Ақжар ауылында алғашқы сүт өңдеу цехы іске қосылды

(Дауыстар: 1)
Ақжар ауылында алғашқы сүт өңдеу цехы іске қосылды

ШҚО Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында алғашқы сүт өңдеу цехы ашылды. Бұл цех аудандағы басымдық берілген жобалардың қатарында талайдан бері айтылып жүрген Ақжар және Көкжыра ауылдарында тауарлы-сүт фермаларын құру идеясының негізінде іске қосылып отыр. Осылайша, жергілікті нарықта сұранысқа ие тауарлар өндірісін дамыту бағыты Тарбағатай ауданында өз жемісін бере бастады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен ауданда сүтті сиырдың санын көбейтіп, сүт өндірісін жетілдіру мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 30 млн. теңге бөлінген. Бүгінде бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 11 адам алған несиені игеруге кірісіп кетті. Барлығы асыл тұқымды шаруа қожалықтарымен келісімге келіп, жоғары өнімді сүтті мал сатып алудың қамымен жүр.

Жергілікті малдәрігерлік қызметінің мамандары сатып алынған малдың аурудан ада болуын қатаң қадағалауда. Бұл бір жағынан халық тұтынатын өнімнің жан-жақты таза болуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Ақжар және Көкжыра ауылдарында ашылуы тиіс сүт өңдейтін жекеменшік цехтар да аталған бағдарламаның көмегімен бой көтереді. Бұл кәсіпорындар маңайдағы елді мекендерден сүт қабылдап, дайын өнім әзірлеуі тиіс. Ақжар ауылындағы цех өз жұмысын бастап кетті. Бұл - ауданда ашылған алғашқы сүт өңдеу цехы. «Айзат» ЖШС жетекшісі, ақжарлық Бақытжан Құнафиянов жобаға қажет қаржының бір бөлігін өз қалтасынан шығарса, қалғанын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы алған несиемен жапқан.

Цехтың өнімдерін ешқандай делдалсыз, тікелей тұтынушыға сату жолға қойылған. Ол үшін жер-жерде серіктестіктің сауда нүктелері құрылған. Аудандағы балабақшалар мен мектептер де ақжарлық сүт өнімдерін тұтынатын болады. Алдағы уақытта цех өнімдерін Өскемен, Семей қалаларына жеткізіп тұру жолға қойылмақ.

- Бұл бастаманың Тарбағатай ауданы үшін маңызы зор. Сүт және сүт өнімдерінің өндірісін дамыту мәселесі Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында жүзеге асып отыр. Ақжар ауылдық округінің халқы жаппай арнайы сүт қабылдау орнына сүт өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Дәл осындай цех жақын арада Көкжыра ауылында да ашылатын болады, - дейді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Шалғай ауданда жаңадан өндіріс орнын ашуға батылдық танытқан Бақытжан Құнафиянов болашақта жұмыс орындарының санын көбейтуге құлықты екенін жеткізді.

- Цехымызда сүт өнімдерінің түр-түрі өндіріледі. Оларды сапалы күйінде сақтау үшін Ресейден тоңазытқыш құралдар әкеліп орнаттық. Ал сүт өңдейтін қондырғылар Қытайдан жеткізілді. Әзірге бес адам жұмыспен қамтылған. Болашақта олардың санын көбейтсек деп отырмыз, - дейді кәсіпкер.

Қайта өңдеу зертханасының жас маманы Аяужан Серікқызы цехтың жұмыс тәсілімен қысқаша таныстырды.

- Цех шикізат көлеміне қарай күніне бес тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Қабылданған сүт арнайы күбіге жиналады. Бұл жерден оның құрамы мен тазалығы сараланады. Тексерістен өткен сүт белгіленген температураның көмегімен өңделіп, майлылығы нақтыланған дайын сүт ретінде ыдыстарға құйылады, - дейді жас маман.

Қадырбек Кәкімұлы,
Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар