ауық-ауық орындалып, оны жылына 60 мыңдай адам тыңдайды екен. Ал Италияның Триест қаласында 2010 жылы Югославия халық-азаттық армиясының «Орыс батальонының» құрамында қаза болған 104 кеңестік жауынгерге (оның 36-сы қазақ) обелиск ашылды. Осы боздақтардың арасында соғыста хабарсыз кеткен шығызқазақстандық Шаяхмет Боранбаевтың есімі жүр. Осылардың барлығы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында тоқсанға толып отырған жазушы, майдангер қаламгер, соғыс ардагері Қалмұқан Исабайдың көп жылғы еңбегінің жемісі, дипломатиялық шеберлігінің жарқын көрінісі.

Қалмұқан аға қалың оқырманға «Сұңқар самғауы», «Айқыз» , «Шоң би» романдары, «Соңғы ерлік» повесі, «Алғы шепте» әңгімелер жинағы, «Мұндайлар болған» жинағы және басқа да шығармаларымен жақсы таныс. Ұзын саны қырықтан астам кітаптың авторы. Жазушының кейіпкерлері заманның ығына қарай автордың қиялынан туған образдар емес, нақты тарихи тұлғалар, сонысымен де ол дүниелер өте құнды. 1967 жылы жарық көрген «Айқыз» романын жазу үшін Аягөз өңірін аралап, қазақтың ержүрек әйелі, ақтар азаптап өлтірген Айқыз Көшімбаеваға қатысты деректерді там-тұмдап жинайды. Қалмұқан аға 1917 жылдан Қазан төңкерісіне дейін қазақтан кім Меккеге барғанын зерттеп, бәрінің тізімін тауып, олардың қай облыс, қай ауданнан екеніне дейін белгілеп, кітап жазды. Талай қазақтың ата- бабасының аты аталған бұл кітап шыққаннан кейін біреу әкесін, біреу атасын іздей бастайды.

Ұландық боздақ Италияда жерленген екен

Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жерлесіміз, ұландық Шаяхмет Боранбаевтың туыстары да жауынгер жайлы деректі Қалекеңнің «Батальон командирі» әңгімесінен тауыпты.

« - Шаяхмет ағадан ең соңғы хат Югославиядан келіп еді, - деп отыратын папам. Содан бір күні өзімнің қолыма түскен Ұлы Отан соғысы туралы жазылған «Өшпес даңқ» деген жинақтағы жазушы Қалмұқан Исабайдың «Батальон командирі» деген әңгімесінен Боранбаев Шаяхмет деген фамилияны кездестіріп, әкеме көрсеттім, - дейді қазір Өскеменнің түбіндегі Ахмер ауылында мұғалім болып істейтін Гүлнар Шайырғазықызы.

Содан бастап Шайырғазыдан маза кетіп, Алматыдағы жазушы Қалмұқан Исабайға телефон шалады. Ол кісі арқылы Түркменияның Мары қаласында тұратын Бейсен Раисовпен хабарласады. Бейсен Раисов соғыс кезінде Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы, 18-бригадасының құрамындағы 2-екпінді батальонның («орыс батальоны») командирі болып, Шаяхмет Боранбаев сол батальонда соғысқан екен. Ақыры, 1985 жылы Шәкең Мары қаласына арнайы барып, Бейсен Раисовпен жолығады, әңгімелесіп, ағасы жайлы біраз жайға қанығады. «Орыс батальоны» негізінен фашистік концлагерьден қашып шығып, Югославия партизандарының құрамына кірген кеңестік жауынгерлерден жасақталған екен.

Шаяхмет фашистік лагерьден үшінші рет қашқанда ғана құтылып, партизандар қатарына қосылады. Осы сияқты боздақтардың қаншалықты азапты басынан кешкендігін ойша ғана елестетуге болады. Ерлікпен шайқасқан ұландық Шаяхмет Боранбаев сонау батыс қияндағы Югославияның Задлог селосы үшін болған қанды ұрыста 1945 жылғы 31-наурызда жау қолынан қаза табады. Соғыс кезіндегі Югославия халық-азаттық армиясы және партизан отрядтарының бас қолбасшысы, маршал Ио-сип Броз Титоның жарлығымен өзге де бірқатар жауынгерлермен бірге Шаяхмет Боранбаев Югославия мемлекетінің «Ерлігі үшін» орденімен марапатталған екен. «Соғыста қайтыс болғандардың наградаларының барлығы Триест қаласындағы мұражайда сақтаулы» деген екен Бейсен аға сол кездесуде, - деп жазады нағашысы жайында журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов.

Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

«Айым, әлгі солдаттардың мәселесі не болды?»

- Әкем жат жерде шейіт болған қандастарымыздың зиратын іздеуде көптеген мұрағаттарды ақтарып, жерлестеріміз мерт болған өзен мен көпірді тапты. Одан кейінгі арманы біздің жауынгерлердің қаны төгілген сол араға ескерткіш орнату болды, - дейді жазушының қызы, бүгінде Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде қызмет істейтін Айқыз Исабай.

Ол кісі бұл мәселені Қазақстанның Италияда елшілігі ашылған күннен бастап көтерген-ді. Майдангер 2005 жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовке хат жазады. Қазақстанның Италиядағы елшілігіне жауынгерлердің аты-жөнін анықтау жөнінде тапсырма беріледі. Кейін Римде елшілікте жұмыс істеген кезде бұл шаруаның қаншалықты қиын екеніне Айқыздың да көзі жетеді. Югославия мемлекеті жоқ, мұрағаттар сақталмаған.

- Мен Алматыға телефон шалған сайын әкемнің қоятын алғашқы сұрағы «Айым, әлгі солдаттардың мәселесі не болды?». Бірде мен абайсызда «Әке, қазір қауырыт жұмыстар көп, қол тимей жатыр» деп қалмасым бар ма?! Сонда әкем маған «қызым, сендер өзі андағы жерде не бітіріп отырсыңдар?» деп кейігені. Сол мезетте мен жат жерде жоқтаусыз қалған боздақтардың әкем үшін маңыздылығын, олар үшін жүрегінің қаншалықты ауыратынын жақсы түсіндім, - дейді майдангердің қызы.

Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

Бұл, әрине, әр ісін асқан жауапкершілікпен атқарған соғыс ардагерінің талапшылдығы еді. Айқыз Қалмұқанқызы осы бастаманы аяғына дейін тындыруда Қазақстан Республикасының Италиядағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Алмаз Хамзаевтың, елшіліктің жас қызметкерлерінің ерен еңбегін ерекше айтады. Триест қаласының екі бизнесмені портты қала Ақтаумен байланыс орнату мақсатында біздің елшілікке келеді. Сөз арасында қандай көмек қажет екенін сұрайды. Сол сәтте жас консул Әлібек Шайдаров Триест қаласының маңындағы Випава өзеніндегі көпірді қорғау кезінде көз жұмған кеңес жауынгерлері жайлы деректерді іздестіріп жүргендерін айтып, Қалмұқан Исабайдың сұрау салып жүрген он кеңес жауынгерінің тізімін көрсетеді. Аяғы италиялық кәсіпкерлердің көмегімен құжаттар табылып, он емес, 104 жауынгердің аты-жөні анықталады! Осылайша сәтті басталған істі кейін консул Бауыржан Асқаров аяқтайды.

Ал 2010 жылы 25-сәуірде Италияның Триест қаласында сол қаланы азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы құрамындағы «орыс батальонында» қаза тапқан 104 кеңестік жауынгерді (оның 36-сы - қазақ) еске түсіру мақсатында ескерткіш ашылды. Мәрмәр тақтада «Ескерткіш Қазақстан Республикасы Үкіметінің, ҚР-ның Италиядағы елшілігінің, Триест қаласының мэриясы және тұрғындарының қолдауымен, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Қалмұқан Исабаевтың бастамасымен орнатылды. 2010 ж, 9 мамыр.» деп қазақ, орыс, италия тілдерінде қашалып жазылған.

Офицер Қалмұқан Исабай соғыстан кейін он жыл бойы Германияның Ильменау қаласында комендант болып қызмет істеген еді. 50-ші жылдардағы ашаршылық кезінде кеңестік комендатураның асханасының қасынан бір үзім нан сұраған неміс балалары қаптап жүреді. Майдангер ағамыз оларға мүмкіндігінше қалған тамақтардан беріп жүреді. Ол кісінің өзінің айтуынша, бір кездегі жеткіншектер азамат болып ер жетіп, Германиядағы билікке қолдары жеткенде, жазушы ағамыздың өтініштерін аяқасты етпей, орындауға көмектескен көрінеді. Осылайша Абайдың есімін неміс халқына жеткізіп, бір көшесіне атын бергізеді, ол үшін алдымен Қазақстанда Семей, Қарағанды қалаларында көшелерді Гете атымен атауға көп күш салады. Дипломатияның нағыз шебері осындай-ақ болатын шығар!

Өтелген парыз

Мен Қалмұқан ағаның ортаншы қызы Айқызбен Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған едім, жақсы дос болып кеттік. Айқыз көп жылдар бойы Қазақстанның Пәкістан, Корея, Испания, Италия, Бельгиядағы елшіліктерінде жемісті қызмет атқарып келе жатыр. Мен құрбымның бойына дипломатиялық қасиеттер әкесінің қанымен дарығанына сенімдімін. Студент кезімізде Қалмұқан ағаның көзіне көп түсе бермеуге тырысатынбыз. Өйткені жүрегі жұмсақ болғанымен, танымал жазушының жалпы бала тәрбиесіне қатал қарайтынынан хабардар едік. Балалардың кешкілік бос жүрісін, телефонмен ұзақ сонар әңгімелерін ұнатпайтын, зая кеткен алтын уақыт деп санайды. Қуақы тілді жазушыдан біз ғана емес, қатарлас қаламдастары да тартынатын. Өйткені ол кісінің өткір қағытпалары әркімнің аузында жүреді. «Қалекең деген екен...» сияқты жинаққа жүк боларлықтай орамды ойлары мен әжуа-әзілдері жеткілікті.
Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

Қалмұқан аға мен зайыбы Зәбира апай төрт бала тәрбиелеп, олардан төрт немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Үлкен қыздары Баян Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, магистр. Ұлдары Қали жеке кәсіпкер. Ал кенже қызы Алма қазір бала тәрбиесімен үйде, Қалекеңнің ұрпақтарын бағып-қағуда. Немересі Зере үздік оқуымен Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданыпты.

Ардақты әкелерінің тоқсан жылдық мерейтойына арнап ұрпақтары «Өтелген парыз» атты кітабын шығарып берді. Талантты адам бар жағынан талантты демекші, осы жинақта жазушының әр жылдары құрдастарына салған шарждарына орын беріліпті.

- Жиналыстарда отырып, шаршаған сәттерде тарихи оқиғаларды, құрдастарымның, қаламдас достарымның кескін-келбеттерін әзіл суретке айналдыра бастаймын.

Тіпті, ертеректе қайтыс болған жазушы достарымның жүрегімде сақталған бейнелерін де ойша сала беремін... - дейді жазушы әрі суретші ағамыз.

Неміс халқына Абайды танытқан қаламгер

Айтпақшы, Германияның бір мұражайында Қалмұқан аға салған Абайдың портреті сақтаулы.

Қаламгер ағамыз әлі де тың. Қызының айтуынша, қария күнде ертеңгісін жаңа сканворд алғызып, түске дейін шемішкеше шағып тастайды екен. Біз майдандағы қаруын бейбіт күнде қаламмен алмастырған, шет елдермен мемлекетке жүк боларлықтай дипломатиялық шаруаларды жалғыз өзі атқарған, бүгін тоқсанның төріне шығып отырған қазыналы қариямызды мерейтойымен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймыз. Сізге денсаулық, ұрпағыңыздың амандығын тілейміз!

Керек дерек

Жазушы, соғыс ардагері Қалмұқан Исабай Қызыл Жұлдыз (1945), Еңбек Қызыл Ту (1975), «Құрмет» (2003) ордендерімен, ГДР-дің Герман-Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983) және көптеген медальдармен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Қоғам, Мөлтек сыр | Кілт сөдер: абай, жеңіс куні

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар