Жерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

(Дауыстар: 1)
Жерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммерциялық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалану, ұқсатылмай жатқан телімдерді мемлекет иелігіне қайтару, суармалы алқаптарды игеру және осыған қатысты басқа да мәселелер Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин өткізген арнайы жиында қаралды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиыны ашқан ШҚО әкімінің орынбасары өткен жылы орындалған шаруаларға қысқаша тоқталып, 2016 жылы алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.

- Биылғы бірінші шілдеден бастап елімізде күшіне енетін жаңа заң бойынша жер телімдері нарықтық айналымға енгізіледі. Соған орай алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бұл - өте маңызды мәселе, - деп сөзін бастаған Дүйсенғазы Мусин жиынға қатысушыларға жаңа заңның өзгертулері мен толықтыруларын ескере отырып, биылғы алғашқы жартыжылдыққа нақты жоспар құруды тапсырды.

Ресми дерек көзіне сүйенсек, қазір аймақта 10,2 млн. га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар, оның ішінде егістік алқап 1,4 млн., көпжылдық шөптер - 2,3 мың, кен шоғыры - 46,6 мың, шабындық - 455,5 мың, жайылым - 8,3 млн. гектар аумақты алып жатыр.

- Өткен жылы өңірде егіндік алқаптарды айналымға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Бородулиха, Зырян, Көкпекті және Күршім аудандарында егістік жерлер көлемі ұлғайса, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында керісінше кеміген. Жалпы, былтыр жыртылатын жерлердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,2 мың гектарға азайды, - деген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков негізгі салалардың бірі ауыл шаруашылығы болып табылатын біздің аймақ үшін егістік алқаптар аумағының азаюы жақсы көрсеткіш емес екендігін еске салды.

Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарға биыл баса маңыз берілмек. Бүгінде жыртылған жерлерді пайдалану көрсеткіші облыста 97%-ды құрайды. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары аудан-қалалардың әкімдеріне игерілмей жатқан егістік жерлерді қайтарып алуды немесе оларды ауыл шаруашылығының өзге түрлеріне пайдалануды шегелеп тұрып тапсырды.

Басқарма басшысының мәліметіне көз жүгіртсек, өңірімізде суармалы егістіктерді пайдалану көрсеткіші 89%-ды құрайды. Суармалы алқаптардың игерілу деңгейі Тарбағатай және Жарма аудандарында, Семей қаласында төмен.

Қазіргі күні күрмеуі шешілмей жүрген тағы бір мәселе бар, ол - жеке және заңды тұлғаларға ұзақ мерзімге жалға берілген телімдердің дұрыс қолданылмауы. Нақтырақ айтсақ, жалға алған иеленуші өзінің жер телімін ауыл шаруашылығына жаратпай, қаңырап бос жатады немесе басқа біреуге қосалқы жалгерлікке береді. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен биыл игерусіз қалған суармалы алқаптарды анықтап, қайтарып алу және оны пайдалануға мүдделі өзге шаруашылықтарға қайтара бөліп беру бойынша жұмыстар мықтап қолға алынған. Айталық, 2015 жылы құс фабрикасын салу үшін Үржар ауданында мемлекет меншігіне 4,6 мың га суармалы алқап қайтарылса, инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Тарбағатай ауданында 3,2 мың га, Зайсан ауданында 1,2 мың га, Бесқарағай ауданында 4,2 мың га суармалы жер телімі дайындалған.

Баяндамашы ұсынған ақпараттарға сүйенсек, 2012-2014 жылдары облыста ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді түгендеу жүргізіліпті. Соның арқасында мамандар 984,3 мың га жер телімінің ұқсатылмай жатқанын анықтаған. Иесіз телімдердің біразы Жарма, Зайсан, Зырян аудандарының үлесінде. Бүгінде бос жатқан аумақтар қайтарылып алынып, өзге жер иеленушілермен игерілуде.

- Аудан әкімдерінің орынбасарлары, жалпы осы салаға жауапты мамандар жергілікті жердің жағдайын, топырақтың құнары мен құрамын, басқа да қасиеттерін жақсы білуі керек. Мәселен, қай ауданның жерін қандай бағытта пайдаланған тиімді екенін білсін. Сол секілді әрбір жалға алушы да иелігіндегі жер телімін қалай игергенде мол өнім алатынын білуі керек. Бізде осы жағы кемшін соғуда, - деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.

Облыс әкімінің орынбасары жерді тиімді пайдалану үшін топырағы құнарсыз, банитеті төмен телімдерді егістік айналымынан шығарып, ауданның маманданған бағытын ескере отырып, жайылымдық немесе шабындық секілді ауыл шаруашылығының өзге түрлеріне ауыстыру қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков ауыл шаруашылығы мақсатындағы және оған жатқызылмайтын жерлерді сату, жалға беру, оларды тиімді пайдалану, жеке тұрғын үйлер салу үшін жерлерді бөлу, аукциондар мен конкурстар өткізу арқылы жерді иеленушілерге беру мәселелеріне тоқталып өтті.

Жиын барысында облыс аумағындағы жерлерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік қадағалаудың нәтижелері, тұрғын үй-коммерциялық мақсаттарға арнап берілген игерусіз жерлерді анықтау жөнінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейірхан Әшімханов, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды және нәтижелі пайдаланудың негізі болып табылатын ішкі шаруашылық жобалары туралы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Владимир Соловьев баяндаса, облыстағы суландыру жүйелерінің бүгінгі жағдайы мен суармалы алқаптарды пайдалану жөнінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Мұхамедкәрім Мадиев ақпарат ұсынды.

Сонымен бірге, Аягөз және Жарма аудандарының өкілдері өздерінің өңірде ауыл шаруашылық жерлерін мақсатты игеру мәселелерін қаузады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин барлық аудандар әкімдерінің орынбасарларына, жауапты саланың басшылары мен өкілдеріне 2016 жылы атқарылуы тиіс бірқатар міндеттер жүктеді. Алда келе жатқан көктемгі егіс науқанына осы бастан дайындалуға, оның ішінде тұқымды сараптамадан өткізуге, сапасын арттыруға тапсырма берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қатынастары саласында жемісті еңбек етіп, көзге түскен үздік мамандар құрмет грамоталарымен марапатталды.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар