Жаңа аурухана ғимаратының қабырғалары жарылып кетті

(Дауыстар: 1)
Жаңа аурухана ғимаратының қабырғалары жарылып кетті
Глубокое кентіндегі бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілген аудандық аурухана ғимаратында жарықшақтар пайда бола бастады. Осыған байланысты медициналық мекеме қызметкерлері ғимараттың қауіпсіз бөлігіне көшірілген. Мұндағы жағдаймен танысу үшін ауруханаға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы келіп, мәселені шешуге байланысты нақты тапсырмалар берді.

Естеріңізге салайық, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа аурухана 2014 жылы қолданысқа берілген. Алғашқыда нысандағы құрылыс жұмыстарын «Құмаров және компания» серіктестігі жүргізген. Кейіннен жұмыстың уақытынан кешіктірілуіне байланысты жаңа медициналық ғимаратты салып бітіру міндетін «Элхон» ЖШС өз мойнына алған-ды.

– Бұл нысан бізге жартылай салынып қойған кезінде берілді. Ол уақытта ғимаратқа барлық инженерлік коммуникация тартылып, бетонды діңгектер қағылып қойған болатын. Өз тарапымыздан сапалы құрылыс жұмыстарын жүргізу және аурухананы халыққа уақтылы тапсыру үшін барымызды салдық. Содан болар көп уақыт өтпей жатып нысанда осындай проблема туындайды деп ойлаған да жоқпыз. Амал қанша, бұрынғы мердігерден діңгектердің қағылуына байланысты, бұл жұмыс қаншалықты сапалы орындалғаны туралы бірде-бір мәлімет болған жоқ. Әйтеуір, бәрі жақсы болар, «Құмаров және компания» мамандары міндеттерін адал атқарған шығар деп үміттендік. Бірақ олай болмай шықты, – деген «Элхон» ЖШС-нің бас директоры Ұлықбек Тұмашинов ғимарат қабырғаларында жарықшақтардың пайда болуына бірінші кезекте аурухана астындағы жердің суланып, діңгектер беріктігінің әлсіреуі себеп болғанын айтады.

Мердігердің айтуынша, мұндай олқылық жүргізілген жұмысқа тиісті қадағалаудың болмауы кесірінен орын алған. «Діңгектер қағылмайтын жерге қағылып, соның салдарынан жап-жаңа ғимараттың қабырғалары қаңырап кеткен», - дейді ол.
– Бірінші жарықшақты осыдан бір ай бұрын, дәлірек айтсақ, желтоқсан айының 7-сінде байқадық. Оны көрген бойда құзырлы органдарға тиісті хабарлама бердік. Бұдан кейін тағы бірнеше жарықшақ пайда болды және олардың ауқымы күн өткен сайын кеңейе бастады. Содан бері күнде мониторинг жүргізіп келеміз. Ал сол мониторингтің нәтижесі көңіл көншітпейді. Жарықшақтар барған сайын үлкейіп, кейбірінің ені бірнеше сантиметрге дейін жетті, – деп хабарлады аудандық аурухана бас дәрігерінің әкімшілік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі орынбасары Сергей Фоминых.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы таратқан мәліметке сенсек, жарықшақтардың дені ғимараттың төменгі қабатында пайда болған. Десек те, аурухананың ең жоғарғы – үшінші қабатында да жарықшақтар аз емес екен. Сонымен қатар, нысанның жағдайын тексеру барысында қабырғалардың бірде-бір сантиметрге қисаймағаны да анықталды. Яғни, бәзбіреулердің ғимарат құлауы мүмкін деген байбаламы мүлдем негізсіз.

Алайда, медициналық мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кей жарықшақтардың күн емес, сағат сайын үлкеюі дәрігерлерді де, келушілерді де әжептәуір үрейлендіргені рас. Сондықтан болар, аурухана басшылығы ғимараттың осы бөлігін жауып, мұнда жұмыс істейтін қызметкерлерді өзге бөлмелерге көшірген. Осы орайда айта кетер жайт, ең зор жарықшақтар ғимараттың бухгалтерия және кадрлар бөлімі орналасқан әкімшілік бөлігінде пайда болған.

Нысанның жобасын жасаған мамандар бар кемшілік діңгектерді дұрыс қақпаған бұрынғы мердігердің жауапсыздығынан туындауы мүмкін деп топшылап отыр.

– Әзірге дөп басып айта алмасақ та, негізгі себеп ретінде осы нұсқаны қарастырудамыз. Жалпы, аурухана орналасқан жердің бетонды діңгектер қағуға жарамды тереңдігі 18 метрді құрайды. Жоба бойынша діңгектер толықтай, яғни, 18 метрге дейін төмен түсуі керек болатын. Алайда, бұл жұмыс сапасыз орындалып, діңгектер толықтай қағылмай қалуы ықтимал деген күдігіміз бар. Не болмаса, топырақтың дымқылдануынан қадалардың бірі шетке қарай ығысып, беріктігі төмендеген. Негізі, қорқатындай ештеңе жоқ. Дегенмен, тез арада қажетті жұмыстар қолға алынып, қосымша тіреуіштер орнатылуы тиіс. Жаңадан қойылған діңгектердің үстінен бетонды плиталар төселіп, ростверктер кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, олардың арасындағы кеңістікке бетон құйылады. Ғимараттағы апатты жағдайды жоюға бұл жұмыстар да жеткілікті, – деді «Семқұрылысжоба» жобалық институтының директоры Есенгелді Сләмханов.

Ал ғимаратта қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп қайту үшін аудан орталығына арнайы ат басын тіреген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құзырлы мекемелер басшыларынан, мердігер компания өкілдерінен аталмыш мәселеге қатысты нақты түсініктеме беруді талап етті.

– Мәселе бар, дегенмен, алаңдап, байбалам салатындай, аурухана жұмысын тоқтататындай ештеңе жоқ. Мен жобалық институт мамандарына мұқият талдау жүргізіп, апаттың себептерін анықтауды тапсырамын. Бұл жұмысқа орынбасарым Димитрий Гариков жауапты болады. Бетон діңгектерді қағу картасын алдыртып, жұмыс неліктен сапалы орындалмағанын анықтаңыздар. Аталмыш шаруаны тындыруға 10 күн уақыт беремін. Жобалық институт қажетті шешім қабылдап, мердігер компания жұмысты соңына дейін жеткізуі керек. Бұл жерде олқылықтың орын алуына алғашқы мердігер кінәлі. Байқағанымдай, апатты жою жұмыстарын өздеріңіз-ақ бастап кетіпсіздер, бұл – дұрыс. Бақылау жүргізуді жалғастыра беріңіздер. Ал келесі айда тиісті ұйғарым қабылданғанда, мәселе түпкілікті шешімін табады деп ойлаймын, – деді облыс әкімі құзырлы мекемелер басшыларымен өткізген арнайы жиын барысында.

Аймақ басшысының айтуына қарағанда, осындай жағдайдың туындауына «Элхон» серіктестігі кінәлі емес, сол себепті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаржыны мердігер компания өз қалтасынан шығармайтын болады. Бұл мақсатқа қаржы облыстық бюджеттен бөлінбек.

Өз кезегінде құрылыс компаниясының басшысы Ұлықбек Тұмашинов ең алдымен аурухана тұрған жердің топырағы неліктен суланғанын анықтау керек деген ойын білдірді. Оның пікірінше, жергілікті су құбырларында жарықшақтар пайда болып, содан барып топырақ айтарлықтай дымқылдануы мүмкін. Түптеп келгенде, мұның діңгектер беріктігіне әсер етуі де ғажап емес.

Бұл пікірге жобалық институт директоры Есенгелді Сләмханов та қосылып, аурухана қабырғаларында жарықшақтардың пайда болуы себебін осыдан іздеу керектігін айтты.
– Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ, құрылыс басқармаларына, Глубокое ауданының басшылығына жергілікті су жүйесінің жағдайын тексеріп, мәселенің мән-жайын анықтауға 10 күн уақыт беремін. Инженерлік құрылыстардың тарихына көз жүгіртіп шығу керек. Бәлкім, расымен де, ауруханада апатты жағдайдың орын алуына жергілікті су құбырлары мен кәріз жүйесінің ескіріп, тозуы себеп болған шығар?! Сіздерден ақпан айының 7-сіне дейін осы мәселе бойынша нақты жауаптар күтемін, – деген аймақ басшысы жобалық институт мамандарына нысанда қалыптасқан жағдайды күні-түні бақылауда ұстап отыру керектігін айтып, тиісті тапсырмалар жүктеді.

Нұржан Кенжеұлы

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар