Қазақ күресінен халықаралық гран-при Шығыс Қазақстанда өтеді

(Дауыстар: 1)
Қазақ күресінен халықаралық гран-при Шығыс Қазақстанда өтеді

Биылғы 15-16 мамыр күндері Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен III халықаралық гран-при өтеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Төл спортымызды төрге оздырған бұл дүбірлі додаға алыс-жақын шет мемлекеттер: Түркия, Қытай, Корея, Украина, Беларусь, Ресей, Моңғолия, Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Эстония, Литвадан бас-аяғы 38 балуан қатысады.

Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы әкімшілігі комитетінің төрағасы Талғат Мәзбаевтың айтуынша, былтыр Ырғызбай әулие атындағы турнирге алыстан ат арытып ФИЛА халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта мырза келіп қатысқан. Сол кезде мәртебелі мейман халықаралық деңгейдегі бұл жарысты гран-при дәрежесіне көтеру жөнінде ұсыныс тастайды. Көп ұзамай 2014 жылдың күзінде Беларусь елінде өткізілген конференцияда арнайы комиссия Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнирді гран-при деп атауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, Барқытбелдің баурайын аламанға бөлеген балуандар сайысы биыл тұңғыш рет гран-при деңгейінде өткелі отыр.

- Биыл турнирге әлемнің 15 елінен мықты деген үміткерлер келеді. Олардың арасында Олимпиада ойындарына, Әлем, Азия чемпионаттарына қатысып, жүлделі болған спортшылар бар. Біздің елдің намысын төрт балуан: Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақов, Бейбіт Ыстыбаев қорғайды. Балуандар екі салмақ, яғни 80 келіге дейінгі және 100 келіден жоғары салмақта күреседі. Бұл біздің қазақта бұрыннан келе жатқан дәстүр. Өгіз балуандар мен түйе балуандар болып екі топқа бөлініп белдеседі, - деп атап өтті Талғат Мәзбаев.

Мамандардың айтуынша, бозкілемге шығатын алыптардың арасынан грузин Б. Гвиниашвили, украин Н. Савенко, эстон Мартин Падар, моңғол Дананиям Атлангерел, өзбек Авазхан Таймұратов сынды азуын айға білеген мықтыларды ерекшелеп айтуға болады. Бір қызығы, өткен жылы Павлодар қаласында өткен қазақ күресінен «Әлем барысы» турнирінің жеңімпазы кубалық балуан Врайсон Видаль бұл жолы Қазақстанға келуден жүрексінген сияқты. Куба қабыланы біздің тараптан жіберілген шақыртуға ешқандай жауап бермепті.

Бас демеушілер болып табылатын өңірдің ірі кәсіпорындары: «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен ТМК» АҚ, «Май» АҚ спорттық мерекенің бүкіл шығынын көтеріп ғана қоймай, бәйгеге тігілген қомақты ақшалай сыйлықты да өз қалталарынан шығарып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші орынға 10 мың АҚШ доллары, екіншіге 5 мың доллар, үшіншіге 3 мың доллар ақшалай сыйлық беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде алғаш рет өткелі отырған гран-приді ақпараттық демеушілер: «Қазспорт» және «Қазақстан-Өскемен» телеарналары арқылы тамашалауға мүмкіндік болады.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Спорт | Кілт сөдер: қазақша күрес

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар