Жақсылық Омар: «Шоқан Уәлихановтай болуды армандадым»

(Дауыстар: 1)
Жақсылық Омар: «Шоқан Уәлихановтай болуды армандадым»

Жақсылық Омар,
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

Нарық бізді ерте есейтті

- Жақсылық Мұқашұлы, еліміздегі саяси элитаның жаңа буыны туралы сөз болғанда ауызға ілігер алдыңғы лектің ішінде өзіңіз де барсыз. Мектепті Тәуелсіздік тұсында бітіріп, елмен бірге өскен буынның ұлт, мемлекет туралы түсінігі де өзгеше болары анық. Еліміз егемендік алғаны туралы алғаш естіген сәтіңіз жадыңызда ма? Құрбы-құрдастарыңыз, мектеп оқушылары қалай қабылдады? Қандай жағдай есіңізде қалды сол кезден?

- Біріншіден, осы уақытқа дейін өзімді саяси элитаның жаңа буынына жатқызып көрмеппін. Екіншіден, саясаткер немесе лауазымды шенеунік боламын деп ешқашан ойламаппын. Қарапайым отбасында туып-өстім, қоңыртөбел тіршілік еттік, өзіме сеніп тапсырылған жұмысты ынта-шынтаммен істеп келемін. Ал еліміз Тәуелсіздік алған жылы төртінші сыныптың оқушысы екенмін. Ойын баласының елдің болашағы, мемлекет туралы түсінігі қандай болатыны түсінікті ғой. Әке-шешемнің «тәубе, Тәуелсіздік алдық!» деп қуанғаны көз алдымда қалыпты. Тағы бір нәрсе жадымда… Пионер болмайтындығымызды, «Күн көсемді» көп айтпайтынымызды іштей сездік. Аяқ астынан неге бұлай болғанын біз түгіл, біраз үлкен кісілер де түсінбей жүрді білем, «коммунизм болмайды» дегенге сенбейтіндерін естіп қалатынбыз…

- Балалық шағыңыз алғашқы жекешелендіру, нарықтық жүйенің енуі, білім, медицина, урбанизация мәселесі күн санап өзгерген шаққа тұспа-тұс келді. Әлеуметтік қиындықтар қарапайым халықты қыспағына алғаны да жасырын емес. Бала Жақсылық үшін өтпелі кезең несімен қиын, несімен қызық болды?

- Біздің балалық шағымыз еліміз өз Тәуелсіздігін алып, етек-жеңін қымтап, кем-кетігін түгендеп, еңсесін тіктеп жатқан уақытпен тұспа-тұс келді. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдары экономикалық формация толығымен ауысып, нарық келіп, соның салдарынан әлеуметтік қиындықтар аз болған жоқ. Елмен бірге біздің отбасымыз да тұрмыстық ауыртпалық көрді. Мектепте жылу, ауылда жарық болған жоқ. Дүкендерде азық-түлік тапшы. Ауылдағы ағайын-жұрттың тұрмысы қалт-құлт етіп тұрды. Әке-шешеміздің, ауылдас үлкен кісілердің: «Бала-шағамызды қалай асыраймыз? Ертеңгі күніміз не болады?» деп абыржығандары әлі күнге дейін есімде. Не ұн жетпей, не қант жетпей, тіпті кір сабынның өзі жоқ болып қалып, көрші-қолаңды жағалаған кездер естен шыққан емес. Ол уақыт балаларға да өз қиындығын әкелді. Мысалы, сол кездері пән олимпиадаларына бару, спорттық жарыстарға қатысу деген жайына қалды. Тойып тамақ ішпеген, бүтін киім кимеген күндер де болды. Біз 9, 10, 11 сыныптарда оқып жүргенде ауылда төрт жылдай жарық болған жоқ. Қазіріг балаларға жарықтың болмағандығын айтсаң, сенер ме екен, сенбес пе екен?..

Бірақ осы қиындықтардың біз үшін пайдасы да болды. Ерте есейдік. Сол кездегі ауыртпалықтар арқылы біз өмірді өзгеше қырынан таныдық, қиындықтың не екенін түсіндік. Еңбекке ерте араластық. Үшінші сыныптан бастап жазғы үш ай каникулдарда жұмыс істедім. 3-сыныпта қырманда, 4, 5, 6-сыныптарда қой қырқымда еңбек еттім. Ойлап қарасам, біз еліміздің Тәуелсіздік алғанын алғаш көзімізбен көріп, жүрегімізбен түйсінген, сол жылдардың қиындығына да, қызықты шақтарына да куәгер болған, егемендікпен бірге есейген ұрпақ екенбіз. Балалығымыз бақытсыздықта өтті деуден аулақпын. Әр дәуір өзінің болмыс-мінезімен, құндылық көзқарасымен ерекше ғой.

Алакөлдің жағасында өстім

- Бала кезіңізде қай пәндерге қызықтыңыз? Қазақ әдебиетінен кімдерді ұнатып оқушы едіңіз?

- Мен математика, география, әдебиет және тарих пәндерін жақсы көрдім. Математиканы жақсы көргенім, өзімнің сынып жетекшім сабақ берді. География өзі де қызықты пән. Өзге елдердің астанасы, ондағы халықтың саны, әлемдегі ең үлкен қалалар туралы айту кез келген оқушы үшін қызық еді ғой. Бұл - бір. Екіншіден, мен Алакөлдің жағасында өстім. Алакөлдің географиясы да тамаша, тарихы да бай жер ғой. Ар жағында - әйгілі Жоңғар қақпасы. Күнде көретінің, кешетінің, серуендейтінің - сұлу Алакөл, көзтартар көл жағасы. Алакөлдің өзінің табиғи ерекшеліктері бар. Соның бірі - реликті шағала. Бұл құс дүние жүзінде екі-ақ жерді мекендейді екен. Солтүстік Дакотада мен біздің Алакөлде. Ауылдағы үлкен кісілер Алакөл туралы небір аңыз-әңгімелер мен хикаяларды баяндайтын. Кейбірін айтқанда бұрынғы батырлардың есімдерімен байланыстырып, өткен күннің қым-қуыт шақтарымен астастырып, арыдан әңгіме қозғайтын. Сол кездерде өткен тарихымызға қызығатынбыз. Алакөл секілді басқада айдын-шалқар теңіздердің барлығын естіген сайын, көргіміз келетін. Құштарлық ізденістің қайнары ғой, тарих пен географияға қызығушылығыма туған жерім әсер етті десем де болады.

Әдеби кітаптарға бала кезден құштар болдым. Ең алғаш оқыған кітаптарым әлі күнге дейін есімде. Әуелгі жата-жастана оқыған кітабым - Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосы», соның қазақша аудармасы. Мектеп қабырғасында жүргенде көптеген кітаптарды оқыдық. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолының» бірінші кітабын, «Қараш-Қарашын», «Сыбанның моласында», «Көксерек» секілді әңгімелерін, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын», бертін Әбіш Кекілбаевтың, Әкім Таразидің, Мұхтар Мағауиннің шығармаларын оқып өстік.

Мектепте Қасым Аманжоловтың өлеңдерін елден ерек сүйіп оқыдым. Шешемнің ағасы, бүгінде марқұм болып кетті, Тәңірберген нағашым арқалы ақынның өлеңдерін домбырамен айтып отыратын. Соның да әсері болуы керек:

…Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?! -
деп бала күннен айтып жүретінбіз.

Сәбит Дөнентаевтың өлеңдерін мектеп қабырғасынан оқып өстік, кейбір өлеңін әлікүнге дейін жатқа білем. Неге екенін қайдам, бүгінде осы ақын туралы көп айтылмайды…

- Ұлттық әдебиетті оқып өскен ұрпақтың саны азайып барады дегенге келісесіз бе?

- Мен бұл пікірмен келіспеймін. Ұлттық әдебиетті оқушылар ешқашан азаймайды. Ал әдебиеттегі аға буынның кейінгі буынға көңіл толмауы - қалыпты, табиғи мәселе. Аға ұрпақ қашанда жоғарыдан, сын көзбен қарайды, өз заманы тұрғысынан баға береді. Жақсы дүниелер жазылып, жарыққа шығып жатыр. Тек оны оқу керек, дер кезінде бағалай білу керек. Төл әдебиеті мықты елдердің рухы биік, еңсесі тік екенін көріп отырмыз. Кейде бір жазушы арқылы сол елдің тарихын, танымын, тағдырын білуге болады. Әлемде кейбір ұлттардың атын білмеуіміз мүмкін, бірақ сол елден шыққан ғалым, философ, саясаткер, ақын-жазушыларын білеміз. Бір елге уәкілдік ететін тұлғалар қанша ма? Қазақты Абай, Шоқан, Әуезов, Сәтпаевтар арқылы танитындардың мол екендігіне сенімдімін. Бұл қатар уақытпен бірге толыға түсері даусыз.

- Сіздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін география мамандығы бойынша бітіргеніңізді білеміз. Жүрек қалауыңыз бойынша осы мамандықты таңдадыңыз ба?

- Жоғарыда айтқанымдай, география пәнін бала күнімнен жақсы көріп оқыдым. Бесінші сынып оқып жүргенде қазақтың еуропалық үлгіде білім алған тұңғыш ғалымы, атақты жиһангез-географ Шоқан Уәлихановтың «Жетісу очерктері», «Қашқария очерктері», «Алты шаһар» деген шығармаларын оқып, «шіркін-ай, мен де осындай жиһанкез болып, жаңалық ашар ма едім» деп балалық қиялға берілетінмін. Шоқанды кумир тұттым десем де болады. Оның үстіне Шоқан Жетісуда болған, кейінгі өмірін Тезек төренің ауылында өткеріп, сол жерде көз жұмған, сүйегі Алтынемелде жатыр. «Жетісу очерктерін» оқып отырсаң, Алакөлдің алыстағы көрінісін, Тәнеке батырмен кездескенін, оның мінездемесін жазады, мұның бәрі менің ауылыма жақын суреттер мен хикаялар - қысқасы, Шоқан секілді жиһангез-географ, ғалым болғым келіп, өзім қалап, құжаттарымды география мамандығына тапсырдым.

Рейтинг қууға әуес болып кетті…

- Осыған дейін әр түрлі салада жұмыс істедіңіз. Ақпарат саласында да біраз уақыт қызмет атқардыңыз. Қазақ басылымы - қазақ ойы. Қазақтілді ақпарат құралдарынан қандай тақырыптарды оқығанды ұнатасыз? Кемшілігі мен артықшылығы не деп ойлайсыз?

- Қазақ тілді ақпарат құралдарынан еліміздің бүгінгі жетістіктері жөнінде, тек үлкен қалаларда ғана емес, аудан-ауылдардағы атқарылып жатқан өнегелі, игілікті істер туралы жазылған мақалаларды, алыс-жақын шет елдердегі оқиғаларды қаузаған саяси сараптамаларды оқып тұрамын.

Сонау «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналынан бастау алған рухани қуат, ұлтқа қызмет ету жолындағы жұмыс қазақ басылымдарында әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Әсіресе ел, жер дегенде, салт-дәстүр дегенде, ұлттың менталитеті мен ерекшелігі дегенде қазақ газеттеріндей жеріне жеткізіп айтатын басылымдар некен-саяқ. «Газетті қазір ешкім оқымайды, керек ақпаратты интернеттен алады» деген пікірлер де айтылып жүр. Мұны уақыт талабы деп қабылдаған дұрыс шығар. Бірақ бұл газеттің дәурені өтті дегенді білдірмесе керек. Баспасөз - тек ақпарат таратушы ғана емес, сараптама, талдау жасайтын сала. Ғаламторда - жақсы да, жаман да, керекті де, керексіз де ақпарат көп. Оны іріктеп, талдап, таразылап оқитындар аз… Ал дәстүрлі басылымдар соларды екшей отырып, елге, ұлтқа, жастарға пайдалысын, дәнектісін беруге ұмтылса, електен өткізсе, оқырманын теерң ойлауға жетелесе - бағытының дұрыстығы. Сондықтан қағаз басылымдар әлі де өзінің маңызын жоймайды, сұранысын жоғалтпайды деген ойдамын.

Өкінішке қарай, қазір біздің кейбір телеарналар рейтинг қууға әуес болып кетті. Танымал адамдарды көрсететін шоу-бағдарламалар арқылы рейтингтерін көтергісі келеді, көбікше қампиған телешоу арқылы көрерменді тартқысы келеді. Біріншіден, Қазақстанда танымал адамдар аз. Біз миллиард халқы бар Қытай емеспіз. Танымал адамдар аз болғаннан кейін, бағдарламалар да көпке бармайды. Танымал адамдар азайған соң, қолдан тұлға жасау, жарнамасы көптің бәрін ақыл-кеңес айтуға ұмсындыру етек алады. Арғы жағы түсінікті ғой. Сондықтан біздің телеарналар әлемдік үдерістерден қалмай, ұлттық ерекшелікті ескеру керек деп есептеймін. Бұл - бір. Екіншіден, көптеген тележүргізушілеріміз ақпаратты жеткізу, проблеманы көтеру үшін емес, өзінің бет-әлпетін көрсету үшін жұмыс істейтін секілді… Оларды көтерген тақырыбының өзектілігі емес, «телеарнада мен қалай көрініп тұрмын?» деген сауал көп мазалайтындай көрінеді. Ақпаратты шынайы жеткізуді, көтеріп отырған мәселесіне тереңірек үңілуді көп ойламайтын сияқты. Арзан сенсация, орынсыз ойын-күлкі, ойсыз талас-тартыс ұшпаққа шығара қоймас. Жұртты шоу бағдарламалар емес, танымдық, сараптамалық бағдарламалар өсіреді. Ауылда еңбек етіп, маңдай терімен кәсібін игерген, белгілі бір саланың маманы ретінде отбасына, ауылына үлгі болған қарапайым еңбек адамдарын көбірек насихаттау керек. Жастар ғалымдарды, білімділерді, еңбекпен нәтижеге жеткендерді үлгі тұтса, телеарна, газет-журналдар сол бағытта жұмыс істесе, кем-кетігіміз бүтінделер еді.

- Ұлтты сүю - ұранның ісі емес. «Ұлтты сүю» ұғымын біз қалай түсініп жүрміз? Қалай түсінуіміз керек еді?

- Ұлтты сүю қызыл сөз, жалаң пафоспен өлшенбейді. Ұлтты сүю, ең әуелі, әке-шешеңді құрметтеуден басталса керек. Ата-анаңның берген тәрбиесін, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп-жеткізген еңбегін ақтау. Туған-туысқаныңа жәрдеміңді аяма, достарыңа адал бол. Әріптестеріңді қадірле, мүдделестеріңе құрметпен қара. Тапсырылған жұмысты мүлтіксіз атқар, ешкімге зияныңды тигізбе. Ұлтыңның тілін құрметте. Еліңді ардақта, қадір-қасиетіне сөз келтірме. Мен ұлтты сүю дегенді осылай түсінемін.

- Әкімшілік жұмысы - бітпейтін жұмыс. Сыншы көп, мінші де аз емес. Барша халықтың көңілінен шығу тағы қиын. Қарапайым халық әкімдік жұмысын бюрократизмнің ошағы деуге үйір. Халықпен етене жұмыс істеудің оңтайлы тәсілі бар ма?..

- Ең оңтайлы тәсіл - ел ішінде жиі болу, жиі жүздесу. Алдыңа келген адамды зарықтырамай қабылдау, қабылдап қана қоймай, мұң-мұқтажына мұқият назар аудару. Толғандырған мәселелерін мүмкіндігінше заң аясында шешіп беру. Қызмет болғаннан кейін, елдің алдына шыққаннан кейін екі жағы да бірдей болады. Жақсысын жатсынбай қабылдадың ба, сый-сияпат көрдің бе, жаманына да төзіп, қиындығын белің қайыспай көтеруге тиіссің. Осы жолды таңдадың екен, сынға да, өсекке де - бәріне көнуге, төзуге тиіссің.

Күн Шығыстан шығады

- Шығыс Қазақстан облысы - этникалық тұрғыдан да, саяси-әлеуметтік тұрғыдан да күрделі облыстардың бірі. Облыстың идеологиялық жұмыстарының басы-қасында жүрсіз. Тіл, дін, мәдениет үштағанының халықты ұйытудағы ролі бөлек. Өлкеде бұл салада нендей игі бастамалар қолға алынып жатыр?

- Біздің облыста бір жарым миллионға жуық халық бар, он тоғыз аудан мен қала бар. Аймағымызда 105 ұлттың өкілі мекен етеді. Еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің де біздің облыста, Өскемен қаласында Елбасының қатысуымен ашылғанын білетін боларсыздар. Реті келгенде айта кетейін, біздің облыс Достық үйлерінің саны жағынан да республикада көш бастап келеді. Мәселен, аудан орталықтарындағы Достық үйлері тек Шығыс Қазақстанда ғана бар. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып Степногорск, Екібастұз және республиканың басқа да қалаларында Достық үйлері ашылуда. Өзге аймақтарда жоқ этноауыл да біздің Шығыс Қазақстанда, Өскеменде орын тепкен. Этноауыл - Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылған бірегей жоба. Этноауылдың ашылу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы қатысып, жұмысымен жақынырақ танысып, атқарылған шаруаларды жоғары бағалап, Шығыстағы оң тәжірибені бүкіл елімізге тарату қажеттігін айтқан болатын.

Еліміздегі татулық пен береке-бірліктің шынайылығына, мызғымастығына осыдан бірнеше жыл бұрын Өскеменде мешіт салынып жатқанда көзімнің жеткені бар. Жасыратыны жоқ, үлкен мешіт құрылысын бастаған кезде әр түрлі сөздер болды. «Мұның не керегі бар?» деген кісілер де арамыздан табылды. Бірақ соңында бүкіл халық бірігіп, мешіттің құрылысы тез аяқталды. Әсіресе, облысымыздағы этномәдени орталықтар, басқа ұлттың, басқа діннің өкілдері осы істе ерекше белсенділік танытты. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып мешіттің құрылысына атсалысты. Бір күні қарасам, «Біз ақша аударамыз» деп бір топ орыс кемпірлері мешіттің алдына келіп тұр. Одан кейін «қандай жұмыс бар? Біз де көмегімізді тигізейік» деп орыс, украин этностарының құрылысшылары келді. Бірі «мешіттің ауласын тазалап берейік» деді, енді бірі «сенбі күні сенбілік ұйымдастырайық» деді. Халықтың ішкі бірлігінің беріктігіне, өзге ұлттардың жанашырлығына, қазаққа деген құрметіне куә болдым сол жолы. Көк күмбезі күнмен шағылысқан еңселі мешіттің жанынан өткен сайын сол бір сәттер есіме түседі.

Игі бастама дегенге келсек, Шығыста республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген бастамалардың қолға алынғанын білетін боларсыздар. 2012 жылы біздің облысымызда «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты үлкен халықаралық форум өтті. Түбі бір түркі жұртының ынтымағын арттыруды, мәдени-рухани байланыстар көкжиегін кеңейтуді мұрат еткен бұл форум биыл осымен үшінші мәрте ұйымдастырылмақ. Түркі халықтарының тамыры Алтайдан тарайтынын әлем ғалымдары айтып та, жазып та жатыр. Ендеше, тілі халықтардың төр Алтайда бас қосуынан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Облысымызда халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына ерекше көңіл бөлінеді. Шығыс Қазақстанда 2011 жылдан бері елімізде теңдесі жоқ «Мейірім» атты акция қолға алынып келеді. Осы уақыт аралығында аталған акциямен өңіріміздегі 1800 бала қамтылып, олардың «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкідегі» есеп-шоттарына 212 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. Қолға алынған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде айналдырған үш-төрт жылда 341 тәрбиеленуші баспанамен қамтамасыз етілді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, оған дейінгі он жылдың ішінде бар болғаны 6-ақ жеткіншекке пәтер берілген екен. 2011 жылдан бастап облыста қолға алынған осы жобаның авторы - шығысқазақстандықтар. «Мейірім» акциясының басты мақсаты - жетім қалған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударту, оларға деген жанашырлықты игі дәстүрге айналдыру. Осы акцияның аясында, мәселен, жақында семейлік жетім бойжеткен баспаналы болды. Оның Семей қаласында пәтерге қол жеткізуіне жеке кәсіпкер Анар Назарова көмектесті. Осы Анар секілді жаны жомарт жандардың қатары көбейе түссе деген тілегім бар.

Ардагерлерге де әрдайым айрықша көңіл бөлеміз. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облысымыздағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің барлығы 500 мың теңгеден сыйақы алды. Тыл ардагерлеріне де лайықты сый-құрмет көрсетілді.

Реті келгенде айта кетейін, жақында өңірімізде облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің бастамасымен «Қамқор» әлеуметтік картасы жобасы қолға алынбақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарына арналған бұл әлеуметтік картаны енгізу үш кезеңге жоспарланып отыр. Аталған картаның көмегімен аз қамтылған отбасылардың балаларын жеңілдікпен тамақтандыру, әлеуметтік есептегі азаматтарды арзандатылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік қатынасындағы жеңілдіктерді біріздендіру шаралары дисконттық жүйеде жүзеге асырылмақ. Бұл карта бірінші кезекте жасы жетпістен асқан зейнеткерлерге таратылатын болады. Жүкті аналар мен аз көлемдегі зейнетақы иегерлері, аз қамтылған отбасылар да осы карта арқылы әлеуметтік көмек алады. Мәселен, осы карта арқылы жүкті аналарға диагностикаға тегін түсуге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан студентке қоғамдық көлікте жолақысының жартысын төлеу секілді жеңілдіктер ұсынылмақ. Бұл жоба 2016 жылы толық іске қосылуы тиіс.

Күн Шығыстан шығады ғой. Халқымыз атар таңнан үлкен үміт күтеді. Атар таңымыз ашық болсын деп жатады. Екі империямен шекаралас аймақтың дамығаны, гүлденгені еліміз үшін мәртебе. Сол үшін аянбай еңбек ету - бізге міндет.

Жастар жасқаншақ емес

- Билік жүйесіндегі саяси элитаның алдыңғы буынынан кімдерді үлгі тұтасыз?

- Біздің жастарға, барлық мемлекеттік қызметкерлерге үлгі-өнеге - ол біздің Елбасымыз, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы. Біздің Президент насихатқа мұқтаж емес, біз Елбасының үлгісіне мұқтажбыз. Өмір жолының өзі - тұнып тұрған өнеге. Қарапайым, көп балалы отбасында дүниеге келді. Ауылда, қазақы ортада өсті. Талапты бала сонау Украинаның Днепропетровск деген қаласына барып училищеге түсті. Бөтен ел, бөтен жер. Одан кейін Теміртауға келді, жұмысқа тұрды. Бұл жақта да ешкім құшақ жайып қарсы алған жоқ. Соған қарамастан өзінің адал еңбегімен биіктерді бағындырып, елінің құрметіне бөленді. Елбасы бізге қандай қасиеттерімен өнеге? Елбасы өзінің ізденімпаздығымен, талапкерлігімен, еңбекқорлығымен, парасаттылығымен, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын терең білуімен - өнеге. Елбасының халықаралық кездесулерде айтып жүретін ұтқыр ұсыныстары, елдің алдына шығып сөйлеуі, қазақ, орыс тілдеріне жүйріктігі, шешендігі, домбыра тартып, ән айтқаны, спортпен шұғылданғаны - біз үшін қай кезде де үлгі-өнеге.

- Ұлтты өсіретін көкжиек - таным әлемі. Біз кім едік, кім болдық, кім боламыз деген мәңгілік сұрақтар әр дәуірде маңыздылығын жойған емес. Жас буынның көшбастарларының бірі ретінде бүгінгі жастарды осы сұрақтар қаншалықты толғандырады? Түрлі іс-шараның басы-қасында жүргенде жастардың бойынан қандай жаңа қасиеттерді, мінездерді байқайсыз?

- Қазір жастар жасқаншақ емес. Өйткені Тәуелсіз елде дүниеге келді, Тәуелсіз елде білім алды. Шеттерінен алғыр, өткір, ізденімпаз. Білім алуға құштар. Шет елге шығамын десе, ел танимын, жер танимын десе, барлық мүмкіндік бар. Қай елде, қай тілде білім аламын десе де, жол ашық. Талантты жастар өте көп.

Бір қынжылатыным - кейбір жастардың самарқаулығы, енжарлығы. Өйткені олар қиындық көрген жоқ. Тоқшылықта, баршылықта отыр. Олар техниканың дамыған уақытында өмір сүріп жатыр. Кітап, ақпарат көздері жетеді, жаңа мектептерде білім алады, тамаша спорт сарайларында жаттығады. Өз елінің тарихын, дүниетанымын, болашағын, қазіргісін тану үшін барлық жағдайлар жасалған. Менің бір байқайтыным, олар елдегі осы тыныштық пен тұрақтылықтың, береке-бірліктің қадірін ойдағыдай түсіне бермейтін секілді, тереңіне бойлай бермейтін тәрізді. Оларға бәрі осылай болуы керек сияқты. Олай болмауы да мүмкін еді ғой. Бізден халқы көп, жері әлдеқайда құнарлы, экономикасы, ғылымы мен техникасы дамыған Украинаның не болғанын көріп отырмыз ғой…

- Сұхбатыңызға рахмет!

- Сізге де рахмет!

Әңгімелескен Т. Таңжарық
"Кала мен дала" газеті
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар