Шаңғы марафонына 260 оқушы қатысты

(Дауыстар: 1)
Шаңғы марафонына 260 оқушы қатысты

Риддер қаласында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай шаңғы марафоны өтті. Батыс Алтайдың тамылжыған шыршалы орманындағы шаңғы трассасы спортшыларға да, жарысты тамашалаушыларға да көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Аталған жарысқа барлығы 260 жас спортшы қатысты. Олардың арасында риддерліктерден бөлек, Семей қаласы мен Зырян, Шемонайха, Глубокое, Үржар, Күршім аудандарынан келген спортшылар бар. Шаңғышылар марафонының Риддерде өтуі бекер емес. Мұнда спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат пен облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан. Осы мектептердің оқушыларының жаттығуына қажетті жағдайдың барлығы бұрынғы Лениногор шипажайының аумағында жасалған. Аспанға ұмсына түскен биік әрі бітік қарағайлар арасындағы шаңғы жолы қолайлылығымен және табиғилығымен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс халықты саламатты өмір салтына үндеу және жастардың шаңғы спортымен шұғылдануға қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіліп отыр.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдауында халық денсаулығын Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жету жолындағы сәттіліктерінің бір бөлшегі ретінде атап көрсеткен болатын. Яғни, дені сау адам - мемлекет байлығы. Сондықтан, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, азаматтардың денсаулығын нығайту үшін елімізде спортты қолдауға зор көңіл бөлініп отыр. 2020 жылға қарай елімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 30 пайызды құрауы тиіс. Осы мақсатқа жету жолында баршамыз өз үлесімізді қосуымыз қажет, - деді «Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Надежда Климова.

Жарыстың бас төрешісі Александр Рябов оқушылардың 1200, 1400 және 2500 метрге жарыс жолына шығатынын жеткізгеннен кейін 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар шаңғы марафонының түрлі қашықтықтарын бағындыруға аттану үшін сөреге сымдай тізіліп тұра қалды. Олардың басым бөлігі республикалық және облыстық спорт мектептерінің оқушылары. Шаңғыдан Әлем чемпионатының жүлдегері Роман Рогозин жас шаңғышыларға сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестігін білдірді және шаңғы спортына достарды да баулуға шақырды.

Шығыс Қазақстан облыстық қысқы спорт түрлерінен жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры және облыстық шаңғы федерациясының атқарушы директоры Серік Халеловтің айтуынша, тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдың ішінде елімізде қысқы спорт түрлері шеберлерінің жаңа буыны қалыптасты. Әсіресе, Риддер мектебінің түлектері Алексей Полторанин, Анастасия Слонова, Светлана Малахова, Алексей Черепанов, Роман Рогозин, Галина Вишневская сынды жоғары деңгейдегі шеберлікке жеткен спортшылар күллі әлемге Қазақстанды танытып, ел намысын қорғап жүр.

- Шығыс өңірінде шаңғы спорты жедел дамып келеді. Мәселен, алдағы Румынияда өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатына 5 жерлесіміз қатыспақ. Басқа да ірі жарыстар күтіп тұр. Айталық, 2017 жылы Қысқы Азия ойындары мен Алматы қаласындағы Универсиада, 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық жүргізудеміз. Мәртебелі жарыстарда шығысқазақстандық спортшылар еліміздің көк байрағын желбіретеді деген үміттеміз. Осы жолда үздіксіз жаттығу жүргізудеміз. Айта кетерлігі, елімізде кәсіби спортпен бірге бұқаралық спортқа да көп көңіл бөлінуде. Мемлекеттің қолдауының арқасында спортшылардың жарысқа қатысуына, жаттығуына қолайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өткен ләзім. Алдағы уақытта ауыл спортшылары арасында жеке жарыс ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы талантты спортшыларды тауып, баулитын боламыз, - деді Серік Халелов.

Ақ қар үстінде құстай ұшып, тоқтаусыз зырлаған шаңғышылармен де сөйлестік. 16 жастағы риддерлік оқушы Игорь Зуев шаңғы спортымен бірінші сыныптан бастап шұғылданып келеді екен. Жасөспірімдер арасында көптеген республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы болған ол жуырда Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінен жүлделі оралыпты. 1 шақырымнан 15 шақырымдық шаңғы жарысына дейін жүгіруге қабілетті жас өрен Риддер қаласында орналасқан республикалық спорт мектеп-интернатының оқушысы болып шықты.

Марафон жеңімпаздары республикалық жарыстарға қатысуға арналған жолдамаларды ұтып алды.

Думан Нұрланұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Спорт | Кілт сөдер: шаңғы

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар