Экспортқа жіберілетін алғашқы титан құймасын шығарылды

(Дауыстар: 1)
Экспортқа жіберілетін алғашқы титан құймасын шығарылды

Өскемендегі «ПОСУК Титаниум» ЖШС Қазақстан - Корея бірлескен кәсіпорнында алғашқы титан құймасы алынды. Түбегейлі өңделген, халықаралық талаптарға сай титан құймасын әлемдік нарыққа еркін шығара отырып, одан түсетін табысты әлденеше есеге арттыруға мүмкіндік беретін коммерциялық тазалықтағы титан құймасын алу - Қазақстан титанының тарихындағы айтулы оқиғаның бірі саналып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Былтырғы желтоқсанда іске қосылған өндірістен бірінші рет құйылып шыққан титан құймасын алу сәтіне орай өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, «Қазақстан Даму банкі» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Достияров, «РОSКО» компаниясының аға вице-президенті Ким Кванг Су, «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер, «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова, комбинат жұмысшылары қатысты.

«Посук Титаниум» ЖШС 2010 жылы Индустриялық инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен оңтүстік кореялық «ПОСКО» компаниясының бірлесуімен құрылған болатын. 2014 жылдың желтоқсанында Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде титан құймалары мен қаңылтақтарын өндіретін зауыт алғаш рет іске қосылды. Бір жылға жуық уақыт ішінде «ПОСКО» компаниясының сертификаттауынан өтіп, халықаралық ISO 9001:2008 стандарттары талаптарына сәйкестігі менеджменттік сапасы жүйесінің сертификатын алып, әлемдік титан нарығына шығаруға әбден лайық екенін дәлелдеген жаңа өнім Қазақстан экономикасына ерекше серпін беретін отандық индустрияның жетістігін паш етті.

Инвестициялар және даму жөніндегі министрлік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов бүгінгі күні «ӨТМК» АҚ титан өнімдерінің әлемдік титан нарығының 14, әуеғарыш нарығының 20 пайызы үлесін алып отырғанын, бірнеше металлургиялық өңдеу сатыларынан өтіп, қосылған құны анағұрлым артқан «Посук Титаниумның» титан құймалары қазақстандық титанның бәсекелестік қабілеті мен нарықтағы үлесін әлдеқайда арттыруға үлкен мүмкіндік туғызатынын атап айтты. Комитет төрағасы әлемдік дағдарыс кезеңінде еліміздің экономикалық даму деңгейін төмендетпей, оның басты саласы саналатын металлургиялық өндірістерді өркендетуге орай жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетіліп жатқанын, осы бағыттағы іс-шаралардың жалғаса беретінін жеткізді.

- Бүгінгі оқиға облысымыз үшін ғана емес, еліміз үшін аса маңыздылығымен ерекше, - деді комбинат жұмысшылары мен шараға қатысушы қонақтарды алғашқы титан құймасының алынуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. - Ғылым мен өндірістің ғажайып жетістігінің нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба ел экономикасына, индустриялық-инновациялық дамуымызға серпін берер бірегей зауытты іске қосуға мүмкіндік берді. Оңтүстік кореялық әріптестерімізге, комбинат, кәсіпорын ұжымына жемісті еңбек тілеймін.

«Посук Титаниум» ЖШС зауытының титан құймалары мен қаңылтақтарын өндіру зауыты - Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылған бірегей өндіріс. Зауыттағы электронды сәулелі пеш дүниежүзіндегі аса қуатты деп саналатын пештің бірі. Электронды сәулелі пеш ұңғыларының әрқайсысының қуаты 800кВт. Қалдықсыз өндіріс титан шикізатының барлық түрлерін өңдеп, жоғары сапалы өнім алуға қол жеткізіп отыр.

Жылына 6000 тонна титан құймалары мен қаңылтақтарын шығаратын бұл зауыттың өнімдері енді энергетика, су көлігі, сумен қамту, тағы да басқа салалардың өнімін өндірушілерге сату үшін титан өндіруші әлемдік ең ірі компанияның бірі Оңтүстік Кореядағы «ПОСКО» кәсіпорнына жөнелтіледі.

Титанды өңдеудің технологиялық буындарын көбейту арқылы өнімді түбегейлі өңдеп, инновациялық технологиялардың көмегімен жоғары сапалы өнім алуға, өнім түрін көбейтуге қол жеткізген кәсіпорын осылайша әлемдік жұқа титан өнімдері нарығына нық қадам басатын болады.

Жобаның құны - 70 млн. АҚШ доллары. Оның 24 пайызын он жыл мерзімге «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған. «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Достияровтың айтуынша, аталған банктің қаржылық қолдауымен біздің облыста жалпы сомасы 121 млрд. теңгенің үш инвестициялық жобасы, үш экспорттық қаржыландыру операциясы іске асырылып жатыр.

Қазіргі күні зауытта 70 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Жиында «ПОСКО» компаниясының аға вице-президенті Ким Кванг Су, «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер, «ӨТМК»АҚ президенті Әсем Мамутова «Посук Титаниум» ЖШС металлургтерін мерекеге айналып отырған айтулы оқиғамен құттықтап, ХХI ғасырдың жаңа технологиясын игеріп, жұмыс істеп жатқан мамандардың, жастардың еңбектеріне жеміс тіледі, кәсіпорынның, комбинаттың алдында тұрған мақсат-мүдделерді жеткізді.

Алғашқы титан құймасын алу сәтіне арналған салтанатты жиында «ПОСКО» компаниясы мен «Посук Титаниум» ЖШС арасында 2016 жылы «Посук Титаниум» ЖШС коммерциялық тазалықтағы титан құймаларын Оңтүстік Кореяға атом станциясын салуға сату жөнінде меморандум қабылданды. Еліміздің, қанатты металдың жарқын болашағын тудырған жаңа өнімді өткізудің тағы бір нарығын белгілеп, бекіткен бұл маңызды құжатқа «Посук Титаниум» ЖШС бас директоры Сергей Подлесный мен «ПОСКО» компаниясының аға вице-президенті Ким Кванг Су қол қойды.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар