«MinТech-2015» халықаралық көрмесі Өскемендегі жұмысын аяқтады

(Дауыстар: 1)
 «MinТech-2015» халықаралық көрмесі Өскемендегі жұмысын аяқтады

Екі күнге созылған «MinТech-2015» халықаралық көрмесі Өскемендегі жұмысын аяқтады деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қарағанды және Өскемен қаласында кезектесіп өтіп келе жатқан көрмеге биыл сегіз елден 70 компания қатысқанын айтқанбыз. Кен қазу және оны байыту, тау жыныстарын өңдеу саласына қажет жабдықтар мен техникаларды, технологиялар мен арнайы киімдерді ұсынушы жетекші кәсіпорындардың бұл жолғы көрмеге бұрынғыдан бетер құлшына араласуы тегін емес. Әлемдік деңгейде алпауыт саналатын «Қазцинк» кәсіпорны өткен жылы тек барлау жұмыстарына ғана 15 млрд. теңге бөлгенін жария еткен. Ал «Қазақмыс» компаниясы Ақтоғай кенішінен 25 млн. тонна кен өндіруді жоспарлап отыр. Бақыршық тау-кен кәсіпорны алдағы үш жылда кемінде 20 млн. тонна кен өңдеуді көздеуде. Мұндай өндірістік әлеует бұрын-соңды бұл шараға қатыспаған 14 компанияның да назарын аударған. Сондай жаңа есімдердің бірі – швейцариялық «Geoburgg» AG компаниясы. Бұл кәсіпорын берік болат сымнан қорғаныш торларын жасайды. Осы елдің тағы бір компаниясы «Alflet Engineering» AG токарьлық-жону және өрнектеп бөлшектеу жабдықтарын, асқан сезімталдықпен өлшеу техникаларын ұсына келіпті.

- Швейцарияның табиғи байлық қорын Қазақстанмен салыстыруға мүлде келмейді. Соған қарамастан ол елде тау-кен индустриясына қажет технологиялар үздіксіз дамып отыр. Швейцария өзгелерге түрлі пайдалы қазбаларды ұсына алмағанымен, шикізат өндіруші елдерге Alflet Engineering сынды компаниялар арқылы техника мен технологиясын саудалайды. Аталған компания құрал-жабдықтар ұсынып қана қоймай, жұмыс жүйесін есептеп құру бойынша техникалық және коммерциялық кеңестер беріп, мамандар оқытумен де айналысады, - дейді компания өкілдері.

Әйгілі «Орика-Қазақстан» акционерлік қоғамы да бұл көрмеге тұңғыш қатысып отырса керек. Компания көрмеге тау-кен өндірісіне қажет жарылғыш және пиратехникалық бұйымдарды жарнамалай келген екен.
«ОКБ Спектр» жабық акционерлік қоғамының өнімдері де көрмеге қатысушыларды өзіне тартты. Өнеркәсіпте, криминалистикада, медицина мен экологияда, ғылыми тәжірибелерде спектр құбылысы арқылы түрлі талдамалық міндеттерді шешуге арналған жабдықтар қашаннан сұранысқа ие. Компания бұл салада жетекшілердің қатарында.

Ал көрмеге бірнеше жыл қатарынан қатысып келе жатқан германиялық Allgair Process Technology компаниясының қондырғыларын әлемде қолданбайтын ел жоқ десе де болады. Бұл кәсіпорын сусымалы материалдарды өнеркәсіптік мақсатта өңдеу үшін қолданылатын шаю және құрғату, електен өткізу жүйелерін құрастырады. Көрмеда ұсынылған түрлі қалыптағы барабандар химия, парфюмерия, косметика, тамақ және агрохимия, минералды өнеркәсіп, құрылыс материалдарының өндірісі салаларында, пайдалы қазбаларды іріктеуден қалған қалдықтарды пайдаға жарату үрдістерінде қолданылады.

Өскемендік жабдық ұсынушылардың арасында «Еврогидросервис» ЖШС өнімдеріне қызығушылық жоғары болды. Конвейерлік тасымалға қатысты барлық қызмет түрлерін көрсететін кәсіпорын швециялық технология бойынша жұмыс істейді.

Көрмеде екі бірдей елдің өнімін ұсына келген компаниялар да болды. «Казтвердосплав» ЖШС қазақстандық және ресейлік кен қазу құралдарын сөреге қойған. Серіктестік директоры Кирилл Зайков бұл шараға «Қазцинк» ЖШС-мен байланыс нығайту үшін келгендерін айтады.

- Көрменің бірінші күнінде аса белсенділік байқала қойған жоқ. Ал екінші күні нақты жұмыстар жасалды. «Қазцинк» ЖШС өкілдері біздің шахтаға жол ашуға қолданатын бұрғы ұштарына қызығушылық танытты. Шапқылар мен кескіш күрекшелер де сұранысқа ие өнімдеріміздің бірі. Бұл жабдықтар «Арселор Миттал Теміртау» шахталарында сынақтан өткен. Бірлескен кәсіпорын болғандықтан, біз екі елдегі зауыттарымызда өндірілген құралдарды бірдей ұсынып отырмыз, - дейді ол.

Көрме аясында Қазақстан, Жапония, Ресей мемлекеттерінің ғалымдары бас қосқан үшжақты ғылыми конференция ұйымдастырылды. «Материал тану және наноматериалдарға арналған перспективалық технологиялар, жабдықтар мен аналитикалық жүйелер» деген тақырыпта өткен басқосуға үш елдің білікті деген ғалымдары қатысып, ортақ мәселелерді талқылады.

Тау-кен металлургия кешенінде ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелері осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған салалық конференцияда қаралды. Ғалымдардан бөлек көрмеге қатысушылар да арагідік өзара бас қосып, таныстырылымдар өткізді.

Тау-кен-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы директорының орынбасары Төлеген Мұқанов Өскеменде өткен көрменің сала дамуына қосар үлесі зор болғанын айтады.

- Үдемелі-индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына аяқ басқан тұста осындай ірі көрменің өтуі, оған әлемдегі сала жетекшілерінің қатысуы өте маңызды. Аталмыш бағдарлама аясында тау-кен-металлургияға қатысты 30 жоба жүзеге асуда. Бүкіләлемдік дағдарыс біздің салаға да салмақ түсіргеніне қарамастан, жаңа жұмыс орындары осы бағдарламалардың есебінен ашылуда. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстанның белсенділігін де атап өткен жөн, - деді ол.

Осы шараны негізгі ұйымдастырушылардың бірі, «КазЭКСПО» компаниясының президенті Мария Молдағалиева көрмені ойдағыдай өткізуге атсалысқаны үшін Шығыс Қазақстан облысы басшылығына алғыс ретінде «МinTech-2015» көрмесінің символикалық медалін және арнайы диплом табыстады.
Көрме қорытындысында шараға белсенді атсалысып, жаңашыл жобаларын ұсына білген бірнеше компанияға түрлі аталымдар бойынша арнайы дипломдар мен куәліктер берілді. Шараның келесі кезеңі Павлодар қаласында жалғасын табады. Онда энергетика саласының жетекші өндірушілері өз жетістіктерімен бөлісетін болады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар