Метадон терапиясының пайдасы бар ма?

(Дауыстар: 1)
Метадон терапиясының пайдасы бар ма?

Светлананы бір көрген адам қандай сүйкімді, сәнді келіншек дері сөзсіз. Өзін сенімді де еркін ұстап, бетіңе тура қарап сөйлегені де жарасымды. Үстіндегі қымбат тонға, қолындағы автокөліктің кілтіне, соңғы сәнмен қиылған шашына қарап, оны ешкім де нашақор деп ойламайды. Ал ол - нашақор, бірақ күнделікті дозасын облыстық наркологиялық диспансерге келіп, медбикелерден алып отырады. Өйткені, Светлана метадон бағдарламасымен емделіп жүргендердің бірі.

Бағалы дүниелерді сатып, апиын алған бойжеткен

Осыдан бес жыл бұрын отыздан асқан келіншектің бір доза үшін үйдегі заттарды ұрлап, сатып жүргеніне қазір сену қиын. Жасөспірім кезде аулада басталған есірткіге деген әуестік оны біртіндеп құрдымға сүйреді. Ата-анасы құқық қорғау органдарының белді қызметкерлері, жап-жақсы тұрмысы бар отбасынан шыққан жеткіншек қыз үйіндегі алтын бұйымдар, тұрмыстық техника сияқты бағалы дүниелерді көшеге тасып, санасын улайтын героин мен апиын сатып алуға жұмсап жүреді. Айтысына қарағанда, талай рет диспансерге жатып, емделген, гипноздың да ақылы, ақысыз курстарынан өткен. Осылайша, он жылдан астам өмірін өзі сатып алған дерттен айығуға сарп етіпті. Отыздан асқан шағында отбасын құрмақ түгілі, тұрақты жұмысы жоқ Светлана әке-шешесіне масыл, туған-туыстарына жеккөрінішті болып күн кеше берер ме еді, егер кездейсоқ таныстарынан метадон бағдарламасы туралы естімесе.

- Аталмыш бағдарламаға осыдан бес жыл бұрын келген едім. Аз уақыттың ішінде өмірге басқаша көзбен қарап, жұмысқа орналастым. Қазір жанұям, сүйікті ісім бар. Әріптестерім менің өткен өмірімнен бейхабар. Күн сайын осы жерге келетінімді де білмейді. Жолдасым Александрмен де осы бағдарлама аясында таныстық. Оның да үлкен ағасы кезінде милиция болып жұмыс істепті, қазір запастағы полиция полковнигі. Егер ол кісі Сашаға бозбала кезінде қол ұшын берсе, бәлкім, мұндай күйге түспес пе еді. Жолдасымның өзі солай дейді. Менің айтайын дегенім - біздің орнымызда болмағандар бұл қасіреттің не екенін жете түсінбейді. Нашақор бір доза үшін жан алысып, жан беруге дайын тұрады. Мен сияқты есірткінің шыңырауына түсіп кеткендерді құтқаратын жалғыз жол - метадон деп ойлаймын. Бізді бұл жерде «тегін есірткі қолданып, рақат күй кешіп жүр» деп айыптайды кейбіреулер. Жоқ, метадоннан ешқандай рақаттану сезімі болмайды, ол біздің қалыпты өмірге қайта оралуымызға дәнекер болатын препарат қана, - дейді Света.

Бұрынғы нашақорлар волонтер болып жұмыс істейді

Ольга мен Евгенийдің әңгімелері де осыған ұқсас. Бұл екеуі де бір отбасының мүшелері, жиырма бес жылдан астам уақыт есірткінің шырмауында болыпты. Бұлар да емнің барлық түрін қолданып көрген. Республика көлеміндегі барлық оңалту орталықтарында бірнеше қайтара жатқан. Ешқандай көмегі болмағасын осы бағдарламаға келіпті. Евгений әртүрлі ток-шоуларға қатысып, метадонмен емдеудің тиімділігі туралы пікірімен бөлісіп жүреді.

- Есірткімен күрес тақырыбына арналған ток-шоуларда нашақорларға қарсыластар ретінде негізінен оңалту орталықтарының, ақылы емдеу орындарының басшыларын шақырады. Қонақтар отырып алады да, «Бұл не деген сұмдық? Нашақорларға есірткі затты өзіміз тегін таратып отырмыз» деп байбалам салады. Себебі, олар метадон бағдарламасының нәтижесінде өздерінің тұрақты пациенттерінен айырылып қалды ғой, түсінесіз бе? Мен бір нәрсені жақсы білем, егер осы жерге келмесем, мен ендігі не түрмеде отырар едім, не адами атымнан айырылған бір бейшара болар едім, - деген еді бізге Евгений.

Ольга мен Евгений қазір волонтер болып жұмыс істейді. Олар нашаға тәуелділермен, ЖИТС-ке қарсы орталықтың пациенттерімен тығыз байланыс орнатқан. Оларға жыныстық аурулардан сақтанудың жолдары, есірткінің қасіреті жайында әңгімелейді, кітапшалар мен бүктемелер таратады. Осы проблемаларды өз бастарынан өткізгендіктен, олардың жаман әдеттен сақтану туралы айтқан ашық әңгімелері дерттің жас құрбандары үшін психолог маманның кеңесінен әлдеқайда сенімдірек естіледі. Бұрынғы нашақорлар бүгінде қоғамға қалай да пайдалы болғылары келетінін жасырмайды.

Біз әңгімелескен, жиырма жылға жуық есірткіге тәуелді болған жандар бүгінде дұрыс жолға түсіп, жаман әдеттен бойларын аулақ сала бастапты. Медбикелердің айтуынша, олардың кейбіреулері апиын заттарына тәуелділіктен мүлде арылулары да мүмкін. Ондай жағдайлар да кездескен. Осы бағдарламаға қатысушылардың ішінде ғасыр дертінен айығып, сәбилі болған келіншек те бар екен.

Героинге тәуелділердің саны азайып, ВИЧ жұқпасын жұқтырғандар кеміп отыр

Метадон бағдарламасы біздің облыста 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір облыстық нашақорлық диспансерде осы бағдарламаға ілінген 32 науқас апиын заттарын алмастыратын метадон препаратын қабылдайды. Олардың жиырмасы осы бағдарламада емделудің арқасында тұрақты жұмысқа орналасыпты. Сегіз науқас отбасылы, он үші ата-аналарымен тұрады. Апиын заттарын алмастыратын терапияны қабылдайтындардың ішінде үш отбасы бар. Бес жылда облыста метадон бағдарламасының аясында 85 нашақор ем қабылдаған.

МетадонМетадон

Бұл әдіспен емделушілердің қатарына кіру де оңай емес екен. Ол үшін нашақор бірнеше рет стационарда не болмаса оңалту орталығында жатып, емделуі керек. Әлденеше рет емделіп, нәтижесі болмаған жағдайда ғана осы бағдарламаға қабылданады. Емнің бұл түрінің де қолайсыз тұстары бар. Мысалы, күнделікті келу, айына екі рет есірткі заттарына тексеруден өту пациенттерді жалықтырады. Кейде олардың көңіл күйлері келмей, «сіркелері су көтермей» тұрады.

- Препаратты алдымен 30 мл-ден бастап, науқас өзін жақсы сезінген мөлшерге дейін көтереміз, сосын біртіндеп азайтамыз. Кейде бір жылдай уақыт керек. Қалай десек те, бағдарламаның нәтижесінде нашақорлардың героин сияқты есірткінің ауыр түріне тәуелділігі азайды. Олардың арасында ВИЧ жұқпасын жұқтырғандардың саны кеміді. Мысалы, 32 емделушінің тоғызында ғана осы жұқпа бар, бұл жақсы көрсеткіш. Қазір белгіленуге келіп жүрген Васильева деген науқаста ремиссия байқалады, оның мүлде жазылып кетуі де ғажап емес, - дейді нарколог дәрігер Салтанат Жұмаханова.

Метадон бағдарламасымен емдеуде бәрі алаңсыз, керемет деуге болмас. Ауық-ауық есірткі қолданып қоятындары кездеседі, ондай жағдайда мамандар стационарға жатып емделуге үгіттейді. Қысқасы, бір нашақорды болсын дұрыс өмірге қайтару үшін дәрігерлер мен медбикелер олардың барлық еркеліктерін көтереді. Науқастар алғашқы жылы ай сайын, келесі екі жылда екі айда бір рет келіп, тексеріліп тұрады, бәрі жақсы болса, бес жылдан кейін диспансерлік есептен шығарылады. Дәрігердің сөзіне қарағанда, емделіп кеткендердің тек елу пайызы ғана бұл талапты орындап жүр. Келмегендерді полиция қызметкерлерімен іздестіреді.

Бір нашақорды ұстау күніне бір долларға түседі

Метадон бағдарламасын Қазақстанда қазір БҰҰ-ның нашақорлық пен қылмыс бойынша басқармасы, ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күрестің Глобальді қоры қаржыландырып отыр. Ал 2016 жылдан бастап Қазақстанда метадонды бюджеттің қаражатына сатып алу мәселесі талқылануда. Оған дейін елімізде метадон терапиясы бойынша жан-жақты бағдарлама дайындалуы керек. Республиканың штаттан тыс бас наркологы Алтынай Есқалиева бұның өте қажетті қадам екенін айтады.

- 2016 жылдан бастап метадон бағдарламасы мемлекеттік сипат алады деп ойлаймыз. Өйткені, оның нашақорлардың белгілі бір бөлігі үшін өте қажетті екенін, тиімділігін көріп отырмыз. Сол себепті оны бюджеттің есебінен қаржыландыру мәселесі қаралмақ, - деген болатын нашақорлықтың медико-әлеуметтік проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры, еліміздің штаттан тыс бас наркологы Алтынай Есқалиева.

Бас наркологтың есебінше, салық төлеушілер үшін бір нашақорды ұстау күніне бір долларға түспек.

Елімізде метадон бағдарламасының қарсыластары есірткіге тәуелділердің қаншасы жазылып шыққаны жайында нақты деректер жоқ деген пікір айтудан жалықпайды. Белсенділер метадон терапиясынан қанша нашақордың зардап шеккенін есептеп шығуға сөз берген болатын. Олар жуық арада Парламент Мәжілісінің депутаттарына Қазақстанда метадон препаратын қолдануға және оны бюджеттің қаражатына сатып алуға тыйым салу жөнінде ұсыныстарын жеткізбек.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Ақпан 2017    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 
Жаңалықтар