Жеңіл атлеттер Олимпиада лицензиясын сарапқа салды

(Дауыстар: 1)
Жеңіл атлеттер Олимпиада лицензиясын сарапқа салды

Бразиялияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ-ші жазғы Олимпиада ойындарына жарты жылдан сәл астам уақыт қалды. Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өткен Қазақстан чемпионатына жиналған 200-ден астам сайыпқырандар жылдың басты додасына лицензия ұтып алу үшін сынға түсті. Екі күнге созылған жарыста Қазақстанның бірнеше рекорды жаңартылып, бірнеше Олимпиада лицензиясы уысқа түсті, деп хабарлайды Аltaynews.kz Шығыс Қазақстан Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Жабық алаңда өткен чемпионаттың алғашқы күні желаяқ қызымыз, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, алматылық Виктория Зябкина 60 метрге жүгіруде қарсыластарынан оқ бойы алда келді. Оның көрсеткіші - 7.20 секунд. Бұл - жабық стадиондағы Қазақстанның жаңа рекорды. Еске салайық, Светлана Бодрицкая осыдан аттай 19 жыл бұрын осы қашықтықты 7.23 секундта жүгіріп, еліміздің рекордын жаңартқан. Сондай-ақ, 200 метрге жүгіруде В.Зябкина 23.25 секунд нәтиже көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. Екінші орында - алматылық Э.Михина, ал үшінші - орында жерлесіміз А.Тулапина. Лондон Олимпиадасына қатысып, тәжірибе жинаған өскемендік А.Сопрунова бабында екенін дәлелдеп, кедергімен 60 метрге жүгіруден 8.17 секундпен үздік нәтиже көрсетті. Ал еркектер арасындағы осы қашықтықта Виталий Земс 6.86 секундпен топ жарды. 4х400 метрлік эстафеталық жарыста Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының желаяқтары алғашқы үш орынды бөлісті. Сырықпен секіруде алматылық Сергей Григорьев 5 метр 50 см нәтижемен чемпион атанды. Алматылық Иван Иванов ядро лақтыруда 20 метр 51 сантиметр нәтиже көрсетіп, Олимпиада лицензиясын қалтаға басты. Ал бұдан 24 жыл бұрын алматылық Сергей Рубцов 20 метр 43 сантиметр нәтижеге қол жеткізген. Сөйтіп, Қазақстанның тағы бір рекорды дүниеге келді. Енді Ивановтың Олимпиадаға алаңсыз жаттығуына мүмкіндік туды. 400 метрге жүгіруде Шығыс Қазақстанның өкілі Елена Михина, 800 метрлік бәсекеде Қызылжардың желаяғы Маргарита Мұқашева, 1500 метрге жүгіруде павлодарлық Евгения Фандюшина, 3000 метр қашықтықта өскемендік Ирина Смольникова, тағы бір жерлесіміз Регина Қайсарова 183 сантиметрге секіріп топ жарса, қарағандылық Е.Нестерова ядро лақтыруда алтыннан алқа тағынды.

Чемпионаттың екінші күні аса тартысты өтті. Спорттың падишасы атанған жеңіл атлетика десе, ішкен астарын жерге қоятын жанкүйерлер Рыпакова атындағы сарайға сыймай кетті. Оның реті бар, жиналған көпшілік Олимпиада ойындарының чемпионы О.Рыпакованың өнерін тамашалағысы келген болар, алайда, алтын қызымыз Ольга бұл күні жарыс жолына шықпады, себебі, жақын арада өтетін дүбірлі додаға қатыспақ. Үш қарғып секіруде Солтүстік Қазақстан облысынан ат терлетіп келген Диляра Абуова 13 метр 45 сантиметрді бағындырып, алтын алқаны иеленді. Жарысты тамашалаған қалың көпшілік 200 метрге жүгіруде тамаша нәтиже көрсетіп, қарсыластарын шаң қаптырып кеткен Виталий Земс (21.56), екінші, үшінші орындарға табан тіреген өскемендік В.Лешин, алматылық Рүстем Алмағамбетов, үш мәрте секіруде 16 метр 85 сантиметр нәтижемен Олимпиада жолдамасын иеленген Роман Валиев, тағы басқалардың шеберлігіне тәнті болды. Роман ер екен, ұзындыққа қарғуда да 7 метр 57 сантиметрді бағындырып, чемпион атанды.

- Өскемендегі жеңіл атлетикадан өткен жабық алаңдағы ел біріншілігі тамаша ұйымдастырылған. Екі күнде үш-төрт Олимпиада лицензиясы уысқа түсті. Жеңіл атлеттер Рио-де Жанейро Олимпиадасына 15 жолдама алуға уәде берген. Осы чемпионатта жолдама нормативіне ие болғандар саны 12-ге жетті. Жабық алаңдағы нәтиже ашық стадионда өтетін жарыстан төмен болатыны белгілі. Өскемендегі чемпионатта жеңіл атлеттер спорттың 30 түрінен күш сынасты. Олимпиадаға санаулы күндер қалды, алда бірнеше жауапты жарыстар тұр. Тағы үш-төрт лицензия ұтып алуға күш саламыз, - дейді жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Вячеслав Сокирко.

Сонымен, Рио Олимпиадасына лицензия алған кімдер? Олар: өскемендік О.Рыпакова, риддерлік марафоншы И.Смольникова, алматылық В.Зябкина (100, 200 метр), павлодарлық О.Сафронова, талдықорғандық марафоншы Гүлжанат Жанатбек, 20 шақырым қашықтыққа жүгіруші Ф.Менианова, оралдық Г.Шейко, алматылық марафоншы М.Красилов, алматылық ядро лақтырушы И.Иванов, үш қарғып секіруші Роман Валиев тағы басқалар.

Командалық есепте 30269 ұпай жинаған қарағандылықтар бірінші, 25157 ұпай алған Шығыс Қазақстан облысы екінші, 19043 ұпайға қол жеткізген Павлодар облысының сайыпқырандары үшінші орындарға табан тіреді.

Жеңіл атлеттер Рио-де Жанейро Олимпиадасында тамаша өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына кем дегенде бір немесе екі медаль түсіріп жатса, ұпайымыз түгел болар еді. О.Рыпакованың арманы - кезекті медальға ие болу.

Оңдасын Елубай
Суреттер автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Спорт | Кілт сөдер: жеңіл атлетика

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар