Өскеменге өң беретін нысандар бой көтереді

(Дауыстар: 1)
Өскеменге өң беретін нысандар бой көтереді

Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен Өскеменге өң беріп, шаһардың шырайын кіргізе түсетін біраз жұмыстар қолға алынған-ды. Өткен сенбіде осы жүктелген міндеттердің қалай орындалып жатқанына Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов көз жеткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Таң сәріден қаланы аралауға шыққан ШҚО әкімі аттың басын алдымен Славский атындағы жағалауға бұрды. Мұнда құрылыс құлқын сәріден басталып, тоқтаусыз жүріп жатыр екен. Күннің қызуы көтерілгенге дейін біраз шаруаны еңсеріп тастауды мұрат тұтқан жұмыскерлер тас төсеніштерді жылдам әрі асқан ептілікпен төсеп, ширақ қимылдауда. Өзен вокзалы мен Даңқ мемориалы кешенінің аралығындағы 2800 метр қашықтықта созылып жатқан жағалауда қайта жөндеуден кейін балаларға арналған ойын алаңы мен ашық аспан астындағы қажетті жабдықтармен қамтылған спорттық алаң бой көтереді. Қаланың аласапыран тірлігінен бір сәт босап шығып, көңіл сергітіп, демалғысы, бір-бірімен шүйіркелескісі келетін адамдар үшін мұнда барынша жайлы жағдай жасалуда. Отыруға ыңғайлы орындықтар, әдемі шамдар, жүруге немесе жүгіруге арналған жол, ақылы биотуалет, арнайы төсеніші бар велосипедшілер жолы бәрі де өскемендіктер мен қонақтардың игілігіне айналатыны сөзсіз. Ал велосипедшілер жолымен қыстыгүні шаңғы тебуге болады.

- Алдымен Ертістің жағалауындағы ашық-шашық жерлерді арнайы қоршаумен бекіту керек. Әйтпесе, бұл өте қауіпті. Балалар суға құлап кетуі мүмкін. Содан соң жерге төселетін тас төсеніштердің, жағалаудағы қоршаулардың түстерін де бір-біріне үйлесімді, еңсені басып тұрмайтындай етіп таңдау қажет. Қысқасы, мұнда келген адамдар жақсы демалып, тынығатындай болуы керек, - деп түсіндірген аймақ басшысы тұрғындардың мәдениетін қалыптастыру жағына да жоғары мән беруді ескертті.

ШҚО әкімінің айтуынша, жағалауға келген әрбір адам тазалық пен тәртіпті бұлжытпай сақтауы тиіс. Мәселен, адамдарға тұмылдырық тақпаған күйінде итін серуендетуге рұқсат берілмейді. Сол секілді санитарлық тазалықты бұзбау үшін иттің иесі өзімен бірге дорба алып жүруге міндеттеледі. Егер осы талаптарды орындамай жағалауда жүрсе, әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді.

Сонымен қоса, облыс әкімі алдағы уақытта жағалаудан орын тебетін балаларға арналған ойын алаңының нобайымен танысып, өзінің оң бағасын берді. Және орынбасары Жақсылық Омарға мұндай тамаша ойын алаңын Сол жағалаудағы этносаябақта да жасауға тапсырма берді.

Шығыс Қазақстан облыстық мешіттің айналасына ағаш егіледі

Жақын келешекте облыс орталығындағы Әулие апостол Андрей Первозванный атындағы Андреев кафедралды соборы мен облыстық мешітте абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Шіркеуге арнайы келіп, құлшылық үйінің жағдайымен танысқан аймақ басшысы ғимараттың айналасын ретке келтіру керектігін айтты. Мысалы, дәл шіркеудің жанындағы бос алаңқайды автокөліктер «жаулап» алыпты. Әлгі мәшинелердің иелері ғибадат етуге келген адамдар емес, сол маңда тұратын тұрғындар екен. Сондықтан көліктер тұрағы басқа орынға көшірілмек. Бұған қоса шіркеудің сәнін кетіріп, көзге шыққан сүйелдей болып тұрған дәл іргесіндегі жекеменшік ғимараттың иесімен сөйлесу қажеттігін айтты аймақ басшысы. Егер гараждың иесі келісімін беріп, нысанға кіреберіс есікті құлшылық етушілерге кедергі келтірмейтіндей арғы беттен шығарса және шіркеудің ол жақ қапталы қоршаумен бекітілсе, бәрі ретке келгелі тұр. Яғни, ғибадатхананың қым-қуыт қала өмірінен оқшауланып, діни һәм рухани амал-рәсімдерді алаңсыз атқаруға қолайлы болады. Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметов собордың жанынан шағын шіркеу (часовня) салуға көмектесетінін, ал оның жобасын «Востокагропромпроект» ЖШС директоры Жұмаш Орынтаев ешқандай ақысыз қайырымдылық ретінде жасап беретінін жеткізді. Бір қызығы, аталған шағын шіркеудің дайын жобасы Рожков дейтін жобалаушының қолында бар көрінеді. Бірақ ол дайын дүниені тегін бермейтінін, қомақты сомаға сататынын айтыпты.

Ертістің сол жағалауынан ірге тепкен облыстық мешіттің де айналасы жасыл желекпен көмкерілетін болды. Қала орталығы мен ЖМК ықшамауданы арасында арлы-берлі ағылған көліктердің толассыз легі мен шуылына таса болатындай мешіттің алдыңғы жағына шырша, қарағай, самырсын секілді қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылмақ. Бос жатқан атшаптырым алаңға гүлзарлар егіліп, мешіттің артқы жағына көлік тұрағы орналастырылмақ.

- Жаратушыға құлшылық ететін орын шуылдақтан жырақта, таза әрі жасыл желектің ортасында, ерекше аймақта болуы керек. Өйткені, мұнда адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен құтылып, ғибадат-амал істеу үшін, рухани күш-жігер алу үшін келеді ғой. Демек, біздің мешітіміз де соған сәйкес абаттандырылып, көгалдандырылуы керек, - деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

Өскеменді аралау кезінде аймақ басшысы абаттандыру, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Гагарин бульвары мен Республика алаңында болып, мердігер мекемелердің өз міндеттерін қаншалықты деңгейде орындап жатқанына көз жеткізді. Гагарин бульварындағы аллеяда да Славский жағалауындағы секілді балалардың ойын алаңы орнатылып, орындықтар қойылмақ. Сквер әдемі темір қоршаумен қоршалмақ. Ең қызығы, мұнда Дубайдағы (Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы) сияқты субұрқақ жасалады. Оның қызығы сол, сыртында ешқандай қоршауы немесе жиегі болмайды. Күн ыстықта кішкентай балалар субұрқақты аяқтарымен басып жүріп, ол жерде емін-еркін ойнап, салқындай алады. Ерекше субұрқақтың негізгі мәні осында. Құрылыстың бас мердігері «ВК Строй-Быт» ЖШС-нің аяқ алысына көңілі толған облыс әкімі орталық алаңдағы ескі субұрқақта орнатылған зодиак белгілерін Гагарин бульварындағы аллеяға әкеліп орнату жөнінде ұсыныс тастады.

Дәл осындай қызу құрылыс облыстық әкімдік алдындағы Республика алаңында да жалғасуда. Бас мердігер «ЮА-Транс» ЖШС басшысы Айдос Жомартханұлының айтуынша, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Ешқандай кешігу жоқ. Барлық қажетті материалдар жеткізілген. Орталық алаңның сәнін келтіретін ән салып, би билейтін жарықдинамикалық субұрқақтар көп ұзамай қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналады.

Аблакеткада жатақхана салынып жатыр

Аблакетка ықшамауданында орналасқан 40 пәтерлі жатақхана құрылысының басталғанына көп бола қоймағанмен, біраз шаруаның еңсерілгені байқалады. Жалпы ауданы 2190,4 шаршы метрді құрайтын бұл нысан бұрынан қаңырап бос тұрған. Осы жылдың ақпан айынан бастап Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Бикстрой» ЖШС басшылығы облыс әкіміне жыл соңына дейін жаңа пәтерлер қолданысқа тас-түйін дайын тұратынын жеткізді. Құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы өз тарапынан бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, 40 пәтерлік, оның ішінде 13-і бір бөлмелі, 27-сі екі бөлмелі тұрғын үй бөлмелерінің ауданы өте үлкен. Сондықтан екі бөлмелі 27 пәтердің онын сол күйінде қалдырып, қалған 17-сін бір бөлмелі етіп өзгертсе, баспанаға мұқтаж жас тұрғындарды көбірек қамтуға мүмкіндік тумақ. Бұған қоса мемлекет меншігінде тұратын бұл үйлер жас отбасыларға, яғни қызметке енді ғана кіріскен жас мамандарға берілетіндіктен, олардың жанұя мүшелері де көп болмайды.

І.Есенберлин көшесінің бойында коммерциялық имараттары бар көппәтерлі көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр. «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры арқылы қаржыландырылған тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарға сәйкес биыл басталып, келесі жылы толық аяқталмақ. Мұнда барлығы 658 пәтер болады. Оның ішінде 230-ы бір, 296-сы екі, 132-сі үш бөлмелі пәтерлер. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңа технологиямен жасалған отандық (Алматыда шығарылады) сапалы құрылыс материалдарын пайдаланудың арқасында жұмыс жақсы қарқынмен жүріп жатқанға ұқсайды. Күні кеше ғана іргетасы құйылып басталған тұрғын үйлердің қазір бірнеше қабаты бой көтеріп үлгеріпті.

- Пенопласт пен бетоннан құйылып, сығымдалып жасалған материалдың жылу ұстағыш қасиеті өте жоғары және салмағы жеңіл. Беріктігі де талаптарға сай келеді. Бағасы да қызыл кірпішке қарағанда әлдеқайда тиімді. Ауданының үлкендігіне қарамастан салмағының жеңіл тартуы үйдің қабырғасын жылдам тұрғызуға мүмкіндік береді, - дейді «ВК Техногрупп» ЖШС басшылығы.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары аясында қаладағы 19-шы ықшамауданда салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, атқарылған жұмыстың сапасын тексерді. Тиісті орындарға жаңадан бой түзеген және енді құрылысы жүргізіліп жатқан үйлердің алдындағы көліктер тұратын орындарды және жүретін жолдарды мейілінше кеңейтуге тапсырма берді.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Ақпан 2017    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 
Жаңалықтар