Футбол академиясына үміткер балаларды іріктеу басталды

(Дауыстар: 1)
Футбол академиясына үміткер балаларды іріктеу басталды

Өскеменде испандық «Реал Мадрид» клубының тәжірибесі негізінде жаттықтыратын футбол академиясына үміткер балаларды іріктеу басталды. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов және «Soxna» консалтингтік компаниясының өкілі, академияның бас бапкері Оскар Гарро Пиньеро мырзаның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов өңір футболын бүгінгі уақыт талабына сай жоғары деңгейге көтеру үшін шетелдік үлгідегі жүз балаға шақталған футбол академиясын құруға тапсырма берген-ді. Артынша көп ұзамай Испанияның «Soxna» консалтингтік компаниясы мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының арасында меморандумға қол қойылған. Енді міне мамандар академияға қабылданатын балалардың қабілет-қарымын анықтауға кірісіп те кетті.

- Іріктеу жұмыстары Өскемен және Семей қалаларында жүргізіледі. Облыс орталығындағы іріктеу кезеңі 17-31 қазан аралығын қамтыса, Семейде қарашаның 2-сі мен 7-сі аралығында өтеді. Іріктеуге 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуда. Бүгінгі күні 700-дей өтініш түсіп отыр. Соның ішінен ең мықты деген жүз қабілетті бала академияға оқуға алынады, - деп түсіндірген Елдос Чикенов балалар академияда тегін оқитынын жеткізді.

Мамандардың айтуынша, жеткіншектерді аяқдоптың әліппесінен бастап кәсіби деңгейге дейін баулып шығаратын оқу орнында Пиреней түбегінен келген бапкерлермен қатар, отандық жаттықтырушылар да еңбек етпек. Бұл, әрине, шетелдік мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, олардан көп нәрсені үйреніп-білуге мүмкіндік береді. «Soxna» өкілдері сонымен қоса қазақстандық әріптестеріне шеберлік сыныптарын өткізіп, дәрістер оқып, тәжірибелерін бөлісетін болады.

- Біз үш іріктеу өткіземіз. Бірінші алаңдағы ойыншының әртүрлі жағдайда қалай әрекет ететінін байқаймыз. Яғни, баланың аталған спорт түрін қалай түсінетінін, алаңды көруі мен ойлау қабілетін бағалаймыз. Одан кейін осы сыннан іркілмей өткен балаларды екі командаға бөліп, бір-біріне қарсы ойнатып көреміз. Ең соңғы үшінші іріктеу сында үміткердің физикалық дайындығы сыналады, - деп нақтылаған Оскар Гарро Пиньеро іріктеу байқаулары Өскемендегі «Восток» стадионы мен Комсомол аралындағы жасыл алаңда өткізілгенін айтты.

Брифинг барысында басқарма басшысы келер жылдан бастап «Восток» стадионына жақын маңнан оқу-жаттығу шараларын өткізу стандартына сай келетін жабық футбол манежінің құрылысы басталатынын, сондай-ақ, таяуда өңірімізге Испаниядан мәртебелі меймандар келетінін мәлім етті.

- Іріктеу аяқталысымен, қараша айында Өскеменге «Soxna» компаниясының президенті және осы компанияның ресми серіктесі, Испания құрамасы мен мадридтік «Реалдың» капитаны болған әйгілі аяқдоп шебері Фернандо Йерро келеді. Осының бәрі өңір футболының өркендеуіне, жаңа бір белеске көтерілуіне үлкен ықпалын тигізеді, - деді Елдос Чикенов.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар