Халықтан сүт қабылдау пункттері енді Шығыс Қазақстанда құрастырылатын болады

(Дауыстар: 1)
Халықтан сүт қабылдау пункттері енді Шығыс Қазақстанда құрастырылатын болады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған кезекті жиында осындай тапсырма берді. Сүт өңдеуші кәсіпорындар, тауарлы-сүт фермасын құрушы шаруалар, тиісті басқарма өкілдері қатысқан жиында аймақ басшысы тауарлы-сүт фермаларын құру және халықтан сүт қабылдау бағдарламасының екінші кезеңі басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жолғы жиын тауарлы-сүт фермаларын құру бойынша жоспарланған жұмыстардың барлығы ойдағыдай жүзеге асып келе жатқанын көрсеттті. Жаңадан салынуы тиіс тоғыз ферманың құрылысына 4,9 млрд. теңге, 28 ферманы қайта жарақтауға 4,6 млрд. теңге тартылуы тиіс. Аймақ басшысы фермалардың инфрақұрылымын қаржыландыру, жобаларды мемлекеттік сараптама арқылы бекіту мәселелеріне баса назар аударды. 37 ферманың тек үшеуі ғана «Қазагроқаржы» АҚ арқылы толықтай қаржыландырылған. Аталған қаржы ұйымының көмегімен қалған 34 ферманың 16-сын қаржыландыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек екі жоба екінші деңгейлі банктер арқылы, үш жоба «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы, бір жоба «Зайсан-Несие» несие серіктестігі арқылы, 12 жоба меншік қоры арқылы қаржыландырылмақ.

Жиын барысында халықтан сүт қабылдау пункттерін Ресей мен Қытайдан әкелуді доғару жөнінде шешім қабылданды. Бұдан былай ондай пункттер өзімізде өндірілетін болады. Бұл іске «Үлбі модуль компаниясы» ЖШС тартылатын болады. Кәсіпорын директоры Вадим Быков әлемдік стандарттарға сай сүт қабылдау пунктін жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Облыс басшысы кәсіпкерлік басқармасына осы істе кәсіпорынға қолдау көрсетуді тапсырды.

- Осы жобаны бастамас бұрын сүт қабылдау пункттерін құрастыруға құлықты компаниялар табу жөнінде тапсырма берген едім. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ондай кәсіпорын жоқ деген мәлімет берген. Ол мәлімет жалған болғанын бүгін біліп отырмыз. Егер о баста осы іске ынта берген болсаңыздар, аудан-ауданда Ресей мен Қытайдан әкеліп қойған 38 пункттің орнында жергілікті құрылғылар тұрушы еді, қыруар ақша облыс нарығында қалар еді. Бүгіннен бастап сырттан бір де бір сүт қабылдау пункті кіргізілмесін. «Үлбі модуль компаниясы» барлық сұранысты өзі қанағаттандырады. Ал сапаның әлемдік стандартқа сай болуын кәсіпкерлік басқармасы қадағалайтын болады, - деді аймақ басшысы.

Сүт өңдеуші кәсіпорындардың халықтан шикізат қабылдауын ынталандыру мақсатында білім беру және денсаулық сақтау мекемелері арқылы 1,6 млрд. теңгенің мемлекеттік тапсырысы берілген. Осы тапсырысқа сәйкес жасалған екіжақты келісімшарттар құнының шындыққа сәйкестігін тікелей бақылауына алған аймақ басшысы «Восток-Молоко», «Эмиль», «Багратион», «Восход-Молоко» сынды компаниялардың басшыларынан жеке-жеке есеп алды.

- Бұл іс те біртіндеп жүйеленіп келеді. Алайда, екі жақпен расталған келісімшарттардың жалпы құны бір миллиард теңгеден сәл ғана асып тұр. Қалған 600 млн. теңгенің неге игерілмегенін анықтау керек. Ол іс ауыл шаруашылығы басқармасына жүктеледі, - деді облыс басшысы.

Аталған қабылдау пункттеріне сүт өткізген халықтың ақшаны уақтылы алып отыруы ең негізгі мәселенің бірі екенін атаған аймақ басшысы жауапсыздық танытқан сүт өңдеушілер жобадан шеттетілетінін ескертті.
Бұл істе берекесіздікке жол бермес үшін сүт қабылдаушы кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінген ақшаны кез келген уақытта біржақты шешім арқылы қайтарып алу тетіктері қарастырылуда. Облыстық қаржы басқармасы бұл тұрғыда екі нұсқа ұсынып отыр. Оның бірі кәсіпорынның арнайы шотына мемлекеттің қолжетімділігімен ерекшеленсе, екінші нұсқа бойынша сүт өңдеушілерге банктер кепілгер болуы тиіс. Мұндай жауаптылықтан бас тартқан жоба иелері де бар көрінеді. Бағдарламаны о баста қос қолдап қуаттағанына қарамастан, жеме-жемге келгенде тайқып шыққан шаруашылық құрылымдарымен осыған дейін жасалған келісімшарттардың күші жойылатын болды.

- Халықтан сүт қабылдауды «қайтарымсыз қарыз» алумен шатастырмауларыңызды сұраймын. Халықтың есебінен күн көретін уақыт кеткен. Сіздердің кесірлеріңізден елдің билікке деген сенімінің азаюына жол бермейміз. Сондықтан біз ұсынып отырған сақтандыру тетіктері міндетті түрде сақталатын болады. Халық құйған сүтінің ақысын 10 күн сайын алып отыратынына көз жеткізген кезде ғана мал басын көбейтуге ынталанады. Осы арқылы біз бірнеше мәселенің түйінін шешеміз. Өз зауыттарымызды толық жүктеп қана қоймай, бүкіл Қазақстан нарығын игеруге болады. Өзге облыстар да біздің ізімізбен жүретін болады. Бас тартқан шаруалардың орнына басқаларды табамыз. Жеке сектор бұл істе мемлекет кәсіпорындарға емес, кәсіпорындар мемлекеттің қолдауына мұқтаж екенін ұмытпасын. Өйткені, біз оларға мемлекеттік тапсырыс арқылы кепілдік беріп отырмыз, - деді аймақ басшысы.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов сүт өткізетін ыдыстарды стандарттау, сауын сиырларының денсаулығын қадағалау мәселелеріне ауылдық округ әкімдерін жауапты етуді тапсырды.
- Бұл бағдарламаның әрбір саласына көңіл бөлу қажет. Бір мәселеде кешігу болса, бүкіл жоба тоқтап қалады. Сол үшін ауыл әкімдері мен ветеринарлар апта сайын үй-үйді аралап, жағдайды бақылауда ұстауы керек, - деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар