Оқушының зейіні нәрлі тамақтануына тығыз байланысты

(Дауыстар: 1)
Оқушының зейіні нәрлі тамақтануына тығыз байланысты

Шығыс Қазақстан облысы көлеміндегі мектеп оқушыларына 2014 жылы жүргізілген дәрігерлік тексерулердің қорытындысы бойынша 72 мың 306 баланың денсаулығынан әртүрлі кінәраттар табылған. Олардың 17,5 пайызында асқазан-ішек жолдарының ауыратыны белгілі болды. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, бұл ең алдымен балалардың дұрыс тамақтанбауларынан және ас қабылдау мерзімін сақтамағандарынан болып отыр.

Жас ағзаның қалыпты өсуі мен дамуы үшін маңызды шарттардың бірі - салауатты тамақтану. Оқушының өзіне деген сенімділігі, оқудағы табыстары мен зейіні, тіпті, есте сақтау қабілеті де нәрлі тамақтануына тығыз байланысты. Жеткіншектің күшті де белсенді болуы, сабағын жақсы оқуы үшін оның дер кезінде ауқаттануына, тағамның қоректілігі мен нәрлілігіне көп көңіл аудару қажет. Бұл орайда бірінші кезекте мектеп оқушыларының сабақ кезінде ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне, тағам рационының дәрумендер мен минералдық заттектерге бай болуына үлкен мән берілуі тиіс. Енді осы мәселеге орай зерттеу жүргізсек.

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, облыс бойынша 579 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамтуға қол жеткізілген сынды. Аймақтағы 167 694 оқушы (мектеп жасындағы барлық шығысқазақстандықтардың саны 174 265) білім ордаларының асханасынан ыстық ас ішеді екен. Оның ішінде жетімдерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және күнкөрісі төмен отбасыларынан шыққан 23 636 балаға тегін ыстық тамақ беріледі. Десе де бастауыш сынып оқушыларының ыстық ауқатпен қамтылуы бар болғаны 42,9 пайызды (33 665 оқушы) құрап отыр. Мұның сыртында 29 мектепте білім алатын ұлдар мен қыздар буфеттік тағам өнімдерімен өзек жалғауға мәжбүр.

ШҚО әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, 2010 жылдан бастап өңіріміздегі барлық мектепте оқушылардың ас мәзіріне бал мен сүт енгізілген болатын. Қазір әлеуметтік жағынан нашар қорғалған және күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушылар жас ерекшеліктеріне қарамастан, ағзаға өте қажетті бал мен сүт өнімдерімен 100 пайыз (23 636 бала) қамтылып отыр.

Облысымыздың бас мұғалімінің айтуынша, кейбір аудан мен қала әкімдері осынау жағымды үрдісті жалғастырып, 1-4 сынып оқушыларының тамақтану рационына бал мен сүтті тиісінше қосыпты. Өңірдегі Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Ұлан және Үржар сынды он аудан мен Курчатов, Риддер қалаларында бастауыш сынып оқушылары ешқандай экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, тегін ыстық тамақпен жүз пайыз қамтылған. Ал облыс орталығында бастауыштағы балғындарға бал мен сүт беру көрсеткіші жүз пайызға жеткенімен, тегін ыстық аспен қамтылу деңгейі тым төмен, бар болғаны 14,3 пайыз ғана. Көңілге бір медеу болары сол, облыс көлеміндегі бастауыш сынып оқушыларын ақысыз ыстық ауқатпен түгелдей қамту мәселесі бүгінде облыс басшылығының назарында тұр. Осы проблемаға қатысты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың жетекшілігімен өткен селекторлық кеңесте арнайы жұмыс тобы құрылған.

Жалпы, облыс бойынша тамақтанудың орташа бағасы 166 теңгені құрайды екен. Іргесінде көкөніс өсіретін учаскелері мен жылыжайлары бар-жоғына қарай мектептердегі тамақтанудың құны 110-250 теңге аралығында өзгеріп отырады.

15-17 жастағылардың иммунитеті төмен болып келеді

Өскемен қаласындағы №2 емхананың жасөспірімдер терапевті Әйгерім Шәріпованың қабылдауына облыс орталығындағы жиырмадан астам мектептің оқушылары келетін көрінеді. Оларды негізді тексеретін дәрігер 15-17 жас аралығындағы жеткіншектердің көпшілігінде асқазан гастриті мен асқазанның ойық жарасы кездесетінін айтады. Туралап айтсақ, бүгінде 74 ұл-қыз осындай диагноздармен диспансерлік есепте тұр. Ал олардың дәрігерге қаралмай жүргендері қаншама?! Терапевт жасөспірімдердің бесіктен белдері шықпай жатып, ас қорыту жүйелерінің дертіне шалдығуларының басты себебін олардың дұрыс тамақтанбауымен байланыстырады. Заманауи білім беру бағдарламасы күрделі болғандықтан, оқушылардың күнделікті сабақ жүктемелері олардан көп күш-қуат жұмсауды қажет етеді. Білім алушылар уақыттарының денін білім ошағының қабырғасында өткізеді. Алайда, ол жерде күнделікті ыстық тамақ ішуге барлығының жағдайлары келе бермейді де, олар көбінде құрғақтай тамақтануға дағдыланған. Балалар сабақ арасында дүкеннен алған суық шай мен энергетикалық сусындарды ішетіндерін, самса, қамырға оралған сосиска сияқты өнімдермен жүрек жалғайтындарын жасырмайды. Енді бұған оқушылардың сыртқы жағымсыз факторларға төзімсіздігін қосыңыз. Жалпы, 15-17 жастағы балалардың иммунитеті төмен болып келеді. Сол себепті, олардың ағзалары тек асқазан-ішек жолдарының ауруларына ғана емес, инфекциялық дерттерге де бейім. Күздің алғаш суытқан күндерінде суық тиіп, аздап тұмауратқан балалар мектеп бағдарламасынан қалыс қалмау үшін сабаққа бара береді. Осылайша, бір сыныпта тұмауратқан 7-8 бала жүреді.

Әйгерім Шәріпова уақтылы жойылмаған инфекция ошағы демікпе дертіне, тіпті, асқынған кезде өкпенің құрт ауруына (туберкулезге) әкеліп соғуы әбден мүмкін екенін жеткізді. Аймақтың экологиялық жағдайы да жеткіншектердің денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Терапевт әсіресе, дүйсенбі күні қабылдауға жұтқыншақтары күйіп қалған науқастардың көп келетінін айтады.

- Сенбі, жексенбі күндері қаладағы ірі кәсіпорындар ауаны өндіріс калдықтарымен шамадан тыс ластайды. Сондықтан демалыс күндері белсенді демалу мақсатында табиғат аясына, спорт алаңдарына шыққан қалалықтар ертеңінде тамақтарының жұтындырмайтынына шағымданады, - дейді дәрігер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сенсек, аурулардың тек 5 пайызы ғана нашар экология салдарынан болатын көрінеді. Аталған факторды үнемі дұрыс тамақтанбаумен және жағымсыз жағдаяттардың салдарынан болатын күйзелістермен ұштастырсақ, көп ұзамай елімізде нағыз дімкәс ұрпақ қалыптасуы ықтимал.

Барлық мектепте бірыңғай ас мәзірі енгізілген

Өскемендік Райхан Жылқайдарованың жоғары сыныпта оқитын қызы Қарақат қосымша сабақтарға қалатындықтан, үйге тек кешкі бес-алтылар шамасында шаршап-шалдығып әрең жетеді.

- Қызым мектеп асханасынан күніне екі рет ауқаттануға мәжбүр. Оның өзінде тек буфеттік өніммен шектеледі, өйткені, «үзіліс кезінде ыстық тамақ ішіп үлгермеймін» дейді. Кезінде мен де мектепте жұмыс істегенмін, ол кезде біздің сынып жетекшілеріміз оқушылардың ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілуіне баса көңіл бөлетін-ді. Таңертең сабаққа келе сала, балалардан тапсырыс жинап аламыз, ал қоңырау соғылғанша асхана қызметкері балалардың ішетін астарын дайындап қоятын, - дейді Райхан. - Балам күн сайын буфеттен самса мен тоқашқа оралған сосиска жеп келеді. Ал отбасылық ас мәзірімізде шұжық, сосиска деген тағамдар атымен болмайды.

Осы зерттеу мақаламызды жазар алдында тағы бір әңгімелескен адамымыз облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің балалар, білім беру және асханалық нысандарды қадағалау бөлімінің басшысы Раушан Сатекова болды. Ол кісі ас мәзірі мен буфеттік өнімдердің атауларын мектеп директорлары бекітетінін және департамент мамандарымен келісілетінін айтады.

- Негізінде самса мен сосиска оралған нан майға қуырылмай, пеште пісірілсе, ол фаст-фудқа жатпайды. Ондай тағамға рұқсат етілген, - дейді маман. - Тек оның қаншалықты жиі тұтынылатынына мән беру керек. Мұндай тағамдарды күнделікті пайдалануға болмайды.

Бөлім басшысының түсіндіруінше, мектептердегі аспаздарда баланың ағзасына қажетті тағамдардың нормалары көрсетілген рецептуралық анықтамалар болуы керек. Олар соған сүйеніп, екі апталық ас мәзірін әзірлейді. Мектеп басшылығы рационда барлық дәрумендердің, ас мәзірінде көкөністер мен жеміс-жидектердің жеткілікті болуына ерекше назар аударуы тиіс. Бүгінде барлық білім ошақтарында бірыңғай ас мәзірі енгізіліпті. Ал аталған департаменттің қызметкерлері дайын тамақтың сапасын үнемі бақылауда ұстайтын көрінеді. Тағамдардың микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері көп жылдардан бері тұрақты, ешқандай ауытқушылық байқалмаған.

Департамент қызметкерлері балаларға тамақ пісіретін жеке кәсіпкерлермен ұжымдардағы тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормативтік құжаттар талаптарын сақтау жөнінде үнемі оқыту семинарларын өткізіп отырады. Қазірде облыстағы 426 мектепте оқушыларға тамақ ұйымдастыратын тасымалдаушылар анықталып қойыпты.

Таңғы ас - Тәңірден

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Наталья Сабанова бала мен жасөспірімдердің ас мәзірінде мал өнімдері мен өсімдік тектес өнімдердің міндетті түрде болуы қажет екенін айтады. Оларға ет, балық, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдері: ірімшік, айран, сарымай, көкөністер мен жемістер, өсімдік майлары, ұннан жасалған тағамдар, жарма мен бұршақ түрлері жатады.

Дәрігердің пікірінше, әсіресе, таңғы асқа көп мән беру керек. Жоғары сынып оқушыларының көбінде бір шыны шайды немесе кофені жұта салып, сабақтарына жүгіретіні жасырын емес. «Таңғы ас - Тәңірден» демекші, әрбір ата-ана өз баласының нәрлі һәм құнарлы ас қабылдауын үнемі қадағалауы қажет. Тіпті, үлгермей жатқанда, үйде пісірілген тоқашты, не болмаса, бір тілім ірімшік пен нанды орап салып беру керек. Ал түскі ас кезінде сұйық сорпа мен еттен, не балықтан жасалған қою тамақ, көкөністерден жасалған салаттар жеген дұрыс. Ағзадағы дәрумендерді толтыру мақсатында шырын, кепкен жемістерден қайнатылған компот пен кисель ішкен өте пайдалы.

Баланың бәрі бесіндік тамақты жақсы көреді. Оған ашыған сүт өнімдерін, тоқаш пен тәтті печенье қосуға болады. Кейде алма да беріп жатады. Не болса да жеткіншектің кешкі асқа дейін қарнының шұрқырауына жол бермеген жөн.

Балалар кешкі асты отбасымен бірге отырып ішеді. Күні бойы қызметте болған ата-ана да кешкісін жақсылап, үйде әзірленген тағамды жейтіні сөзсіз.

- Осы жерде көпшілік жіберетін қателік - кеш бетінде тым құнарлы, нәрлі тағамдарды тұтыну. Қоғамдық орындардың сылдыр су тамағынан жалыққан үлкендер де дәл жатар алдында асылған ет, не тұшпара мен басқа да майлы ас жеп, мәре-сәре болып қалады. Әрине, отбасы мүшелерінің үлкен дастарқан басында жиналып, бірлесе ауқаттануы жанұяны біріктіре түседі. Дегенмен, ең дұрысы - жатар алдында қорытылуы қиын, тым ауыр тамақтардан бас тарту. Кешкі асқа ірімшік пен қаймақ сияқты сүт өнімдері, жарманың әр түрі орынды. Ал отбасылық дәмді тамақтану дәстүрін демалыс күндері түс мезгіліне белгілеуге болады, -деген кеңесін берді Наталья Сабанова әңгімесінің соңында.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар