Метадон жайындағы аңыз бен ақиқат

(Дауыстар: 1)
Метадон жайындағы аңыз бен ақиқат

«Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қоғамда нашақорларға апиын заттарын алмастыратын метадонды қолдану-қолданбау туралы пікір-таластың туғанына, міне, бірнеше жылдың жүзі болды. Біреулер метадонды барлық бақытсыздықтан құтқаратын жалғыз құрал десе, енді біреулер оны есірткіге тәуелділердің санын арттыратын аса қауіпті зат деп бағалайды. Қазақстанда БҰҰ-ның Глобальді қорының қаржыландыруымен 2008 жылы енгізілген қанатқақты бағдарламаны 2016 жылдан бастап салық төлеушілердің қаражатына жалғастыру туралы сөз шыққалы бұл әдістің төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелер жаңа серпінмен өрбіді.

Осыған орай апиынды алмастыратын терапияның пайдасы мен зиянын талқылау үшін «Аман-саулық» қоғамдық қоры Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен серіктесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен республика көлемінде қоғамдық тыңдауларды ұйымдастырып отыр. Алғашқы басқосу Өскеменде өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осыған ұқсас тыңдаулар Қарағанды, Теміртау, Семей, Қостанай, Тараз, Екібастұз, Ақтөбе, Орал және Павлодар қалаларында жоспарланған.

Бүгінгі таңда ең өзекті болып табылатын тақырыпты сараптауға сарапшылдық және медициналық қоғамдастықтың өкілдері, облыстық ЖҚТБ орталықтарының, наркологиялық диспансерлердің, құқық қорғау органдарының басшылары, есірткіге тәуелділер мен олардың туыстары жиналды.

Көзі қарақты оқырмандар біздің басылымның бұл тақырыпты үнемі назарда ұстап келе жатқанынан хабардар. Сонда да, еске сала кетуді жөн көрдік. Метадон - героинге тәуелді нашақорларды емдеуге бағытталған дәрілік зат. Есірткімен қош айтқысы келетіндер жобаға қатысып, арнайы сайттардан (пункттерден) өздерінің күнделікті дозаларын дәрігердің көзінше қабылдайды. Нарколог мамандар бұл құрал ешқандай есірткілік эйфорияны тудырмайтынын, нашақорлардың қалыпты өмірге оралуына игі ықпал ететінін айтады. Бағдарламаға есірткіге тәуелділіктен бірнеше рет емделгенмен, ешқандай нәтиже көрмеген жандар қабылданады.

Нашақорлық пен АИВ/ЖҚТБ дерті тығыз байланысты

- Бүгінгі шараның басты мақсаты - тұрғындардың ақпараттануын жақсарту. Метадонның төңірегіндегі әңгімелердің қайсысы рас, қайсысы аңыз екенін анықтау. Осы мақсатта біз ең жиі кездесетін, адам нанғысыз сауалдарды жинақтап, олардың жауаптарын әзірледік, - деген «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова төмендегідей ресми деректерге тоқталды.

Бірден айта кету керек, нашақорлық пен АИВ/ЖҚТБ дертіне шалдығу бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, соңғы жиырма бес жылда елімізде инекциялық есірткілерді тұтынушылардың көбеюінің салдарынан АИВ жұқпасының өршігені байқалады. Қазіргі таңда Қазақстанда осындай 20 мың нашақор ресми түрде тіркелген. Ал 2015 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтер бойынша елімізде АИВ жұқпасының 25080 жағдайы анықталған. Мамандар бұл санды кем дегенде үш есе арттырғанда ғана нақты көрсеткішті көруге болатынын айтады. Ғасыр дертінің көп таралған аумақтары - Алматы, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары. Науқастардың 58 пайызы дертті ине арқылы есірткі қабылдау кезінде жұқтырыпты.

- Ең өкініштісі, АИВ жұқпасын жұқтырғандардың 70 пайызы - 20 мен 30 аралығындағы жастар. Нағыз отбасын құрып, бала сүйетін шақта олар айықпас дертке шалдыққан. Сонымен қатар АИВ жұқпасын жыныстық қатынастар кезінде жұқтыру фактілері де жиі кездеседі. Тұрғындардың тәуекел топтарының арасында АИВ жұқпасының кең таралуы дерттің шоғырландырылған кезеңде тұрғанын көрсетсе керек, - дейді Бақыт Түменова.

Біздің облыста АИВ жұқпасын жұқтырғандардың 580-і қайтыс болған. Қазіргі таңда өңірде осы диагнозбен екі мыңға жуық адам өмір сүріп келеді. Олардың он жетісі балалар. Жыл сайын 200 жаңа факті анықталады. Үстіміздегі жылдың бес айында аталмыш жұқпаны жұқтырған тағы 111 адам тіркеуге алыныпты. Тұрғындардың он үш пайызы ғана айықпас дерттің жұқпасына тест арқылы тексеріліп тұрады екен.

- Шығыс Қазақстан ғасыр дерті көрсеткіші бойынша республика бойынша бесінші орында тұр. АИВ жұқпасын жұқтырғандардың дені ер-азаматтар (70пайыз), - деді жиында облыстық ЖҚТБ күресу және алдын алу орталығының бас дәрігері Марина Жеголко. - 2010 жылы бұл жұқпаны жұқтырғандардың басым бөлігі (71 пайыз) есірткіні ине арқылы пайдаланатындар болса, қазір жыныстық қатынастар арқылы таралу белең алуда. Әйелдердің 65 пайызы дертті өзінің серігінен жұқтырған. Нашақорлардың тек 25 пайызы ғана сақтандыру құралдарын пайдаланады.

Басқаша айтқанда, АИВ/ЖҚТБ дерті бұрынғыдай негізінен нашақорлардың үлесіне тиеді деген қағида, өкінішке қарай, ескірді. ЖҚТБ күресу және алдын алудың республикалық орталығының АИВ жұқпасы бойынша ұлттық координаторы Татьяна Давлеткалиеваның сөзіне қарағанда, біздің өңірде аса қауіпті вирустың 14-49 жас аралығында таралу көрсеткіші республикалық деңгейден бір жарым есе жоғары.

Облыста есірткіге тәуелділерді апиынды алмастыратын терапиямен емдеу қанатқақты жобасының қорытындылары жайында облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Хабдылманат Смағұлов баяндады.

2010 жылы бағдарламаға қатысу жайында 118 нашақор өтініш білдіргенімен, олардың 84-і әртүрлі себептермен шығып кеткен. Бүгінде 34 қатысушы метадонды тұрақты пайдаланады. Олардың негізін бұрын сотталғандар құрайды 29 адам. Он нашақор АИВ жұқпасын тасушылар болып табылады, ал төртеуінде гепатиттің В,С түрлері анықталған. Жобаға қатысу барысында 21 пациент тұрақты жұмысқа орналасқан. Апиынды алмастыру терапиясына үш отбасылық жұп қатысуда, он алты адам жанұяда тұрады екен. Бағдарламаға қатысушылардың героин заттарына деген тәуелділіктері бәсеңдеп, жаңа өмірге деген құлшыныстары артқан. Ол жайында қоғамдық тыңдауда метадонды пайдаланып жүрген жандардың өздері қызбалықпен әңгімеледі.

Ананың жанайқайын кім естиді?

- Егер мен осы жобаға қатыспасам, бүгін не түрмеде отырар едім, не ендігі о дүниелік болып кетер едім. Бағдарлама маған үміт отын сыйлады. Мен қазір өзімді қоғамға масыл емес, қайта керек адам ретінде сезінемін, - дейді қатысушылардың бірі.

- Ана ретінде айтарым, менің ұлым қырық жасқа келгенше есірткінің құрығынан құтыла алмады. Біздің отбасымыз үлгілі жанұялардың бірі еді. Баламыздың теріс жолға қалай түскенін аңғармай да қалдық. Алғаш рет ұрлық үшін сотталды. Содан кейін-ақ өмірі кері кетті. Емге апармаған жеріміз жоқ. Наркологиялық диспансерге де, Павлодардағы оңалту орталығына да неше мәрте жатып шықты. Ешқандай қайран болмады. Содан бір күні учаскелік полицей осы бағдарлама жайында айтып, қатысуға кеңес берді. Міне, үш жылдан бері ұлым осы жобада. Ақырындап бұрынғы сау кезіндегі қалпына түсіп келеді, жұмыс істейді. Мен осы бағдарламаға кімдер қарсы екенін түсінбеймін. Нашақордың мәнсіз өмірінің куәсі болған ана ретінде айтарым, бізді соңғы үмітімізден айырмаңыздар, - деп жеткізді өзінің жанайқайын аналардың бірі.

Біздің өңірде осы бағдарламаның аясында тұрмысқа шығып, сәби сүйген нашақор келіншектің бар екенін естігенмен, ол журналистер қауымымен кездесуден бас тартып жүретін. Осы жиында ол бар сырын жайып салды.
- Менің өмірім де басқа есірткіге тәуелділердікіндей тек сұмдықтан тұратын. Метадонның арқасында мен ең жақын адамдарыммен татуласып, жаңа өмірді бастадым. Тұрмысқа шығып, нәрестелі болдым. Дәріні жүктілік кезінде де дәрігерлердің қатаң бақылуымен ішкендіктен, дені сау бала келді дүниеге, - деген келіншектің әңгімесі ешкімді де бейжай қалдырмады. Жиында осылайша жан сырларын ақтарғандар аз болған жоқ.

258 адам өмірге қайта оралды

ДСӘД министрлігі нашақорлардың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығының әлеуметтік оңалту бөлімінің меңгерушісі Мәди Тоқанов 2008 жылы Павлодар мен Теміртауда қанатқақты жоба ретінде басталған бағдарламаның аясы соңғы жеті жылда кеңейіп, осы уақыт аралығында еліміз бойынша 258 адам емделгенін айтты. Бұл - барлық инекциялық есірткілерді тұтынушылардың 0,01 пайызы ғана. Емделгендердің 151-і жұмыс істейді. Апиынды алмастыратын терапияны қолданғандардың арасында қылмыстардың азайғаны бірден аңғарылады. Әрине, бұл көрсеткіштер әлде кімдер үшін түкке тұрғысыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, әр жансыз цифрдың артында біреулердің белсенді өмірге қайта оралған баласының не ең жақын адамдарының тағдыры тұрғанын ескерсек, үлкен жұмыс. Оның үстіне нашақорларды метадонмен емдеу экономикалық тұрғыдан да тиімді. Бір нашақорды диспансерде не оңалту орталығында емдеуге айына 1200 АҚШ доллары жұмсалса, метадонмен емдеу 40 доллардан аспайды.

Метадонмен емдеуде кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, жобаға қатысушылар дәріні міндетті түрде бір уақытта, бір жерден келіп алулары керек. Егер ауруханаға жатып қалса, не ұзақ уақыт демалысқа кетсе, курс үзіліп қалады. Шетелде метадонды ұнтақ не сұйық түрінде кез келген дәріханадан дәрігердің рецебімен босату тәжірибесі қолданылады. Облысқа қатысты айтатын болсақ, бағдарламаға аудандардан қатысушыларды тарту мүмкін емес. Өйткені, метадон тек Өскемен мен Семей қалаларындағы наркологиялық диспансерлерде беріледі.

- Әлемнің 71 елінде табысты қолданылып келе жатқан метадон бағдарламасын ары қарай жалғастыру қажет. Америка Құрама Штаттары, Қытай сынды алпауыт мемлекеттерден бастап Еуроодақтың көптеген елдері осы жобаның тиімділігін байқаған. Көрші Ресейдің бұл әдістен бас тартып отырғаны өз алдына, ЖҚТБ күресу және алдын алудың федералдық орталығының басшысы Вадим Покровскийдің деректері бойынша, оларда бүгіннің өзінде миллионнан астам нашақор тіркелген. Үш-төрт жылда бұл көрсеткіш бірнеше есе артары сөзсіз. Бұл сандар бізді алаңдатпай қоймайды. Есірткіге тәуелділердің де таңдау еркі, құқы бар, біз оны аяққа таптамауымыз керек, - деп ойын түйді Бақыт Түменова.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Қоғам, Денсаулық сақтау | Кілт сөдер: нашақор

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар