Айбектің алғашқы жаттықтырушысы Абайда тұрады

(Дауыстар: 1)
Айбектің алғашқы жаттықтырушысы Абайда тұрады
Аудандық тарихи-өлкетану мұражайына келген адамдардың пікірлерін оқи отырып, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаровтың алғашқы жаттықтырушысы» деген жазуға көзім түсті. Дереу Құндызды ауылында тұратын Тоқтарбек Сүлейменовке телефон шалып, Айбекке және өзіне қатысты деректерді, фотоларды жіберуін өтіндім.

Тоқтарбектің өзі де жастайынан спортқа құмар болыпты. 6-9 сыныптарда оқып жүргенде, Семейде самбо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Марат Имашевтан тәлім алады. Бапкері қайтыс болғаннан кейін, ол педагогикалық институтта республика чемпиондары Ғибат Ибрагимов, Қайырбек Дүрмекбаевпен бірге КСРО спорт шебері Төлеухан Әміржановтың қарамағында жаттығады.

Тоқтарбектің жанұя жағдайына байланысты 10-сыныпты Құндызды орта мектебінде жалғастыруына тура келеді. Мектеп оқушысы бола жүріп, самбодан арнайы үйірме ашады. Кейіннен жоғары оқу орнына сырттай оқуға түсіп, ауыл жастарын самбо және қазақша күреске баулиды.

Оның алғашқы шәкірті самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер Дастан Қайырғазин Барнаул қаласында өткен Бүкілодақтық турнирде ІІІ орын иеленсе, мектеп оқушылары арасында өткен еліміздің спартакиадасында жеңімпаз атанады. Тағы бір шәкірті Болат Какимов 1995 жылы қазақ күресінен мектеп оқушылары арасында өткен республикалық жарыста І орын иеленеді.

Тоқтарбектің шәкірттерінің арасында әсіресе, қазақ күресінен еліміздің, Азияның, Әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаровтың орны ерекше.
– Әлі есімде, 1999 жылы спорт залда жаттығу өткізіп жатқанмын. Бір мезетте залға жасқана басып, ұзын бойлы, аққұба келген 7-сынып оқушысы Айбек кірді. Спорттық дене бітіміне бірден назар аудардым, - дейді Тоқтарбек.
– Сенің де күрескің келе ме? – деп сұрайды бапкер.
– Келеді, - деп жауап береді Айбек.
Жеткіншектің талабы күшті екенін байқаған Тоқтарбек:
– Ендеше ертеңнен бастап күрес секциясына кел, – деп шығарып салады.
Бапкер мен талантты шәкірттің арасындағы таныстық осылай басталған.
– Айбек шымыр денелі, күшті болды. Өзінен жасы үлкен ересек спортшыларды да жеңіп кететін. Мен оның келешекте үлкен спортшы болатынын мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ байқадым, - дейді атақты балуанның алғашқы бапкері.

Кейіннен Айбек Семей қаласындағы колледжге оқуға түсіп, оны бітірген соң Семей педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетінде оқуын жалғастырады. Институтта оқып жүріп, қазақ күресінен республика чемпиондары Шыңғыс Тұрсынов пен Серік Қоржыкеновтің тәрбиесін көрді. Соның нәтижесінде 2013 жылы «Қазақстан барысы» деген ең жоғарғы атаққа ие болды.

Біз сөз етіп отырған қарапайым ауыл мұғалімі Тоқтарбек Сүлейменовтің осындай шәкірттері жылдан-жылға көбейе түсуде. Оның тәрбиелеген екі спортшысы - спорт шеберлігіне үміткер: біреуі - Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, ал жиырмадан аса шәкірті І разрядты спортшы атанды.

Бұл күндері Ш. Әбенов атындағы мектепте ауыл жастары мен мектеп оқушыларының спортпен айналысуына арналған жаттығу залы жұмыс істейді. Оны Тоқтарбек «Семей полигоны аймағын дамыту туралы» БҰҰ-ның бағдарламасы арқылы алған 1500 доллар грант қаражатына өз қалталарынан ақша қоса отырып спорт ошағына айналдырған.

Айбектей әлемге белгілі спортшыны жаттықтырған, Тоқтарбек әлі талай дарынды жасты қанаттандыратынына сенім мол.

Малғаждар Жүнісжанов,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану
мұражайы Абай ауданындағы филиалының меңгерушісі
Абай ауданы.

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар