ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Бір жылда атқарылған бірегей істер

(Дауыстар: 1)
ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Бір жылда атқарылған бірегей істер

Елбасы сенімін арқалаған елеулі кадрлардың ішінде шоқтығы биік тұрған Даниал Ахметовтің Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскеніне міне бір жыл толды. Бір жыл көп уақыт емес әрине, бірақ әр басқан қадамы көптің көз алдында сайрап жатқан басшының он екі айдағы орайлы істеріне куә болған Шығыс жұрты оң баға беріп үлгерді әкіміне. Өйткені, бір жылда атқарылған бірегей істер жетерлік, қолға алынған жобалар одан да көп.

Әлемдегі азуын айға білеген мемлекеттердің өзін тығырыққа тіреген қаржылық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бұған дейінгі сәйкес кезеңдерден бір мысқал төмендетпеген облыс әкімі мына басым бағыттарды басшылыққа алды.

Біріншіден, өңірімізде жеке инвесторлар тарту ісі ширатылып, концессиялық жобаларға көңіл бөлінді. Оның ішінде атап айтсақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде аудан-қалаларда көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақта индустриялық-иновациялық даму бағдарламасы аясында алдағы төрт жылда 30 жоба жүзеге асырылмақ.

Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ден қойылды. Үржар ауданындағы 30 мың тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы, Аягөздегі жылына 17 мың тонна ет өндіруге қабілетті ет комбинаты, сондай-ақ, барлық аудандарда ашылып, қатарға қосылып жатқан тауарлы-сүт фермалары мен сүт қабылдау пункттері аймақтың ауыл шаруашылығы саласын сөзсіз алға жетелейтін жобалар қатарынан.

Бірнеше бағыттан тұратын кешенді бағдарламаға сәйкес 2015-2016 жылдары тоғыз тауарлы-сүт фермасы құрылып, 28 ферманы қайта жөндеуден өткізу көзделген. Жыл соңына дейін 33 сүт қабылдау пункті ашылады. Қазіргі жұмыс істеп тұрған 26 пункт бар. Сондай-ақ, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын еселеу арқылы жылына халықтан 25 мың тонна сүт сатып алынады. Өңір жоспары бойынша алдағы екі жылда жылына 100 мың тонна сүт өңделеді.

Үшіншіден, проблемалық құрылыс нысандарының тамырына қан жүгіртті. Бірнеше жылдан бері сиырқұймышақтанып созылып келген «сақалды құрылыстардың» жартысынан көбісі қолданысқа берілді. Нақты дерекке жүгінсек, былтыр проблемалық нысандар саны 118 болса, биыл соның сексен пайызы жыл соңына дейін іске қосылады.

Төртіншіден, тұрғын үй құрылысы қарқын алып, баспанасыз жүрген қаншама жерлесіміз қоныс тойын тойлады. Биыл жалпы ауданы 449,1 мың шаршы метрді құрайтын 65 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 айында 13 көпқабатты үй мен 1250 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 12 көпқабатты үй тапсырылады.

Бұл орайда «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі», Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы салынып жатқан тұрғын үйлердің тиімділігі мойындалған. Бүгінде «Ертіс» ӘКК ҰК» АҚ несие бағдарламасымен жеті тұрғын үйдің құрылысын жүргізсе, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-пен бірге 13 үй салынуда. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ қаржысына бес жалға берілетін үй құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бесіншіден, ағаш өнеркәсібі кешені дамытылуда. 2015-2020 жылдарға арналған бұл жоба облыстың ағаш өндірісінің өрге басуының басты көрсеткіші болады, экономикалық жағдайға тікелей әсер етеді. Бүгінде орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өнеркәсібімен айналысатын арнайы консалтингтік компания қажет құжаттарды дайындау үстінде.

Алтыншыдан, балық шаруашылығына баса мән берілді. Зайсан көліндегі, Бұқтырма су қоймасындағы және басқа да өзен-көлдердегі балықтардың қорын молайту, ішкі және сыртқы нарықты сапалы өнімдермен қамту, осы кәсіппен айналысатын адамдардың жұмысын заңдастыру сияқты өзекті мәселер қаперге алынған.

Жетіншіден,Өскемен мен Семей қалаларын дамыту. Бүгінде қос шаћардың абаттандырылуынан бастап бұрын-соңды көрмеген саябақтар мен субұрқақтардың іске қосылуы, ескірген инженерлік инфрақұрылым желілерінің жаңғыртылуы, жолдардың жөнделуі және басқа да жұмыстар тұрғындардың көз алдында атқарылуда.

Сегізіншіден, еліміздің болашағы саналған жастарымыздың ана тілімізбен қатар өзге тілдерді де меңгеруін қамтамасыз ету. Яғни, өңірдің білім ошақтарында қазақ, ағылшын және орыс тілдерін оқыту жағы мықтап қолға алынды.

Тоғызыншыдан, өңір спорты өркендеуде. Өскемен қаласында испандық «Реал Мадрид» үлгісінде балаларды жаттықтыратын футбол академиясы құрылуда. «Алтай» волейбол командасы құрылды, хоккей командамыз өзінің бұрынғы даңқты «Торпедо» атауын қайтарды, енді «Алтай» футбол командасы жасақталуда. Семейде спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернат салынып жатыр.

Оныншыдан, өнер мен мәдениеттің өрісі кеңейе түсті. Облыстық драма театр қолданысқа беріліп, жаңа өнер ордасында қазақ және орыс труппаларымен бірге жастар театры құрылды. Жастар театрында Астанадағы «Шабыт» өнер университеті мен Алма¬тыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітір¬ген жас түлектер келіп еңбек етуде. Жас актерлердің баспана мәселесі де оң шешімін тапты.

Міне, бұл - ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тікелей басшылығымен істелген бір жылдағы бірегей жұмыстардың бір парасы ғана. Осының өзі-ақ басшының жұмысын бағалауға жеткілікті сияқты.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Саясат | Кілт сөдер: шқо әкімі

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар