Қытай және Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорын құрады

(Дауыстар: 1)
Қытай және Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорын құрады

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен Шығыс Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы іскер топтарының бизнес кездесуі болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облысымызға екікүндік бағдарламамен Қытайдың Қазақстандағы Бас консулы Чжан Вэй бастаған бір топ қытайлық кәсіпкерлер келді. Сапар мақсаты - Шығыс Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сауда-инвестициялық байланыстарды орнату.

- Қытай - еліміздегі белсенді инвесторлардың бірі. Қазір Қазақстанда жүздеген қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны табысты жұмыс істейді. Серіктестік көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Шығыс Қазақстан - өндірістік өңір. Бізде тау-кен металлургиясы, атом өнеркәсібі айрықша дамыған. Әлемдегі титанның 20 пайызы біздің облыстан шығады. Дүние жүзінде бериллий өндіретін үш зауыт болса, соның бірі - бізде. Бұдан бөлек, өңірде күн батареяларына қажет пластиналар, түсті металл қоспалары сияқты инновациялық өнімдер де өндіріледі, - деген облыс әкімі көрші ел іскерлеріне облыстың тыныс-тіршілігін және сан саладағы орасан зор әлеуетін айтып берді.

Қытай делегациясы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және сауда, энергетика және құрылыс, туризм және қоршаған ортаны қорғау салаларында табысты еңбек етіп жүрген Шыңжаң-Ұйғыр автономды районының кәсіпкерінен құралған. Делегация құрамында Шығыс Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан Алтай және Тарбағатай округтерінің басшылары да бар.

- Жыл сайын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасының қосар үлесі зор. Табиғаты ерекше әрі өндірісі дамыған Шығыс Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасының әлеуеті үлкен, екі жаққа да пайдалы. Бүгін қол қойылатын маңызды келісімдердің орындалатынына толық сенеміз, - деді Чжан Вэй.

Жүздесу барысында делегация мүшелері облыстың инвестициялық жобаларымен, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, тоқыма кәсіпорындарының жұмыстарымен және туристік кластерімен, басқа салалардағы мүмкіндіктерімен танысты.

Жиын барысында шетел инвестицияларын тарту жөніндегі департамент директоры Шәкәрім Бұқтұғұтов инвесторларға жасалатын салықтық жеңілдіктер турасында айтты. Облыста инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылған. Ал Өскемен мен Семейдегі индустриялық аймақтар инвесторлар үшін жобаларын іске асыруға арналған таптырмас алаң болып табылады. Жыл басында Астанада өткен қазақ-қытай бизнес форумынан соң Семейде қытайлық жүк көліктерін құрастыру, Тұрғысын су-электр стансасын салу туралы келісімдерге қол жеткізілген, енді көршіміз Өскемен мен Семейдегі балабақшалар мен ауруханалардың, Шар-Майқапшағай темір жолының құрылысына қызығушылық танытып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов облыс сүт, өсімдік майы, бал, панты өндіруден елімізде бірінші орын алатынын алға тартып, қытайлық кәсіпкерлерді құс фабрикаларын, суармалы егістікті, ет өңдеу саласын дамытуға шақырды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков инвесторларды жер бөлу шарттарымен таныстырды. Оның айтуынша, қазір облыста 10 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің қоры бар.

Қытай - еліміздің екінші ірі сауда серіктесі. Қазақстанның Қытаймен сыртқы тауар айналымындағы облыстың үлес салмағы - 20 пайыз, оның ішінде экспорт - 30, импорт - 10 пайыз. Үстіміздегі жылдың төрт айында облыстың Қытаймен сыртқы тауар айналымының көлемі 170 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл - облысымыздың жалпы сыртқы сауда айналымының 22,5 пайызы.

Шығыс Қазақстан Қытайға негізінен шикізат сатады, атап айтсақ, мырыш, қорғасын, алюминий, мыс. Қытайдан облысымызға киім-кешек, аяқ киім, ыдыс-аяқ, арнайы және жүк көліктері, минералды тыңайтқыштар, өнеркәсіп құрал-жабдықтары жеткізіледі.

Кездесу соңында бірнеше меморандумға қол қойылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық қызметке жағымды жағдай жасау, Аягөз ауданында өнімділігі жылына 100 мың бас қой болатын кешен салу, Үржар ауданы, Бақты ауылында құны 2 миллиард теңгеден асатын ұн тарту зауытын салу, Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту, «НИМЭКС-Текстиль» ЖШС өндірісін іске қосу бойынша жобалар бар.

- Бүгін өте маңызды кездесу болып өтті, оның барысында біз бірлескен кәсіпорындар құру мәселесін қарастырдық. Олардың ішінде ең бастысы - туристік бизнесті, мал шаруашылығын дамыту жобалары. Бұл екі тарапқа да тиімді. Шілденің соңына дейін өңірімізге Қытайдан бір топ мамандар келіп, болашақ екіжақты жобаларды әзірлейді, ары қарайғы іс-қимылдарды пысықтайды. Аталмыш ынтымақтастықтың оң нәтиже беретініне сенімдімін, - деді кездесуден кейін тілшілерге сұхбат берген аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Экономика | Кілт сөдер: қытай

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар