Жастар театры жұмысын бастады

(Дауыстар: 1)
Жастар театры жұмысын бастады

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жанынан құрылған Жастар театры алғашқы маусымын американдық драмматург К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» комедиясымен ашты. Өскемен жұртымен тұңғыш дидарласып отырған жаңа театрдың тұсаукесеріне облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жастар театры Өскеменде жаңа театр ғимараты қолданысқа берілген соң облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Қазір жас өнер ұжымы облыстық театрдың қазақ және орыс труппаларымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Жастар театрының ең басты ерекшеліктерінің бірі - олар қазақ тілімен қатар орыс тіліндегі кез келген қойылымдарды сахналай алады. Театр актерлері - Астана мен Алматы қалаларындағы оқу орындарын биыл бітірген өрімдей жас таланттар.

- Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Жастар театрына Астанадан биыл ғана оқу бітірген 14 актер, облыстық театрдың қазақ труппасына Алматыдан 8 актерді келісімшартпен шақырып, жұмыс істеп жатырмыз. Алла қаласа, желтоқсан айында осы жас мамандардың 20-сына пәтер кілтін табыстағалы отырмыз. Болашақта орыс труппасының да қатарын осылай толықтырамыз деген ойдамыз, - дейді театр директоры Дінмұхаммед Ұябай.

Спектакльдің қоюшы-режиссері Еренбақ Тойкенов те - өнер өлкесіне қадам басқанына біршама уақыт болған жастардың бірі. Ол Мәскеу қаласындағы мемлекеттік театр өнері институтын бітірген. Аталмыш оқу орнының 135 жылдығына орай әлемдік опера үзінділерінен қойылым сахналап көзге түскен. Қазір Астана Опера театрының режиссері болып жұмыс істейді. Бұған дейін Павлодар, Семей қалаларында қойылымдар қойған.

- Мен Жастар театрымен жұмыс істегеніме көп болмаса да, осындағы өнерпаздармен тез тіл табысып кеттім. Әйтсе де актерлердің ешқайсысын бұрын танымағандықтан, бір жұмадай уақытымызды кім қай рөлді сомдайды деген мәселеге жұмсадық. Қалай десек те, жастармен жұмыс істеген қызықты әрі оңай ғой. Оның үстіне жаңа театр. Мұндай өнерге арналған заманауи ғимараттар театр өнері дамыған Мәскеудің өзінде сирек кездеседі. Тек жастарымыз құлшыныспен еңбек етсе, өнерімізді де олардан асыруға болады. Жастардың алғашқы қойылымдағы аяқ алысы жаман емес, демек Жастар театрының болашағынан зор үміт күтуге болады, - дейді Еренбақ Тойкенов.

«Жұлдызды сәт» классикалық комедиясы - көңіл-күйді көтере отырып, көрерменге ой салатын қойылым. Американдық драматург Кен Людвиг пьесада өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы оқиғаны суреттесе де, қойылым бүгінгі күні де маңыздылығын жоймаған.

Қойылымдағы басты кейіпкер Макстың дарынын сүйікті қызы да, театр директоры да шынайы қабылдамайды. Мұндағы шытырман оқиға атақты итальяндық тенор Тито Мереллидің әйелі Мариямен гастрольге келуінен басталады. Қойылым алдында атақты тенор күтпеген жерден жайсыз жағдайға ұшырап, сахнаға шықпай қалады. Тығырықтан шығу үшін театр директорының көмекшісі, опера театрының жетекші солисі Максқа атақты тенордың орнына сахнаға шығып, Оттелоның ролін сомдауына тура келеді. Макс басына түскен шытырман жағдайдан өзін абыроймен алып шығады. Осы сәттен бастап оның жұлдызды сәті басталады.

Макстың бейнесін сомдаған Ержан Амантаев сахнаға шыға салып өзінің ширақ қимылымен, шынайы бейнесімен көрермен көңілінен жол тапты. Басқа актерлер де барын салды.

- Қойылым көңілімнен шықты. Мені бір таңғалдырғаны, жас актерлер қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейді екен. Жаңа театр ашылғалы жатыр деген соң отбасымызбен келгенбіз, күліп, бір жадырап қалдық, - дейді Қарлығаш Қасенова есімді көрермен.

Спектакльдегі басты әрекет - адамдардың қарым-қатынасын ондағы күлкілі де мұңлы оқиғаларды, олардың қиялдары мен армандарын, бір-біріне деген сезімдерін айқындап көрсету. Қойылымда адамды тек атақ-дәрежесімен, мансабымен ғана емес, адамгершілік құндылықтарымен бағалау керектігі көрсетіледі.

Мұратхан Кенжеханұлы
Фото Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар