Риддерге енді шанамен барамыз

(Дауыстар: 1)
Риддерге енді шанамен барамыз
Мұндай креативті идеяны Риддер қаласының басшылығы қолға алды. Алты айға созылатын Алтайдың қысында атсыз шанаға мініп, ақборандатып жүретіндер қатары көбеймек қос қаланың арасында. Бұл да өңірімізде кенжелеп тұрған қысқы туризмнің өрісін кеңейтетін өтімді бастамалардың бірі.

Шана дегенде де атқа жегетін кәдімгі ағаш шана емес. Бірнеше тұлпардың күшіне ие қозғалтқышы бар жоғары жылдамдықпен зулайтын заманауи шана. Осы көліктерге арнап қыс маусымында екі шаһардың арасында қатынас жол салынбақ. Тіпті, керек десеңіз шанамен жүруге үйрететін арнайы мектеп ашу мәселесі де жоспарда бар.
– Өскемен-Риддер бағатында шана жолын салуға ештеңе кедергі келтірмейді. Мәселен, Канадада қыс мезгілінде шана жолымен жүретіндердің саны елдегі автокөлік трассасымен қатынайтын жолаушылардан көп. Бұған қоса ондағы шана жолдарының бойында жанар-жағармай құятын бекеттері, қонақүйлері, өздерінің жеке инфрақұрылымдары болады. Тіпті, қолайлы қозғалыс үшін автокөлік трассаларының үстінен арнайы көпірлер де салынады екен. Канадалықтар демалыстың бұл түрін белсенді пайдаланады. Мұны неге біздің өңірде қолға алмасқа? – дейді Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов.

Рас, ақ көрпесін алты ай жамылып жататын Шығыста қысқы туризмді дамытуға барлық жағдай бар. Оған қоса біздің жақта қар қалың түседі, шытынап шыға келетін шыңылтыр аяздан да кенде емес. Таулы, орманды табиғаты қандай! Біле білсеңіз, алысқа бармай-ақ, дәл іргеміздегі Алтай өлкесінде қысқы туризмнен шаш етектен табыс тауып отырған жайы бар. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Ресейдің Таулы Алтай қаласы бір маусымда 1,5 миллион туристі қабылдайды. Бір қызығы, орналасқан жері, халқының саны, аумағы жағынан Риддермен шамалас келгенімен, бұл шаһарда біздегі секілді экономикаға серпін беретін ірі кәсіпорындар, алпауыт өндіріс ошақтары жоқ. Есесіне, қала қазынасына түсетін қаражаттың біразы туризмнің үлесінде. Оның ішінде марал шаруашылығы, пантымен емдеу, тау шаңғысы секілді демалыс түрлері өркен жайған.

Ресейдегі және басқа шет мемлекеттерде кеңінен қолданылған қысқы туризмнің озық үлгілерін қаперге алған кеншілер шаһарының басшылығы Өскемен-Риддер бағытындағы шана жолынан бөлек, тағы біраз бизнес-жобалар дайындапты. Соның бірі - құрылысы келер жылдың көктемінде басталатын шетелдік демалыс базаларынан бір- де-бір кем соқпайтын «Намедни» ЖШС-нің тау шаңғысы курорты. Бүгінде қажетті жер телімі бөлініп, жұмыс қызу жүргізілуде. Ол жерге 50 адамға шақталған заманауи қонақүй тұрғызылады. Жаңадан салынатын демалыс орнында бұл спорт түрімен айналысатын кәсіби шеберлермен қатар, тау шаңғысын аяғына енді байлап үйреніп жүрген әуесқойлар үшін де жайлы жағдай жасалған. Аталған бизнес-жобаға алматылық инвесторлар үлкен қызығушылық білдіріп отырған көрінеді.

– Ресейдің Самара қаласынан тау шаңғысы қондырғыларын жасап шығаратын бригада келіп, жер жағдайымен танысты. Ыңғайлы тау бөктерін белгілеп берді. Жаңа демалыс базасы сонда орналасады. Ол жерде тау шаңғысы жабдықтарынан бөлек мотодельтаплан, ауа шарларын жалға беруді, өзге де қызмет түрлерін ұйымдастырамыз , – дейді Риддер қаласының әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Риддерде жоғарыға көтеретін арқанды жолы бар екі тау шаңғысы базасы жұмыс істеп тұр. Алайда, ол екеуінің де шаңғы жолы өте күрделі, тік, еңісті болып келетіндіктен, қарапайым адамдардан гөрі кәсіби спортшыларға қолайлы. Сондықтан, мамандардың пікірінше, жаңа базаның салынуы бұл шаһарға алыс-жақыннан ағылатын туристердің санын көбейтуге айтарлықтай ықпал етпек.

Серік Әбілхан

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар