Есірткіге деген құмарлықты жеңуге болады

(Дауыстар: 1)
Есірткіге деген құмарлықты жеңуге болады

Өскемен қаласында қырық екі жастағы әйел құқық қорғау орындарына өз еркімен келіп, екі келіге жуық героин өткізіпті. Бұл - биыл қолға түсірілген есірткінің ауыр түрінің ең көп мөлшері. Жыл басынан бері облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің күшімен барлығы екі келі 854 грамм героин әшкереленген. Мұндай тосын жағдай сала мамандарының тәжірибесінде алғаш рет кездесіп отыр.

- Осы уақыт аралығында есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысты 158 қылмыстың беті ашылды, бұл көрсеткіш өткен жылдың салыстырмалы мерзіміндегіден 26,5 пайызға артық. Оның ішінде есірткі сатқан 130 факті анықталса, бұл да былтырғыдан 40,7 пайызға көп. Бұл цифрлардың артында біздің құрылым қызметкерлерінің уақытпен санаспаған тынымсыз еңбектері тұр. Ал жоғарыдағы азаматшаға келетін болсақ, ақпан айында оның күйеуін героин сатқаны үшін ұстағанбыз. Дегенмен, біздің болжам бойынша әлі де көп мөлшерде тауар қалу керек еді. Полицейлердің жүргізген сауатты жұмыстарының нәтижесінде әйелі қалған есірткіні еш мәжбүрлеусіз тапсырды. Біздің заң бойынша, апиын заттарын өз еркімен өткізгендер жауапқа тартылмайды, - дейді басқарма бастығы Эдеш Рахымжанов.

Таратудың жаңа әдістеріне көшкен

Полиция полковнигінің сөзіне қарағанда, соңғы уақытта қылмыскерлердің есірткі заттарын тікелей байланыссыз сатулары кең етек жайып барады. 90-шы жылдары сатушы тауарды сатып алушының қолына тапсыратын. Бұл жерде құқық бұзушылар үшін қандай да бір тәуекел болды, өйткені, қолтаңбалары қалуы мүмкін еді. Бүгінгі таңда қылмыскерлер есірткі заттарын таратуда жаңа екі әдісті пайдаланады. Біріншісі - белгілі жерге тастап кету. Олардың мүлде таныс болмаулары да ықтимал. Алайда, бір-біріне деген сенімдері болуы керек. Алаяқтық аз кездеседі, себебі саудагер тауардың сапасына мен салмағына қатысты марканы сақтауға тырысады. Керісінше жағдайда екінші рет өнімін өткізе алмайтынын жақсы түсінеді. Есеп айырысу терминал арқылы жүреді. Ал екінші тәсіл - киви-әмиянның көмегімен, ғаламтор арқылы тарату.

Маусым айында облыс орталығында осындай әдіспен есірткі заттарын сатқан топ қолға түскен болатын. Бес саудагердің екеуі - он алтыға енді толған жасөспірім. Олар тыйым салынған тауарды өздері оқитын колледждің қабырғасында да таратқан.

- Жеткіншектер есірткі заттарын өздерімен сабаққа да әкеліп жүрген. Тұтынушылар колледжге келеді, оқушылар далаға шығып, заңсыз әрекеттерін жүзеге асырған. Оларды сананы улайтын заттарды сатып алған құрбыларының көмегімен әшкереледік, - деді басқарма бастығы.

Жасөспірім айфон алмақ болыпты

Жуықта осы топ мүшелеріне қатысты үкім шығарылды. Сот процесі кезінде белгілі болғандай, жасөспірімдер заңсыз саудамен өз армандарын жүзеге асыру үшін айналысыпты. Олардың бірі кәмелетке толуын саунада өткізгісі келсе, екіншісі айфонға қол жеткізуді армандапты.

Жеткіншектерді есірткі заттарын саудалауға мәжбүрлеген жиырма жасар жігітті ұстаудың реті келмеді, өйткені ол Қазақстаннан тысқары жаққа кетіп қалған. Ұйымдастырушының пайымдауынша, жасөспірімдер кәмелет жасына тола қоймағандықтан қолға түскен күнде оңай жазамен құтылуға тиіс еді. Алайда, тергеу амалдары аяқталғанша олар 18-ге толып қойды.

Облыстық қылмысты істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Раушан Игишеваның хабарлауынша, осы қылмысты іске байланысты сегіз адамға қатысты төрт үкім шығарылды. Кінәлілердің барлығы дерлік он жылдарын, біреуі он үш жылын тәртіптік колонияда өткізеді.

Қылмыстық топтың жетекшісі, облыс орталығының тұрғыны 2014 жылы елімізден тысқары кетіп қалған. Жас наркодилерлерді ол WhatsApp жүйесі арқылы басқарып отырыпты. Ұйымдастырушы жасөспірімдерге есірткі заттарын тастаған жер мен сатып алушыларды хабарлайды. Балалар түскен табысты терминал арқылы жолдаған немесе жігіттің анасына берген.

Судьяның айтуынша, жауапқа тартылғандардың барлығы материалдық жағдайлары төмен отбасыларында тәрбиеленген. Тұрмысы жақсы құрбыларына еліктеудің салдары жас жеткіншектерді ойнап жүріп, от басуға ұрындырды. Олардың психикаларының әлі толық қалыптаспағанын заңсыздықтарға бару себептерінен-ақ аңғару қиын емес. Сауна мен гаджетті армандап, материалдық құндылықтар үшін жастық шақтарын құрбан еткендері өкінішті-ақ.

Аспаздық көкнәр залалсыз емес

Шығыс Қазақстан аумағында нашақорлардың басым бөлігі марихуана мен анашаны тұтынады. Героин мен кокаин тым қымбат. Марихуана соңғы кезде әсіресе, бизнесмендер арасында сәнге айналыпты. Сонымен қатар, көкнәр де, кейбіреулер ойлағандай, залалсыз емес. Облыстың есірткі бизнесімен күресушілер есірткі заттарымен әуестену және оны таратудан Өскемен қаласы көш басында тұрғанын айтады. Одан кейін Семей, Риддер, Зырян қалалары, Глубокое, Шемонайха аудандары кетеді. Ал нашақорлықтан ада аудандар санатында Абай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын мысалға келтірді.

Облыс аумағында 1-маусым мен 30-қазан аралығында «Көкнәр-2015» алдын алу шарасы өтіп жатыр. Есірткі бизнесімен тығыз байланысты аумақтың бірі - Шу жазығы. Бұл жақта маусым айынан бастап кенепшөп қаулап өседі. Анашаның таралуына тосқауыл қою мақсатында елімізде «Дельта жазық» құрылымы жасақталып, республиканың түкпір-түкпірінен полицейлер іссапарға аттанады.

- Оңтүстікте жабайы өсетін кенепшөпті тауып алып, күтіп-баптап, заңсыз бизнес жасаған жағдайлар кездескен. 50 түп шөп үшін қылмыстық жауапқа тартылады, - дейді Эдеш Рахымжанов. - Ал бізде көкнәр өсіретіндер бар әлі де. Қытаймен шекаралас аудандарда апиынды көкнәрді бір жылдары көптеп өсірді. 90-шы жылдары бір жүйек көкнәрді бір қап картопқа не қантқа айырбастайтын. Тіпті, өткен жылы ғана облыс орталығында апиын көкнәрінің 432 бұтасын өсірген факті әшкереленді. Биыл тағы бес осындай заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Дегенмен, соңғы кезде қылмыстың бұл түрі азайды деуге болады.

Басқарма басшысын алаңдататын тағы бір мәселе - «дәріханалық» нашақорлықтың белең алуы мен аспаздық көкнәрдің тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болуы. Бүгінгі таңда нашақорлар арасында трамадол дәрісін, «тропикамид» көз тамшыларын қолдану өршіп тұр. Бұл екі препаратты 2011 жылдан бастап елімізде дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тыйым салынғанымен, кейбір дәріханалардың қожайындары бұл талапқа көз жұмып қарайды.

- Өткен жылы осындай заңсыздыққа жол берген бес дәріхананы лицензиясынан айырған едік. Ал заңнамаларға енгізілген соңғы өзгертулерге сәйкес біз енді олардың қызметін тоқтата алмаймыз, тек айыппұл салумен шектелеміз. Дәріханалардың жұмысын тұрғындардың арыздануынан кейін ғана тексеруге құқылымыз, - деп түсіндірді Эдеш Оралғазыұлы.

Есірткі бизнесімен күресушілер аспаздық көкнәрдің бір келісі соңғы кездері он есе қымбаттап, 5000 теңгеге жеткенін айтады. Дүкендерден, супермаркеттен бұл өнімді килограмдап сатып алатындар аспаз қыз-келіншектер емес, есірткіге құмартқан жас жеткіншектер. Ең өкініштісі, күн сайын келіп, дірілдеген қолдарымен көкнәр сатып алып жүрген жасөспірімдерге ешкімнің мән бермеуінде.

- Көкнәрдің дәндерінен есірткілік заттарды дайындау жағдайлары жиілеп кетуіне орай бұл өнімді есірткілік зат деп танып, еркін сауда айналымынан шығару керек. Не болмаса зауыттың қаптамасында, шектеулі мөлшерде шығарсын. Ал құрамында есірткі бар дәрі-дәрмектерді сататын дәріханалар жүйесіне келер болсақ, препараттар қатаң түрде, рецептпен ғана босатылсын, әрбір сатылған осындай дәрі-дәрмек үшін фармацевтер тек есеп беріп қоймай, оларға қатаң жауапкершілік жүктелсін, - дейді. Бұл басқарма бастығының Үкіметке жолдамақ ұсыныстарынан үзінді.

«Бұрынғы нашақор айықпайды» деген ұғым ескірген

Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында басқарма қызметкерлері көптеген қызықты шараларға ұйтқы болып жүр. Басқарма бастығы есірткіге тәуелділіктен құлан таза айығуға болады деген пікірде.

- Ең бастысы - нашақорды есірткі бизнесінен аластату. «Бұрынғы нашақор айықпайды» деген ұғым бүгінде ескірген. Бүгінде бұл дерттен айығам деушілер өз қоғамдастықтарын құрып, басты проблемаларын бірлесе шешуге тырысады, - деп жалғастырды әңгімесін Эдеш Рахымжанов.

Риддер қаласында ресейлік нашақорлардың анонимді қоғамының мүшелері слет өткізіпті. Онда есірткімен қоштасып, қалыпты өмір сүруге көшкен бұрынғы тәуелділер өз бастарынан өткен әңгімелерін айтып, түзу жолға түскісі келетіндерге ақыл-кеңестерін берген. Осындай бір-біріне тең қарым-қатынас қана қоғам дертіне шалдыққандарға дұрыс бағыт-бағдар бере алмақ.

Апиынға тәуелділерге тегін таратылатын метадон бағдарламасы да көптеген нашақорлардың қалыпты өмірге қайта оралуына септігін тигізгені жайында біз үнемі жазып келеміз. Есірткі бизнесінің бас күрескері соңғы кездері метадон бағдарламасы жайында көзқарасы 180 градусқа өзгергенін жасырмайды. Бұл бағдарлама барлық нашақорларға жарамайды, зиянды заттарға деген тәуелділікті басқа жолмен жоя алмайтындар үшін өте қажет деген пікірде ол.

Қазіргі жеткіншектердің басым бөлігі қан тамырына ине салып, бүктетіліп жатқаннан басқа да қызықтар бар екенін түсінеді. Олар салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысады, болашақта дұрыс мамандық таңдап, қызмет баспалдағымен өрлеуді қалайды.

- Біз оларға тек көмектесуіміз керек. Сол себепті есірткінің зияны жайында әңгімелеп, нашақорлыққа қарсы қызықты шараларды үнемі ұйымдастырып тұрамыз. Әртүрлі спорттық жарыстарға, суреттер фестиваліне балалар белсенділікпен қатысады, - дейді полиция полковнигі.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Қоғам, Денсаулық сақтау | Кілт сөдер: есірткі

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар