Заманауи сүт фермасы іске қосылды

(Дауыстар: 1)
Заманауи сүт фермасы іске қосылды

ШҚО Ұлан ауданында күніне бір тонна 200 литр таза өнім өндіретін сүт фермасы іске қосылды. Аблакет ауылдық округіндегі Қарашоқы қыстағында орналасқан «Сағынқұмаров» шаруа қожалығы бүгінде сүт өндірісіне заманауи технологияларды қолданып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгінгінің сауыншысы қолына шелек ұстамайды, тек сиырлардың желініне еуропалық аппаратты кигізіп тұрса болғаны. Қалған жұмыс - шведтің «ДеЛаваль» компаниясы ұсынған автоматтандырылған құрылғының қолында. Сүт арнайы құбырлар арқылы салқындатқыш танкерге жетеді, ол жерде өнімнің майлылығы, қышқылдылығы тексеріледі. Ең бастысы, барлық жұмыс үдерісі арнайы аспаптардың көмегімен бақыланып отырады.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен өткен жылдың қараша айында қолға алынған сүт фермасы қазір ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр екен. Жобаның жалпы құны - 117 млн. теңге. Оның 66 млн. теңгесі кәсіпкердің өз қаражаты болса, қалған 51 млн. теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қорғау қоры» АҚ ұсынған «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған. Шаруа қожалығының басшысы Майданбек Сағынқұмаровтың айтуынша, мұндай іргелі іске мемлекет тарапынан көмек болғанда ғана ауыл шаруашылығы саласы алға қарай қарыштап дами бермек.

- Мемлекет тарапынан субсидия алып отырмыз. Ең алдымен бастаған ісімізге қолдау көрсетіп отырған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВКЕ үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қолымызда қазір жаңа техника бар. Шетел технологиясын өндіріске енгізе бастадық. Асыл тұқымды сиырларды өсіріп жатырмыз. Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасында,-дейді шаруа қожалығының басшысы Майданбек Сағынқұмаров.

Өткен жылы бұл фермаға Бородулиха ауданындағы «Зәйтенов» шаруа қожалығынан әрқайсысы 500 мың теңге тұратын 100 бас симментал тұқымды сиыр мен 4 бас бұқа әкелініпті. Қазір оның 60-қа жуығы туып, әр сиыр күніне 20 литрге дейін сүт береді екен. Ферма меңгерушісі Аймен Жақыпованың айтуынша, фермада қатаң технологиялық талаптар сақталады. Сүт жүретін құбырлар арнай заттармен жуылып, күніне бірнеше мәрте ыстық сумен шайылып тұрады.

- Ең алдымен тазалыққа мән береміз. Фермада қазір үш сауыншы мен 1 аппаратшы жұмыс істейді. Сүт толықтай құбырлар арқылы жүреді, жерге бір тамшысын тамызбаймыз, сүтіміз танкерде +3 градусқа дейін салқындатылған соң клиенттеріміз Өскеменнен өздері келіп алып кетеді, - дейді Аймен Жақыпова.

Асыл тұқымды сиырдың бұзауларына да ерекше күтім керек. Олар зоотехниктер белгілеген арнайы кестемен тамақтандырылады. Кестеге сәйкес бұзаулардың ұрғашысы - 440, еркегі - 380 литр таза сүт ішуі керек. Алғашқы 20 күн бойы еміздікпен күніне 6 литрден сүт беріліп, кейін ол мөлшер кемітіліп отырады.

Шаруа қожалығының басшысы Өскемендегі «Шығыс сүт», «Эмиль», «Багратион» сияқты серіктестіктермен келісімшартқа отырып, сүттің литрін қысы-жазы бір баға - 80 теңгеден өткізеді.

- Әу баста сүт таситын көлік алмақшы болдық, бірақ сүтті тасудың қажеті шамалы болып шықты. Өскеменнен өздері келіп алып кетеді. Тіпті, «Шығыс сүт» пен «Эмиль» біздің өнімге таласып та қалған кездер болған. Мен өз ауданымның кәсіпкерлерін қолдау мақсатымен сүтті «Багратион Ұлан» ЖШС-не сатып отырмын, - дейді Майданбек Сағынқұмаров.

Шаруа қожалығының басшысы жақын болашақтағы жоспарларын да айтты. Алдағы уақытта бұл жерге тағы бірнеше нысан салынып сауынды симментал сиырларының саны 200 басқа дейін ұлғайтылмақшы. Бүгінде «Сағынқұмаров» шаруа қожалығының иелігінде бес мың гектардан астам жер бар. 40 жылдан астам уақыт мал шаруашылығымен айналысқан тәжрибелі маман қазір өз шаруашылығын өзгеге үлгі боларлықтай етіп жүргізіп отыр. Мұнда сауынды сиырлармен қатар, асыл тұқымды жылқы мен қазақтың ақ бас сиырын өсіру, сонымен қатар, байыс қойын көбейту де жолға қойылған.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар