Индустриялық жобалардың санына емес, сапасына мән беру қажет

(Дауыстар: 1)
Индустриялық жобалардың санына емес, сапасына мән беру қажет

Өңірдің индустриялық дамуына қарқын беретін негізді жобалар қажет. Ғаламтордан алынған әдемі сөздерді тізбектемей, экономикалық өркендеуге жол ашатын жобалар іздеп, байыпты бизнес-жоспар жасағанда ғана индустрияландыру картасының нәтижесін көреміз. Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметов индустриялдық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ең алдымен осы мәселеге назар аудартты.

Кеңестің бұл жолғы отырысында аймақтың индустрияландыру картасына енгізілгелі отырған үш жоба қаралды. Бесқарағай ауданындағы Семияр қазба орнында қиыршық тас өндіруді жобалап отырған «КазНедраСтрой» ЖШС финляндиялық «StartStreenTM» технологиясын қолданып, құрылыс материалдарын өндірудің өзгешелігімен таныстырды. Семияр қазба орнындағы шикізат қоры 3,5 млн тоннаны құрайды.

- Жылына 500 мың тонна қиыршық тас өндіруді жоспарлап отырсыздар. Демек, жоба бойынша бар-жоғы жеті жыл жұмыс істемексіздер, - деді облыс әкімі «КазНедраСтрой» ЖШС өкіліне. - Осыдан-ақ жобаның тиімсіз екені аңғарылып тұр. Оның үстіне бізде қиыршық тас өте көп өндіріледі. Сіздердің жыл сайын өндіретін 500 мың тонна қиыршықтарыңыз қайда кетеді? Бұл сұраққа жауап жоқ. Даму банктері қол қойған индикативті ұсыныстар, техникалық-экономикалық негіздеме де жоқ. Жоба шикі, толықтырып, қайта қарауды қажет етеді.

Зайсан ауданында өндіріліп жатқан табиғи газдың барлығы дерлік қазір Қытайға сатылып келеді. Осы уақытқа дейін өңірден ол жаққа 419 млн текше мөлшерінде көгілдір отын жөнелтілген. Аудандағы 9 елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Болашақта Зайсан газының жартысын өзіміздің ішкі нарықта тұтыну міндеті тұр. Зайсан ауданындағы осы көгілдір газдың пайдаланылу нарығын кеңейтіп, одан метанол өндіруді көздеп, метанол өндірісі зауытын салудың инвестициялық жобасын алып келген «Sharaina 7» ЖШС өкілі жаңа өндірісте 135 жұмыс орны ашылатынын айтып, химия өнеркәсібі саласына қажетті өнімнің сұраныссыз қалмайтынын жеткізді.

Алайда, облыс әкімі бұл жобаның да экономикалық тиімділігі мен негізділігі жан-жақты сараланып, байыпталмағандығын айтып, кері қайтартты.

- Ешкім де Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының беделін түсіріп, қолжаулық етпеуі керек, - деді Даниал Ахметов аудан, қала әкімдеріне қарата. - Егер сіздер төрт қарапайым мәселені түсініп, түйген болсаңыздар, мұндай болмас еді. Жобалар аз болса болсын, бірақ олар шынайы негізді болуы тиіс.

Үйлестіру кеңесінің отырысында Аягөз ауданындағы индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған, қосылып жатқан жобалар жөнінде осы ауданның әкімі Бақытжан Байахметов баяндады.

Аудандағы республикалық индустрияландыру картасына еніп отырған Ақтоғай кен-байыту комбинаты құрылысын салуда қаржының 46 пайызы игеріліп отыр. Жыл соңында кенді сілтілеу жолымен тотықтыру кешенін іске қосу көзделінген. Ал Аягөзде салынған кірпіш зауыты өз қуатының 20 пайызында жұмыс істеп тұр. «Кэмп-Восток» ЖШС алтын аршу фабрикасында өткен жылы 23 келі алтын өңделген. Аудан әкімі қазір бұл өндірісте жаңа құралдар іске қосылып отырғанын, енді жылына 70 келі алтын өндіріп, фабриканың жобалық қуатына көшуге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Аягөз ауданы бойынша индустрияландыру картасы аясында іске қосылған тағы бір жаңа өндіріс - «Тасқара» алтын өңдеу фабрикасының жұмысы қазір тоқтап тұр. «Аягөз Суырлы» кәсіпорнының киіз және киіз өнімдері өндірісі де сұраныстың жоқтығы салдарынан дағдарысты бастан кешіріп отыр.

Жалпы, елімізде үдемелі-индустриялық инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен кезеңнен бастап біздің облыстан оған 846 млрд. теңгенің 76 жобасы енгізілген. Осы уақытқа дейін 213 млрд. теңгенің 46 жобасы жүзеге асып, жеті мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 335 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Аймақтың индустрияландыру картасын маңыздандыру мәселелері турасында баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мағаша Сайдуақасова жер-жерлердегі өндірісі тоқтап, жартылай жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық қуатында жұмыс істеуге көшіріп, жобаларды одан әрі жүзеге асыру, ірі кәсіпорындардың жұмысын ширату мақсатында аймақта арнайы Жол картасы жасалып отырғанын айтты.

Жол картасына енгізіп, жұмысын жандандыруды қажет ететін кәсіпорындар аймақта аз емес. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша іске қосылған 46 кәсіпорынның (жобаның) 27-сі немесе 57 пайызы жоспарлы көрсеткішіне жетіп, өз қуатының 90 пайызы және одан жоғары көлемінде жұмыс істеп тұр. 6 кәсіпорын 50 пайыздан төмен қуатында. 13 жоба бойынша өнім шығару жоспарланбаған. Мәселен, Өскемендегі «Полиус» ЖШС сияқты шағын кәсіпорындар толық жүктемемен жұмыс істеп, өркендеп жатса, Семейдегі «Тері-былғары өнімдері комбинаты» ЖШС өндіріс деңгейін әлі күнге ұлғайтпай келеді. Курчатовтағы полиэтилен жабындылары өндірісі зауытының да жұмысы баяу.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің тапсырмасы бойынша облыстағы маусымдық сипаттағы жобалар, көкөніс қоймасы, жылыжайлар, бал өндірісі және де саланың дамуына айтарлықтай әсерін тигізбейтін кірпіш, қиыршық тас, тағы да басқа өндірістер енді индустрияландыру картасынан шығарылып тасталмақ.

- Ғаламтордан алынған әдемі картиналар мен сөздерді тізбектемей, байыпты, экономикалық негізді жобалар жасауларыңыз керек. Даму банктерінің нақты қаржыландыруы қажет, өз қаражатының болуы тиіс. Сондай ізденістен ғана нақты нәтиже болады. Индустрияландыру картасының барлық жобалары индустрияландырудың, инновацияның көздеген мақсатына, ұғымына жауап беруі тиіс, құр жоба әкелу - уақытты босқа кетіргендік, - деп үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа индустрияландыру картасынан шығарылуға ұсынылып отырған кәсіпорындардың, сондай-ақ, облыстағы жұмыс істеп тұрған 46 кәсіпорынның әрқайсысында болып, олардың бүгінгі жағдайын нақты баяндауды тапсырды.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар