Этнодемографиялық ахуал жан-жақты талқыланды

(Дауыстар: 1)
Этнодемографиялық ахуал жан-жақты талқыланды

Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Қазақстан және көршілес мемлекеттердегі этнодемографиялық үрдістер» атты ХV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Екі күнге созылған басқосуға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Чехия, Түркия, Польша, Қытай және Ресейдің демография, тарих, политология, социология және философия саласындағы көрнекті ғалымдары мен жетекші мамандары жиналды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Бүгінгі конференция тек қазақстандықтар үшін ғана емес, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды. Осыдан он бес жыл бұрын ашылған Достық үйінің жұмысы жаңа сатыға көтеріліп, енді Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы аталатын болды. Біздің мақсатымыз - елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті, өзара келісімде өмір сүруіне жағдай жасау. Еліміздегі тыныштық пен бейбітшілік басқа көптеген мемлекеттерге үлгі. Сол себепті бүгінгі келелі отырыста қонақтар өздеріндегі этнодемографиялық проблемаларды ортаға салып, өз көзқарастарымен бөліседі , - деді Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков.

Сонымен қатар, Эльдар Төлеубеков облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптама тобының жұмысы, Достық үйінде ұйымдастырылатын шаралар жайында әңгімелеп, Елбасының Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық өзара келісімді қамтамасыз ететін стратегиялық бағдарламаларының маңызына тоқталды.

Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің қолдауымен осымен он бесінші рет әлемдік ғылыми элитаның өкілдерін қабылдап отыр.

ШҚМТУ-дың профессоры, философия ғылымдарының докторы Лилия Столярова конференцияға қатысушылардың көп жылғы достарымыз екенін, ғылыми ізденістер адамзатты жақындата түсетінін ерекше атап өтті. Профессордың пайымдауынша, бүгін жер бетіндегі барша халықтың болашағы үшін бірлесе жауап беретін кез жетті. Әлем ғылым тілімен сөйлегенде ғана зеңбіректердің оқ атуы тоқтайды. Осы орайда ғалым Қазақстан Президентінің еліміздегі көп ұлттардың тату-тәтті өмір сүруіне қатысты ұстанып отырған сындарлы саясаты баршаға үлгі боларлық екеніне сенімді.

Бұл ойды Алтай мемлекеттік университетінің (Барнаул) профессоры, тарих ғылымдарының докторы Юлия Лысенко жалғастырды.

- Осыдан бір жыл бұрын біздің университетте «Қазақстандық жол. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ» кафедрасы ашылған. Біздің аймақтарды көп жылғы достық қарым-қатынас жалғастыруда. Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының қолдауымен Ресейде оқитын қазақстандық студенттер үшін әртүрлі акциялар ұйымдастырылды. Наурыз мерекесі қарсаңында орталық Азия халықтары студенттерінің конгресі, Қазақстан мен Ресейдің тарихына арналған студенттік олимпиада өтті. Бұдан басқа, облыстық талдау және болжау институтымен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргіземіз. Біздің әріптестігіміз нығая береді, - деді ресейлік ғалым.

Буффало университетінің (Нью-Йорктің мемлекеттік университеті) профессоры Стюарт С. Ченнің өзінің отбасына қатысты айтқан әңгімесі этнодемография тақырыбы Қазақстаннан басқа мемлекеттерде де өзекті екенінің дәлелі іспетті. Әкесі Қытайдан шыққан Стюарттың анасы америкалық ақ нәсілді әйел. Соған қарамастан оны жасөспірім кезінде «мен кіммін, тегім қайдан шықты?» деген сұрақтар көп мазалапты. Өзінің айтуынша, қытай тілін жетік білмегендіктен, оны күн асты елінінің өкілдері қабылдамайды, ал таза америкалықтар үшін оның өңі қоңыр. «Менен кейінгі ұрпағымның жағдайы қалай болар екен?» деген ойлар ғалымды бүгін де толғандырады екен.

-Дегенмен мен екі ұлттың қаны араласқан өз қанымды басқалардікінен кем деп ойламаймын. Мен қайта әкемнің басқа жаққа қоныс аударғаны үшін қуанамын, әйтпесе, олар анам екеуі кездеспес еді, - деген Стюарт С.Чен бүгінгі таңдағы босқындардың мәселесіне деген көзқарасымен де бөлісті.

- Қазақстанда бір шаңырақтың астында 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері болса, Қытайда 56 ұлттың өкілдері тұрады. Әлемдік өркениеттің дамуының негізгі бағыттары бірлік, достық және әріптестік болу керек, - деген пікірлерін ортаға салды қытайлық әріптестер.

Конференцияның жұмысы бұдан кейін арнайы секциялармен жалғасты. Жиында көтерілген мәселелерге қатысты айтылған ойлар мен ғылыми баяндамалар соңынан арнайы жинақ болып шығады дейді ұйымдастырушылар.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар