Функционалдық сауаттылыққа арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

(Дауыстар: 1)
Функционалдық сауаттылыққа арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Өскемен қаласында «Өрлеу» БАҰО» АҚ ШҚ облыстық филиалының бастамасымен «Педагогикалық технологиялар ¬– оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған оқыту мен тәрбиелеу әдіс-тәсілдерінің тиімді жүйесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында және елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген оқушылардың функционалдық сауаттылығын жетілдіру мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды», - деп атап көрсеткен болатын. Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына енуі үшін бүгінде тек білімді ғана емес, сол білімін өмірде қолдана білетін, әлеуметтік қарым-қатынаста, түрлі өмір жағдайларында мәселелерді шешу үшін икем-дағдыларды жүзеге асыра алатын жастар қажет. Сондықтан да бүгінгі таңда мектепте білім беру жүйесіне интеллектуалды, дені сау және рухани дамыған азаматты қалыптастыру, жылдам өзгермелі әлемде табысты, әлеуметтік бейімделуді қамтамасыз ететін білім қажеттілігін қанағаттандыру мақсаты қойылып отыр. Ел үшін бұл стратегиялық маңызды мәселені шешуде жеке тұлғаның жігерлілігі, шығармашыл ойлау қабілеті жоғары және дәстүрлі емес шешімдерді табуын, кәсіби бағытты таңдай білуі, өмір бойы оқуға дайын болуы басты функционалдық сапа болып танылады. Аталған барлық функционалдық икем-дағдылар мектеп жағдайында қалыптасатыны белгілі.

– Бүгінгі конференцияның маңыздылығы сол, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың теориялық негіздері қандай, оны өмірде қалай пайдалануға болады деген сауалдарға жауап іздейміз.Заманауи оқушылар өз беттерімен ізденіп, жаңа білім көздерін таба білулері қажет. Қазақстан 15 жастағы оқушылардың білім жетістіктерінің деңгейін бағалайтын халықаралық PISA бағдарламасына 2009 жылдан бері қатысып келеді. PISA-2012 зерттеулерінің нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар 65 әлем елдерінің арасында математикалық сауаттылық бойынша 49-орынды, ғылыми-жаратылыстану бағыты бойынша 52-орынды, оқу сауаттылығы бойынша 63-орынды иеленді, – деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаумбай Қараев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев өз баяндамасында атап өткендей, PISA-2015 зерттеулеріне қатысу үшін өңірде отыз бес оқушы таңдап алынған. Оларды осы бағдарламаға дайындау барысында көптеген жұмыстар атқарылыпты. PISA-2012 көрсеткіштері бойынша облыстың оқушылары үшінші орыннан көрінген болатын. Шығысқазақстандық балалардың 57 пайызы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысса, олардың тең жартысы үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Мектеп түлектерінің грантқа оқуға түсу көрсеткіші бойынша облыс бесінші орында тұр.
Казақстан-Америка еркін университетінің ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев заманауи талаптарға сай білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін оқу бағдарламасына өзгертулер, педагогтарды даярлау жүйесіне жаңашылдық енгізу жайында ойларын ортаға салды.

– Тәуелсіз мемлекетке еркін мұғалімдер қажет. Олар қалай нан тауып жеймін деп бастарын қатырмауы керек, шенеуніктердің алдында тәуелді болмауы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мұғалім мамандығын ең үздік оқушылар таңдайды деп айта алмаймыз. Бұл салаға дарынды жастарды тарту үшін болашақ мұғалімдердің шәкіртақыларын көтеру қажет. Мұғалім әр оқушының қабілетін, деңгейін анықтай алатындай сарапшы болуы керек, – дейді академик.

«Өрлеу » БАҰО» АҚ облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Байхонова мектептерде оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың қиындығын осы ұғымның нақтыланбағанынан деген көзқарасын білдірді. Соның салдарынан функционалдық сауаттылық мектептердің тәжірибесінде тұтас жүйе ретінде қалыптастырылмайды. Жалпы білім беретін мекемелерде оқушының жеке қабілеті, мүмкіндігі ескерілмей, жалпы білім дағдылары беріледі. Ал оның бойына қоғамға бейімделуіне және табысты қызмет істеуіне қажетті тұлғалық қасиеттерді сіңіру жағы назардан тыс қалады. Сол себепті де бүгінгі республикалық ғылыми-практикалық конференция оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыру және дамытуға қабілетті педагогикалық технологиялардың тиімділігін теориялық негіздеуге, жинақтауға және талқылауға бағытталып отыр.
Конференция барысында педагогикалық зертхана дәрісі, шеберлік сыныптары, шығармашылық көрмелер ұйымдастырылып, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары өкілдерінің пікір алмасу орталықтары жұмыс істеді.
Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар