Білікті дәрігерді соңғы сапарға шығарып салды

(Дауыстар: 1)
  • 13 мамыр 2015, 16:23 |
  • Пікірлер: 9
Білікті дәрігерді соңғы сапарға шығарып салды

Шығыс Қазақстан облысының медицина саласы ауыр қазаға ұшырады. Өңірді қойып, республикаға, ТМД елдері мен алыс-жақын шетелге танымал ревмотолог, білікті дәрігер, облыстың ревмотология саласының негізін қалаушылардың бірі, Семей мемлекеттік медицина университетінің Құрметті профессоры, «Шапағат» медалінің иегері Сәрсембаев Мұқан Сәрсембайұлы мезгілсіз дүниеден өтті. Осыған орай ұйымдастырылған қаралы митингке Қазақстан Республикасының бас ревмотологы, Қазақ мемлекеттік үздіксіз білім беру университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы Ғалымжан Тоғызбаев бастаған еліміздің белгілі дәрігерлері, Астана, Семей қалаларының бас ревмотологтары, марқұмның әріптестері, туыстары мен дос-жарандары жиналды.

- Мұқан Сәрсембайұлы ең алдымен білікті маман еді. Медицина саласында ең жоғары дәрежелі қызмет - клиникалық бөлімнің меңгерушісі болу. Мұқан Сәрсембайұлы отыз жылға жуық Өскемендегі №1 қалалық аурухананың ревмотология бөлімін басқарып, науқастармен күнделікті қарым-қатынаста болды. Пациенттердің дерттерін шипалы алақанымен, дуалы сөзімен сылып алып тастайтын. Мамыр айының аяғында Оңтүстік Қазақстанда ревмотологтардың халықаралық мектебін ашуды жоспарлап отырған едік. Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан және Қазақстанның ревмотологтары бас қосатын үлкен симпозиумда облыстық бас ревмотологтардың ішінде жалғыз Мұқан Сәрсембаев баяндама жасау керек еді. Ол кісінің осы саланы жетілдіруге қатысты ой-армандары, шәкірттеріне үйретері көп еді. Амал қанша, мезгілсіз келген ажал білікті дәрігерді ортамыздан алып кетті, - деді еліміздің бас ревмотологы, медицина ғылымдарының докторы Ғалымжан Тоғызбаев.

Мұқан Сәрсембайұлы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының маңында 1951 жылы 8-мамырда дүниеге келген. Жасынан елгезек, ынталы, мектепті үздік бітірген бозбала бала кезінен дәрігер болуды армандайды. Сол арманы жетектеп, Семей медицина институтына түскен ол жоғары орнын үздік тәмамдап шығып, еңбек жолын Ұлан ауданында бастады. 1986 жылдан бері отыз жылға жуық Өскемендегі №1 қалалық аурухананың ревмотология бөлімін басқарды, облыстың бас ревмотологы қызметін атқарды. Мұқан ағаның жаны қашан да науқастары үшін ауырып, басшылардан өзіне емес, соларға жағдай жасауды өтінуші еді. Өткен жылы өзі қызмет істеп жүрген бөлімді №3 қалалық ауруханаға көшірген кезде қойған алғашқы талаптарының бірі - бөлімді қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықтау екен.

- Бір кездескенде менің қолыма ауруханаға қажетті жеті құралдың тізімін ұстатып, осыларды алып беруге көмектесіңіз деп өтінді. Айтқан шаруасын тындырып бергенімізде, тап бір өзіне алғандай, балаша қуанып еді. Ол кісі науқастарының қамы үшін барын салған жан. Латынша мынадай қанатты сөз бар: «өзім жанып кетсем де, өзгелерге жарық түсіремін». Мұқанның өмірін тек осылай суреттеуге болады. Оның емін іздеп келушілердің қарасы бір үзілмейтін. Жиырма жылдай интерн мамандарға дәріс оқыды. Мұқан Сәрсембайұлының шәкірттері ол кісінің ісін жалғастырады деп сенемін, - деп есіне алды марқұмды Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлебай Рақыпбеков.

Мұқан Сәрсембайұлы білімін үздіксіз жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ресей мен Еуропаның Италия, Франция, Дания, Ұлыбритания сияқты елдерінде өткен халықаралық конгресстер мен симпозиумдарға қатысып, ревмотологияға қатысты ой-толғамдары жайында баяндама жасаған, мүйізі қарағайдай академиктер мен пофессорлармен терезесі тең адамдай пікір таластырған білгір маман еді.

Қаралы митингте аймақтық патология кәсіби институтының директоры, профессор, медицина ғылымдарының докторы Зейнолда Сұлтанов, марқұмның туыс ағатайы Марат аға сөз сөйлеп, арамыздан мезгілсіз кеткен Мұқан ағаның отбасына, ұрпағына басу айтты.

Жүрегі баладай пәк, көңілі таза, ақ халатты абзал ағамыз осылайша кете барды. Кеше ғана түнеріп тұрған аспан бүгін шайдай ашылып, Мұқан ағамыздың жарқын жүзіндей күннің нұрын төгіп тұр. Қош болыңыз, үлкен жүректі азамат, білікті дәрігер Аға! Қабіріңіз жарық, жаныңыз жәннатта болсын!

Бұдан кейін Сәрсембаевтар отбасы марқұмның рухына бағыштап үлкен ас берді.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

гүлжан | 13 мамыр 2015 17:58
Қандай ауыр қаза! Менің көз алдымнан ол кісінің жарқын жүзі кетер емес. Неге сонша асықтыңыз екен, аға? Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, Сізді табушы едік. Мәселе ода да емес, сізсіз бұл өмірдің сәні кетіп қалғандай, жан аға! Жаныңыз пейіште болсын дегеннен басқа амалымыз жоқ енді...
қуаныш | 13 мамыр 2015 17:59
Ол кісінің шәкірттері кім екен? Менің әжем үнемі сол кісіге барушы еді, енді уайымдап отыр. білсеңіздер, жазыңыздаршы!
Болат | 13 мамыр 2015 18:01
Осындай білікті дәрігер қасымызда жүргенін білмеппіз де ғой. журналистер неге осы уақытқа дейін ол кісі жайлы жазбаған? қандай өкінішті!
125 | 13 мамыр 2015 18:07
Очень грамотный доктор был. Врач от бога! Моей сестре на остановке поставил диагноз! Просто ждали автобус и он оказался рядом. Когда увидел, что моя сестра жалуется на сердце, а у нее был экг с собой, там все нормально, он посоветовал сходить к эндокринологу. И что думаете? У нее оказался зоб! мы всю жизнь будем ему благодарны! Пусть земля будет пухом!
жансая | 13 мамыр 2015 18:09
Осындай тамаша жандарды көзінің тірісінде неге құрметтемейміз? Әлі жүре тұрса, ревмотология саласын бір белеске шығарып кетер ме еді? Әттең...
Қайрат | 13 мамыр 2015 18:10
Отбасына көңіл айтамын. Жақсы адам еді.
кенжебай | 13 мамыр 2015 18:12
Менің әйелімді аяғынан тік тұрғызған осы кісі болатын. Сене алмаймын, қалайша мерт болды екен?
білгіш | 13 мамыр 2015 18:13
Мүмкін жол апатынан шығар... ол кісі жайлы естігенім болмаса, алдына бармаппын. Отбасына сабырлық берсін, арты қайырлы болсын!
Марат | 16 мамыр 2015 23:29
Ол кісінің жүрегі тоқтап қалды. Сағаты жетіп тұрған ғой. Неге осындай дәрігерлер мезгілсіз кетеді екен? Өте білімдар дәрігер болыпты ғой.
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар