Ғарышкер Айдын Айымбетовті Шығыс Қазақстан жұрты құшақ жая қарсы алды

(Дауыстар: 1)
Ғарышкер Айдын Айымбетовті Шығыс Қазақстан жұрты құшақ жая қарсы алды

Ғаламшарды 150 рет айналып шыққан еліміздің үшінші ғарышкері Өскеменге келді. Елінің, Елбасының ықыласына бөленген Халық Қаһарманы, полковник Айдын Айымбетовті Шығыс Қазақстан жұрты әуежайдан құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қазақтың үшінші ғарышкері Өскеменге келеді дегенді естіген жұрт құшақ-құшақ гүлдерін алып, әуежайға қарай асықты. Ғарышкер мінген ұшақ әуежайға қонған бетте өскемендіктер көк туларын желбіретіп, «Айдын алға, Айдын самға» деп ұрандатумен болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған жұртшылық Айдын Айымбетовті ерекше ықыласпен күтіп алды. Сонымен қатар, әскери үрмелі аспаптар оркестрі, облыстық Достық үйінің түрлі этнос өкілдері қошемет көрсетті. Ал ақ жаулықты әжелер шашу шашып, батыр ұлдарына жүрекжарды тілектерін айтып жатты.

Ұшақтан түскен Айдын Айымбетов те шығысқазақстандықтарға арнап жылы лебізін білдірді.

- Мені Өскеменнің жастары ерекше ілтипатпен қарсы алып жатқандарына шексіз ризамын. Мен ғарышқа сапарымды Отанымыздың гүлденуіне арнадым. Қазақстанымыз жасасын! - деді ғарышкер Айдын Айымбетов.

Аймақ басшысы автокөлік тарту етті

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Айдын Айымбетовті арнайы қабылдап, аймақ жұртшылығы атынан темір тұлпар мінгізді. Әуелі аймақ басшысы ғарышкерге Шығыс жеріне арнайы сапарлап келгені үшін алғыс білдірді.

- Ғарышкер деген мамандық иелеріне қашан да елдің ықыласы айрықша болған. Солай бола да береді. Өйткені, ғарышкер - өз елінің бетке ұстар перзенттерінің бірі. Сіздей айбынды азаматпен жолығып, дидарласып отырғаныма қуаныштымын, - деген аймақ басшысы Айдын Айымбетовке облыстың тыныс-тіршілігі жайында қысқаша мәлімет берді.

- Біздің аймақ әлемдегі ең ірі ядролық отын өндірісін қолға алып отыр. Дүние жүзіндегі берилий өндіретін үш зауыт пен тантал өндіретін бес зауыттың біреуі Өскеменде орналасқан. Өңір еліміздегі ірі металлургиялық аймақ болып саналатынын білесіз. Әлемде теңдесі жоқ кен орындарының қатары 2018 жылы жаңа екі кенішпен толығатын болады. Облыстың аграрлық әлеуеті де орасан. Қазір сол саладағы әлеуеттерімізді кеңінен пайдалануға күш салып жатырмыз, - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы Шығыс жері де Қазақстанның атын асқақтатып жүрген таланттарға кенде емес екенін, олардың арасында Олимпиада ойындарының чемпионы да бар екенін атады.

Өз кезегінде Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов те зор ықыласпен қарсы алып жатқан облыс жұртшылығына ризашылығын білдірді.

Ғарышкер Айдын Айымбетовті Шығыс Қазақстан жұрты құшақ жая қарсы алды

- Отандастарымның тілегі қабыл болып, ғарышқа жасаған сапарымыз сәтті аяқталды. Мен әуеге ғарышкер ағаларымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бас болып, еліміздегі жетекші ғалымдар дайындаған ауқымды ғылыми бағдарламаны орындау үшін аттанған болатынмын. Ойға алған шаруаның бәрін тындырдым. Қазір ғалымдар сол жұмыстардың нәтижесін ғылымға енгізумен айналысып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мені қабылдаған кезде елдегі ғарыш саласын әрі қарай да дамытуға көңіл бөлінетінін айтты. Бұл қуантатын шешім. Президентімізге менің 14 жыл бойы күткен арманымды орындауыма тікелей ықпал етіп, қолдау білдіргені үшін алғысым шексіз, - деген ғарышкер аймақ басшысына өзі құрамында болған экипаждың символикалық төсбелгісін табыстады. Ал облыс басшысы Халық Қаһарманына Skoda Superb автокөлігін сыйлады.

- Біздің өңір тек металл өндіріп, азық-түлік шығармайды. Елдегі бірегей машина құрастыратын «Азия-Авто» кәсіпорны біздің облыста жұмыс істейді. Сізге облыс халқының атынан өзімізде жасалған темір тұлпардың кілтін табыс етуді жөн көрдік, - деді Даниал Ахметов.

Ғарыш сапары жайында ой бөлісті

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің акт залында ине шаншыр орын табылмады бұл күні. Кең залды лық толтырған қаладағы жоғары оқу орындарының студент жастары мен оқытушылары, сондай-ақ, аға буын өкілдері Алтайға ат басын байлаған Айдын Айымбетовтей ардақты ұлдарын алқалап қарсы алып, жоғары құрмет көрсетті. Шығыстағы іргелі оқу ордасында өткізілген кездесуге Халық Қаһарманымен бірге ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Жиын барысында ғарышкер Айдын Ақанұлы шетсіз шексіз аспан көгіне сапары, оның ішінде халықаралық ғарыш стансасында атқарған зерттеу жұмыстары, өзіне жүктелген міндеттерді қалай орындап шыққаны және басқа да бастан кешкен қызықты оқиғалары туралы әңгімелеп берді. Жердегі адам баласы үшін ашылмаған құпиясы көп жеті қат көкті көзімен көріп қайтқан батыр ағаларынан бәрін естіп, білгісі келген студент жастар мұндай сәттің күнде туа бермесін ұғып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алуға тырысты. Олардың ішінде «Ғарышқа ұшсам деген бала күнгі арманыңыз орындалған сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз?», «Ғарыш кемесінен Жерді көргенде бойыңызды қандай сезім биледі?», «Байқоңыр айлағының болашағы қандай?» деген ауандағы бірқатар сұрақтар қойылып, оған тұщымды жауаптар берілді.

- Ең әуелі осындай жиын өткізіп, құрмет көрсетіп жатқан облыстың басшылығына шын көңілден ризашылығымды айтқым келеді. Бүгінгі кездесу барысында жастарымыздың бойынан терең білім мен болашаққа деген нық сенімді, зор күш-жігерді байқадым. Сан қилы құпиялары ашылмаған ғарыш әлемін білуге деген олардың қызығушылығы, ынта-талабы мені қатты қуантты. Осындай білімді де білікті жастарымыз тұрғанда еліміздің ертеңі жарқын, келешегі кемел болатынына өз басым шүбә келтірмеймін, - деп ой түйді Айдын Айымбетов.

Кездесудің қызықты өткені соншалық студенттермен бірге оқытушылар да, тіпті ардагерлер де сұрақ қойып, аса белсенділік танытты. Аға буын өкілдерінің ақтарыла айтқан ақ тілектері мен орынды сауалдары құрметті қонақтарды разы етті.

Ғарышкер Айдын Айымбетовті Шығыс Қазақстан жұрты құшақ жая қарсы алды

Жиын соңына қарай Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Земфира Мерзоева мәртебелі мейманымызға естелік сыйлық тарту етіп, жастардың атынан ізгі ілтипатын жеткізді. Өңір жұртышылығы атынан Айдын Айымбетовке алғысын айтқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар: - Абай, Шәкерім, Мұхтардай ұлылар туған қасиетті топыраққа, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтай, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковадай әйгілі спортшылар шыққан Шығыс жеріне келген қадамыңыз құтты болсын. Қазақтан үш бірдей ғарышкердің шығуы бұл біздің тектілігімізді көрсетеді. Өйткені, кез келген адам ғарышқа ұша бермейді. Аспан көгіне қанат қаққан ғарышкер тұрмақ Олимпиада чемпионы жоқ елдер бар жер бетінде. Сондықтан бұл біздің елдің маңдайына жазылған бақ. Әрине, ғарышқа ұшу үшін ең бірінші мықты денсаулық, терең білім мен біліктілік керек. Ал Айдын Ақанұлы сол талаптар үдесінен толық шығып, ұлтымыздың тектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінгі жастарымыз осындай ағаларынан үлгі-өнеге алуы тиіс, - деп түйді.

«Торпедоның» тартуы

Бұдан кейін құрметті қонақтар Борис Александров атындағы Спорт сарайында өткен өскемендік «Торпедо» мен Ангарскінің (Ресей) «Ермак» хоккей командалары арасындағы ойынды тамашалады. Халқымыздың батыр ұлы мен қалың жанкүйерлер алдында намысты қолдан бермеуге барын салған біздің ұжым бұл жолы әбден жарады. Матч басталмай тұрып «Торпедо» хоккейшілері қонақтардың қарқынына шыдай алмайды» деп жауырынға қарап сәуегейлік танытқан букмекерлердің аузына құм құйылды. Басқа емес, ұшқыш-ғарышкердің өзі арнайы келіп жанкүйерлік етіп отырғанын көріп жігерленген жерлестеріміз «Ермак» жігіттерінің екі аяғын бір етікке тықты. Ойынның алғашқы минутынан-ақ тізгінді қолға алған «торпедолықтар» қарсылас ұжымның адымын аштырмады. Қорытынды есеп - 4:0! «Торпедо» жігіттері бұл жолғы жеңістерін Айдын Айымбетовке арнады.

Сондай-ақ, мәртебелі мейманға «Торпедо» командасының жейдесі сыйға тартылды.

Мерей Қайнарұлы,
Есімжан Нақтыбайұлы,
Серік Әбілхан
Фото Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Қоғам | Кілт сөдер: ғарышкер

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар