«Құнанбай» фильмі Өскеменде көрсетілді

(Дауыстар: 1)
«Құнанбай» фильмі Өскеменде көрсетілді

Өскемен жұртына «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді. Тұсаукесерге ШҚО әкімінің бірінші орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аталмыш киноның режиссеры ћәм Құнанбай бейнесін сомдаған Досхан Жолжақсынов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл көркем туындының сценариін Досхан Жолжақсыновпен бірге тағы бір жерлесіміз, жазушы, кино-драматург Таласбек Әсемқұловтың жазғаны белгілі. Өкініштісі сол, Таласбек аға бұл қуанышты сәтке жете алмады.

- Өздеріңіз білесіздер, қазақ киносы соңғы жылдары біраз жақсы картиналарды өмірге әкеліп жатыр. Бұл ең әуелі, мемлекеттің кино өндірісіне деген қамқорлығы деп білуіміз керек. Сондай туындылардың бірі - «Құнанбай» фильмі. Туынды өткен жылы Абай ауданында, Семей қаласында көрсетілді. Енді жұртшылықтың сұрауы бойынша Өскеменге әкеліп отырмыз. Уақыттың тығыздығына қарамай, жерлестерінің бір ауыз сөзін жерге тастамай келіп отырған Досыхан ағаға алғыс айтамыз. «Құнанбай» фильмі тек қазақ киносының ғана емес, әлемдік кинолардың арасында өз орнын табады деп есептеймін, - деді Жақсылық Омар құттықтау сөзінде.

Өткен жылы бұл туынды Астана мен Алматыда көрсетілген соң кейбір көрермендер сын тезіне алғаны белгілі. Сынның өзі киноға үлкен жарнама болса керек. Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрына көрермен сыймай қалды.

- Құнанбайдың да, Абайдың да осы өңірде кіндік қаны тамған. Сондықтан өздеріңізге етене жақын дүние. «Біржан сал» киносын түсірген соң, марқұм Таласбек Әсемқұлов екеуіміз бес жылдай бірге жұмыс істеп, «Құнанбайды» шығаруға құлшындық. Жалпы, Құнанбай 40 жасқа дейін бүкіл игі жұмыстарды тындырып тастаған адам. 40 жасында дүниеге Абай келеді, 40 жасында шен алады, 40 жасында Қарқаралы округінің аға сұлтаны атанады. Біз көптеген архивтерді ақтарып отырып кино барысында Құнанбайды «жерге түсірдік». Бір ғана өтініш, кинодан деректі дүние іздеуге тырыспаңыздар, өйткені, бұл - көркем шығарма, - деді кино режиссері.

Иә, киногер айтқандай, бұл туындыдан Әуезовтің шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайын көре алмадық. Режиссерлар Құнанбайдың жаңа бейнесін ашумен қатар қазақтың ұмыт болып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлерін де шынайы көрсетуге тырысқан. Өскембайдай арысынан айырылып, қара жамылып отырған қаралы ауылдың жоқтау айтып отырған зарлы әйелдері, жүлдеге тігілген түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкеткен жартылай жалаңаш әйел сынды көріністер сондай түйсік сыйлады бізге. Әрі қарай салт-дәстүрмен сабақталған, шариғаттың шеңберінен шықпайтын Құнанбайдың қилы тағдыры, әр алуан қыры бейнеленеді. Қодар мен Қамқаның өлімінен кейінгі жан күйзелісіне түсіп, азаптанған бейнесі Аға сұлтанның да ет жүректі жан екенін сәтті көрсеткен. Ал ит жеккенге айдалып бара жатқан Құнанбайды көп пара беріп құтқарып қалған Барақ сұлтанның ісіне шын сүйіндік. Иә, «ағайынды өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақтың шынайы болмысы бұл. Әйтпесе Құнанбай Барақтың нағыз бақталасы емес пе?! Сондай-ақ, орыстың ұлығының алдында өміріне төніп тұрған қауіп-қатерге қарамай Кенесары хан жайында кесек-кесек айтылған ойлары Құнанбайдың асқақ рухын, әлдекімдер айтып жүргендей, «қазақтың жауы - қазақ» емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеген. Айта берсек, бұл шығарманың кісіні қуантар, рухыңды серпілтер тұстары көп. Қысқасы, кино арқылы ұлттың рухын көтеруге жұмыс жасаған. Тағы бір айтпай кетуге болмайтын тұсы - «Құнанбайдағы» көркем тілді айналымда жүрген қазақ киноларынан әлі кездестіріп көрмедік.

Фильм аяқталғанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бастаған көрермендер Досхан Жолжақсыновқа алғыстарын айтты.

- Айналайын Досхан, мен «Құнанбайды» көруге Катонқарағайдан арнайы келіп отырмын. Сенің әрбір туындыңды жібермей көруге тырысамын. Зере әжеміздің зиратын, суретін көрген едім, енді өзін көріп отырмын. Неткен ұлылық бұл. Рақмет, саған. Шығыстан шыққан азаматтардың бірісің, өнердегі шырағың сөнбесін, - деді Топқайың ауылының тұрғыны Берікбол Қасенов.
Туындының артық-кем тұстарын алдағы уақытта көк жәшіктен көрген көрермендердің өзі айта жатыр. Туынды иесінің айтуынша, бұл күндер де алыс емес сыңайлы.

Мұратхан Кенжеханұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Мәдениет | Кілт сөдер: абай құнанбаев

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар