Заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды Шығыс Қазақстанда

(Дауыстар: 1)
Заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды Шығыс Қазақстанда

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың төрағалық етуімен өткен тәртіптік кеңестің кезекті мәжілісінде мемлекеттік қызметшілерге және атқарушы билік органдарының жетекшілеріне қатысты бірқатар мәселелер қаралды , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Нақтырақ айтар болсақ, тәртіптік кеңес Семей қаласының, Зырян және Глубокое аудандарының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік іс қозғап, заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Глубокое ауданының әкімі Арман Бекбосынов сыбайлас жемқорлықпен күрес, оның алдын алу жолында атқарылған шаруалар туралы баяндады. Себебі, бұл жолғы тәртіптік кеңесте оның қарамағындағы төрт бірдей қызметкер – аудан әкімінің орынбасары Александр Брагинецтің, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлыбек Құмарғажинның, жер қатынастары бөлімінің басшысы Сергей Кимасовтың және Глубокое кентінің әкімі Дархан Қадырбаевтың істері қаралды.

Аталған төрт мемлекеттік қызметші де аудан көлемінде жер учаскелерін бөлумен айналысатын жер қатынастары бойынша комиссияның құрамында болған. Олардың тәртіптік кеңестің алдында жауапкершілікке тартылуының басты себебі – бір жер учаскесі комиссиямен бір мезетте Глубокое кентінің екі бірдей тұрғынына ұсынылған. Бірінші иесі қажетті барлық құжаттарын уақытында рәсімдеп үлгермегендіктен, жер телімі екінші өтініш берушіге берілген. Соған орай, жерді өзіне рәсімдеуге асықпаған кәсіпкерге жер учаскесін беруден бас тартылған.
Бұл іс бойынша облыстық прокуратура өкілдері мен тәртіптік кеңес мүшелері мәжіліс барысында мемлекеттік қызметшілермен екі адамның қайсысына болсын басымдық берілгенін не берілмегендігін нақты анықтауға күш салды. Нәтижесінде аудандағы лауазымды тұлғалардың арнайы заңбұзушылыққа бармағандары, тек қателікке жол бергендері анықталды. Сонымен бірге, аудан әкімінің орынбасары А.Брагинецтің ұзақ жылдар басшылық қызметтерде болғаны, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі С.Кимасовтың да осы лауазымда ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарып келгені назарға алынды.
Глубокое ауданы бойынша қаралған аталған істі қорытындылаған тәртіптік кеңес аудан әкімі Арман Бекбосыновқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат шаруаларымен нақты шұғылдануды тапсырды. Сергей Кимасовқа атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі айтылса, Дархан Қадырбаевқа қатаң сөгіс берілді. Ал Александр Брагинец пен Нұрлыбек Құмарғажин сөгіс алды.

Екінші мәселе Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімовтің қызметтік баспанасына қатысты болды. Аудан әкімі пәтеріне өз қалтасынан қаржы шығарып жөндеу жұмыстарын жүргізген. Аталмыш жұмысты орындап шыққан мердігер келісімшарттың бәрі ауызша негізде жүргізілгенін және бұл шаруамен тек оның орынбасары Оралбек Нұрмыхан айналысқанын айтады. Мұндағы даудың басты себебі – жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтап шыққан мердігер өзіне тиесілі қаржының соңғы бөлігі 600 мың теңгені алмаған. Ақшасын сұрап, тиісті адамдардың алдына бірнеше мәрте барса да, бәрі нәтижесіз аяқталған. Аудан әкімінің орынбасары оған келесі жылы өтетін тендерді ұтқан соң, сөйтіп, қалған ақшаны бюджет қаржысының есебінен қайтаруға уәде берген. Тәртіптік кеңес мүшелері бұл істе сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық байқалмайтындығын атады.

– Бұл - өте күрделі мәселе. Нақты фактілерге сүйенер болсақ, бұл сыбайлас жемқорлық емес, керісінше қайырымдылық жасау болып саналады. Себебі, қызметтік пәтер жекеменшік қаражатқа жөнделіп отыр. Сондықтан, бұл істе Ермак Сәлімов сыбайлас жемқорлық іс-әрекеті бойынша жауапкершіліктен толық босатылады. Оралбек Нұрмыхан да алдағы уақытта өтетін тендер арқылы ақшаны қайтаруға уәде бергендіктен, бюджет қаржысы шығын болмаған. Алайда, бұл жерде заңсыз қарым-қатынас орын алып, мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексінің бұзылуына жол беріліп отыр. Осыған қатысты облыс әкіміне қала-аудандар әкімдерімен сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша стратегияны жүзеге асыру жұмыстарын мейлінше қатаңдату және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында кеңес өткізуге ұсыныс жасайтын боламыз. Оралбек Нұрмыханды лауазымынан төмендетуге ұсынамыз, егер қазіргі уақытта қажетті вакансия болмаған жағдайда, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы жариялайтын боламыз. Бұл жағдай кәсіпкерге қажетті сома толықтай өтелгенше бақылауда болады, - дейді Тоқтамыс Жұмағұлов.

Бұдан бөлек тәртіптік кеңес барысында Семей қаласының қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Қадылбек Қоқилановқа және «Жәрдем» ЖШС-нің басшысы Марат Ақтаевқа қатысты тағы екі тәртіптік іс қаралды. Біріншісі, жер комиссиясының құрамында жер учаскесін аукцион өткізбей ұсынса, екіншісі жеткізілмеген тауарға айыппұл өндірмеген және қалған соманы төлетпеген. Қорытындысында Қоқиланов жұмысынан босатылса, Ақтаев лауазымынан төмендетілді. Егер қазіргі уақытта қажетті вакансия болмаған жағдайда, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы жарияланады.

Тәртіптік кеңес қорытындылаған Тоқтамыс Жұмағұлов сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық мәселесінде қаталдық пен ұстанымдылық мемлекеттік қызметшілердің басты құралы екенін атап, бұл істе заңды белден басқандарға ешқандай аяушылық болмайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдеріне қарамағындағылардың кінәсінен жауапкершілікке тартылмау үшін оларды қызметке тәрбиелеу ісіне аса мұқият қарауды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар