Есірткімен күрес: метадон бағдарламасы кейбіреулерге ауадай қажет

(Дауыстар: 1)
Есірткімен күрес: метадон бағдарламасы кейбіреулерге ауадай қажет

Отыз сегіз жастағы өскемендік азамат Павел үш жылдан бері бір ғана нәрсені армандайды. «Маған жұмыс беріңіздерші! Жоғары мәнсап, лауазымды қызмет емес, кәдімгі екі қолға бір жұмыс», -дейді бұрынғы нашақор. 2011 жылдан бері апиын заттарын алмастырушы терапиямен емделіп жүрген жігіт ағасы өзіне қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қарауды сұрайды.

Бар арманы - екі қолға бір жұмыс

Шығыс Қазақстан облыстық наркологиялық диспансерде бүгінгі таңда метадон бағдарламасымен отыз алты нашақор емделуде. Нарколог-дәрігер Салтанат Жұмаханованың айтуынша, олардың ішінде үш отбасылық жұп бар. Тағы бір әйел және бір ер адам жанұялы. Олардың сыңарлары кеселді заттарды тұтынбайды. Он алты науқас ата-анасымен тұрады. Апиын заттарын алмастырушы терапияны қолданатындардың 23-і тұрақты жұмыс істейді. Он үш адам әзірге жұмыс таппапты.

Осындай жандардың бірі - Павелдің тағдыры сананы улайтын есірткі заттарының шырмауында кеткен өзі сияқты басқа да нашақорлардан көп ерекшеленбейді. Шылымның дәмін алты жасында татқан балғын жасөспірім кезінде ауладағы «бұзылған» құрбыларының ықпалынан шыға алмай, алдымен анаша, кейін қайнатылған ханка тартады. Сөзіне сенсек, есік алдында басқалар түкіріп тастаған темекінің тұқылын жинап алып, шегіп жүргенін көрген анасы он жасынан бастап өзі темекі әперіп жүріпті. Әкенің қатал тәрбиесін көрмей, теріс жолға түсіп кеткен жеткіншекке уақыт өте келе анасы мен үлкен әпкесі мүлде ие бола алмай қалған. Жиырма жасында ауыр қылмыс жасап, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Есірткіні тым көп мөлшерде қабылдаған жас жігіттің жүйкесі сыр беріп, қарсыласын сөзге келместен о дүниеге аттандырып жібереді. Кісі қанын арқалаған бозбала осылайша сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, кете барады. Түрмеден шығып, туған үйіне оралғанда, басында бәрі жақсы сияқты көрінеді. Тіпті жұмыстың да реті келіп, «Меломан» дүкеніне бейнетаспа сатушы болып орналасады. Бірде ескі таныстарының біріне бірнеше бейнетаспаны уақытша көруге береді. Аяқастынан тексеру жүргізген қожайыны қызметкерінің ұрлығын әшкерелеп, полицияға арызданады. Бұрынғы қылмысы бойынша әлі де құқық қорғау қызметкерлерінің бақылауында жүрген жігіт тағы үш жылға сотталады. 2010 жылы екінші рет жазасын өтеп шыққан Павел бала кезіндегі ауланың теріс ықпалына тағы да күмп береді. Ескі жора-жолдаспен қайта табысып, тағы да есірткінің тұзағына түскен жігіт есалаң күй кеше бастайды. Күндердің күнінде достарының бірі наркологиялық диспансерге жатып, біраз емделуге кеңес береді. Нашаның кезекті мөлшерін іздеймін деп шаршаған ол келісе кетеді. Есірткіге тәуелділердің көпшілігі диспансерге ем алу үшін емес, уколдың күшімен ләззат алу үшін жататыны бүгінде құпия емес. Осылайша аздап тынығып алуды көздеген оған дәрігер 90 күндік оңалту бағдарламасын тағайындайды. Үш ай бойы науқастың бауырын есірткінің уытынан тазалап, ағзаны әртүрлі дәрумендермен толтырады. Осы жерде апиын заттарын алмастыратын метадон бағдарламасы жайында алғаш рет естиді.

- Нарколог дәрігер маған бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді. «Қаласаң, орналастырайын» деген ұсыныс жасады. Менің келіспеске амалым болған жоқ. Бір доза есірткі үшін тағы кісі өліміне барғым келмеді, - дейді Павел.

Міне, содан бері бесінші жыл болыпты, бұрынғы есірткіге тәуелді жанның улы заттардан бас тартқанына. Осы терапияның арқасында ол төрт жылдан бері көктамыры арқылы қанына есірткі жіберіп көрмепті. Бар болғаны диспансерге күнделікті келіп, медбикенің көзінше өзіне тиесілі мөлшердегі метадонды қабылдайды. Одан басы да айналмайды. Бәзбіреулер айтқандай, ләззат та алмайды. Бірақ бұрынғыдай ломканың не екенін білмейді. Өзін өте сергек сезінеді. Бес жылдың ішінде күш-қуатының, белсенділігінің артқанын байқаған. Өзін жақсы сезінгені соншалық, көп қиналмастан бір қоймаға жұмысшы болып орналасады. Қожайыны жас қыз екен, Павелдің өткен өмірінен ештеме сұрамайды. Өзі елгезек, айтқанды екі етпей істейтін жұмысшыға жұмыс берушісі де риза еді. Алайда, біздің кейіпкеріміздің бұл қуанышы ұзаққа созылмапты. Үш ай істер-істеместе қоймаға ұры түседі. Бөлме ішінің астан-кестеңін шығарған тонаушылар сейфтің құлпын бұзып, бірталай дүниені қолды еткен. Қылмыс орнына жеткен полиция қызметкерлерінің бірі Павелді бірден таниды. Әрине, оның өткені туралы жұмыс берушіге жеткізеді.

- Полицейлер маған ешқандай кінә таға алған жоқ. Тек қожайын қызға жақсылап ескерткен болу керек, ол мені шақырып алды да, «сіздің жұмысыңызда ешқандай кемшілік жоқ, бірақ мен сізге енді жұмыс бере алмаймын» деді. Мен ол жерде міндетіме кірмейтін ғимаратты жинау, қоқысты төгу сияқты лас жұмыстарды да ешкімнің өтінішінсіз өзім атқарып жүрдім. «Павел, ананы орында, Павел, мына жаққа көмектес» деген сияқты тапсырмалардың бірін аяқсыз қалдырып көргем жоқ. Сонда мені не үшін жұмыстан қуғандарын әлі түсінбеймін. Өткен қателіктерім үшін өмір бойы қоғамның азғындаған мүшесі болып өтемін бе?- деп налиды Павел. Осындай ойнап жүріп от басқан жандарға қоғамның көзқарасы әлі де дұрыс емес. Бұл стереотиптен қарапайым тұрғындарды қойып, құқық қорғау орындарының қызметкерлері де арыла қоймағанын жоғарыдағы мысалдан-ақ байқаймыз.

2012 жыдан бері Павел жұмыссыз. Зейнеткер анасының мойнында отыр. Бір уақыттары газет таратып, азын-аулақ табыс тапқан болыпты. Бірақ оның арманы - тұрақты жұмыс.

- Бізде бұрын сотталғандарды жаңа өмірге бейімдеумен айналысатын, есірткіге тәуелділермен жұмыс істейтін, олардың қоғамға қайта оралуына қолдау көрсететін «Answer» қоғамдық бірлестігі бар ғой. Олардан көмек сұрап көрген жоқсыз ба?

- Түрмеден жаңа шыққан кезде барып, өзім сияқты мұңлықтармен сырласқаным бар. Бірақ жұмысты өз бетіммен тауып алғам. Дәл қазір оларға баратын уақытым да жоқ. Менің азаматтық некеде тұратын келіншегім өкпе дертіне шалдығып, қазір туберкулезге қарсы емдеу диспансерінде жатыр. Күнде соған барамын, -деген Павел ол жердегі былық-шылық жайында да әңгімелеп, араласуымызды өтінді. Ол енді басқа мақаланың тақырыбы.

Метадон бағдарламасына қатысушылар бағдарламадан шығудың оңай емес екенін айтып келеді. Павел де ол сәтті жүрексіне күтіп жүр.

- Бағдарламадан шығу көп ерік-жігерді, рухани күш-сенімді қажет ететінін білемін. Бұған дейін шыққандардың арасында қайтыс болғандары туралы естігем жоқ, сол себепті адамның өзі барын салып тырысса, бәрі де жақсы болады деп ойлаймын. Осы терапияға қарсы келушілер «нашақорлар метадонды тамырларына салады екен, базарда метадон сатып жүр-міс» дегендей қисынсыз дүниелер айтады. Медбике аузыңа қарап тұрғанда, оны жұтып жібергеннен басқа амалың қалмайды. Оны тамырға жіберу де, диспансерден сыртқа алып шығу да мүмкін емес, - деп сендірді бізді жігіт ағасы.

Дропин орталығына жаңа ғимарат беріледі

Біз бұған дейін бұрын сотталғандар және ЖИТС/АИВ дертіне шалдыққандарды жаңа өмірге бейімдеумен айналысатын, есірткіге тәуелділермен жұмыс істейтін, олардың қоғамға қайта оралуына қолдау көрсететін «Answer» қоғамдық бірлестігіне тиесілі дропин орталығының проблемасы туралы жазған болатынбыз. Естеріңізге сала кетейік, Ертіс су бассейні инспекциясы жоспардан тыс тексеру кезінде жапондықтардың грантына салынған орталықтың ғимараты табиғатты қорғау аймағында бой көтергенін анықтайды. Осыны алға тартқан Өскемен мамандандырылған әкімшілік соты өткен жылдың күзінде екіқабатты үйді бұзу жөнінде шешім шығарған-ды. Бұл мәселені жазда облысымызға келген Жапонияның еліміздегі елшілігінің бірінші хатшысы Аракава Масаери облыс басшыларымен кездесу барысында көтерген болатын. Облыс әкімдігінде бірлескен жобаның мәселесі қыркүйектің ортасына дейін өз шешімін табатынын жеткізген еді. Біз аталмыш мәселенің қалай шешілгенін білу мақсатында үкіметтік емес ұйымның жетекшілеріне хабарластық.

- Ғимаратты бұзып тастады, ішіндегі қымбат құралдарымызды тонап кетіпті. Біз оларды сатып жібереміз деп жоспарлағанбыз, - деді бізге салған жерден «Answer» қоғамдық бірлестігінің директоры Елена Растокина.- Қазанның жиырма екісінде біз ғимараттың тоналғаны туралы арыз бердік. Қазір ұрылар іздестірілуде.

Елена Растокинаның мәлімдеуінше, ұрылар Жапониядан әкелінген генератор, пеш сияқты қымбат құралдарды қолды қылыпты. Белсенділер жиһаздар мен сантехника құралдарын, едендегі линолиумды бұған дейін өздері алып үлгерген екен.

Қор директоры облыстық әкімдік жарты жыл ішінде лайықты ғимарат сатып алып беруге уәде бергенін айтты.

- Оны бізге уақытша пайдалануға беретін болады. Қанша мерзімге беретіндері өзімізге де қызықты. Бүгінгі таңда бірнеше нұсқалар қарастырылғанымен, әлі нақты байламға келген жоқпыз. Біздің кеңсемізге көмек сұрап, күніне бірнеше адам хабарласады. Оларға біз бұрынғыдай заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуге дайынбыз, әлеуметтік қолдау жасаймыз. Тіркеуге де қоя аламыз, бірақ өкінішке қарай, әзірге баспана ұсына алмаймыз. Ал бұл өте маңызды еді. Бостандыққа шыққандардың көпшілігін ең алдымен осы қызмет түрі қызықтырады, - дейді белсенді.

Бұл бағдарлама кейбіреулерге ауадай қажет

Шығыс Қазақстан облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Эдеш Рахымжановқа күнделікті жұмысында нашақорлармен жиі араласуға тура келеді. Сол себепті біз облыстың есірткімен бас күресушісінің метадон бағдарламасы туралы пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.

- Алғашында есірткіге тәуелділерді метадонмен емдеу жобасын естігенде екі қолымды көтеріп, қарсы болған едім. Уақыт өте келе, бағдарламаның жағымды нәтижелерін көрген соң, өзімнің пікірімді 180 градусқа өзгерттім , - дейді полиция полковнигі. - Түсінесіз бе, қандай да болмасын зиянды заттарға, мысалы, ішімдік не болмаса психотропты заттарға тәуелділер екі топқа бөлінеді. Алғашқылары жаман әдеттерден өз беттерімен арыла алса, соңғыларының тәуелделігін жеңу оңай емес. Метадон осы екінші топтағыларға арналған.

Біздің облыста қанатқақты жоба ретінде 2010 жылы қолға алынған осы бағдарламаның аясында ондаған есірткіге тәуелділердің жаңа өмір бастағаны жайында бұрын да жазған едік. Олардың арасында отбасын құрып, жұмыс істеп, қоғамға пайдалы жандардың қатарына қосылғандары аз емес. Осы уақытқа дейін БҰҰ-ның Глобальді қоры қаржыландырып келген жобаны 2016 жылдан бастап салық төлеушілердің есебінен жүргізу туралы жоғары жақта пікір айтылған болатын. Бұл мәселе әлі де талқылануда.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар