Режиссер Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтті

(Дауыстар: 1)
Режиссер Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтті

Қарашаның соңғы күндерінің бірінде өнерсүйер қауым мынау өмірден ерте кеткен ардақты ұлын тағы да есіне алды. Иә, осыдан тура бес жыл бұрын қарашаның 25-ші жұлдызында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, талантты режиссер, ақын Рүстем Есдәулет өмірден озған еді. Бұл жолғы еске алу кеші Рүстем арман еткен Өскемендегі жаңа театрдың ғимаратында өтті. Шараға ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қысқа ғана ғұмыр кешсе де, оның өмірі өнегеге толы еді. Ұлт өнерінің дамып, алға жылжуы үшін ол ұлан-асыр еңбек етіп, тер төкті. Өскемендік көрермен қауым Рүстем Есдәулеттің сахналаған әр спектаклін ұмыта қойған жоқ. Ол қазақ труппасын басқарған жеті жылдың ішінде 25 қойылым қойды. Оның Дулат Исабековтің «Актриса», Иран Ғайыптың «Махамбет», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Несіпбек Айтұлының «Кәмей ұшқан», Талаптан Ахметжанның «Қараторғай», Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы және общагадағы серілер» сынды қойылымдары талайлардың көңілінде әлі сайрап тұр. Рүстем Есдәулеттің алар биіктері әлі де көп еді, алайда араға ажал келіп килікті. Бірақ, өңіріміздегі Рүстем жаққан өнердің алауы ешқашан сөнбек емес. Мұны өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап айтты.

- Бүгін біз өңіріміздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің, қазақ ұлтының талантты ұлдарының бірі, театр саласының дарынды ұлдарының бірегейі - Рүстем Есдәулетті еске алу кешіне жиналып отырмыз. Бұл кештің берер тағылымы өте көп. Тағдыр деген адамның маңдайына анасының құрсағына біткен кезде жазылады. Оған ешкімнің де таласы болмайды. Бұл - Құдайдың еншісіндегі дүние. Бірақ осы өмірдегі істеп кеткен ісін, көрсеткен өнегесін, салып кеткен ізін, еңбегін әрқашанда келесі буынға көрсетіп, жарқыратып көрсету - артында қалған азаматтардың негізгі міндетінің бірі. Сондықтан да бұл жерде Рүстемнің қандай дарынды режиссер, талантты актер екенін, ғаламат ақын болғанын тәптіштеп айтып жату артық деп білемін. Бұл жерде Рүстемнің шын жанашырлары, достары, әріптестері, өнердің жанкүйерлері жиналып отыр деп есептеймін.

Абайдың «Адам ортаға талантымен емес, мінезімен сыяды» деген тамаша бір сөзі бар. Кез келген адам талантты болуы мүмкін, бірақ мінезі нашар болса, ортаға қадірі болмайды. Рүстемнің таланты да, мінезі де бар еді. Ешқандай да қулық-сұмдықты білмейтін, әрқашан аңқылдап тұратын, ауызын ашса, көмейі көрінетін, жүрегі ашық, біреуге іні болғысы келетін, біреуге аға болғысы келіп жүретін азамат болғанын бүкіл ел білетін еді десек, артық айтқанымыз емес. Кейде егер Рүстем тірі болса, бүгінгі театрдың деңгейі әлдеқайда биік болар ма еді, Рүстем аман болса, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының мәдениеті әлдеқайда жоғары болар ма еді, бірігіп жұмыс істейтін бе едік деп армандайтын да кездеріміз болады, - деп тебірене сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Рүстем Есдәулеттің өнегеге толы 30 жас ғұмырының өзі біраз жігіттерге сабақ болатынын айтты.

Бір атап айтарлығы, осынау еске алу кешіне Рүстем Есдәулеттің жары Маржан мен балалары да Алматыдан арнайы келген екен. Жиналғандар Рүстемнің режиссерлігімен қойылған қырғыз драматургі Жеңішкүл Өзубекованың «Толғақ» атты психологиялық пьесасын тамашалады.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар