Бородулиха мен Шемонайха арасындағы жол толықтай жөнделеді

(Дауыстар: 1)
Бородулиха мен Шемонайха арасындағы жол толықтай жөнделеді

Бородулиха ауданы 2015 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Былтыр ауданда шығарылған өнеркәсіп тауарларының жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құраған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің Бородулиха өңіріне ресми сапары аясында өткен аудан басшысы Григорий Акуловтың есептік кездесуінде кеңінен айтылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кездесу барысында баяндамашы өткен жылы Бородулиха ауданында өндірілген өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жалпы сомасы 11 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Ал мал шаруашылығының үлесі жеті миллиард теңгені құраған. Осының бәрі 2015 жылы аудандағы орташа еңбекақы мөлшерін 100 мың теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берген. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2014 жылғы жалақы мөлшері 3,2 пайызға төмен болған.

- Былтыр өңірімізде өндірілген ет өнімдерінің мөлшері 2,7 пайызға, ал жұмыртқа төрт пайызға артқанын атап өту керек. Сондай-ақ, ауданда алдыңғы жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының көбеюі де байқалады. Бүгінде Бородулихадағы егістік алқаптардың жалпы аумағы 300 мың гектардан асып жығылады. Ал өсімдік шаруашылығына бөлінген субсидия мөлшері 695 миллион теңгеге дейін жеткен. Біздің шаруа қожалықтарымен жалпы сомасы 407 миллион теңгені құрайтын 47 астық сақтау қоймасының салынуы бұл бағытта қаншалықты ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын тағы бір дәлелдесе керек. Индустрияландыру картасы шеңберінде өңірімізде үш жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Ал былтыр ауданымызға 6 миллиард 801 миллион теңгенің инвестициясы тартылған, - деді аудан әкімі кездесу барысында.

Расымен де, Бородулиха ауданында былтыр ауыз толтырып айтуға болатындай шаруа тындырылыпты. Қазіргі таңда өңірдегі 15 елді мекенді қамтып тұрған бес сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Бәрі де былтыр ашылған. Ал алдағы көктемде олардың қатары аудан орталығы Бородулиха ауылында және Камышенкада ашылатын тағы екі пунктпен толықпақ.

Григорий Акуловтың айтуынша, ауданда шағын бизнесті өркендетуге зор мән берілуде. Бүгінде Бородулихада мұндай 1 409 құрылым бар. Оларда 3 800-дей адам жұмыс істеуде. 2015 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жергілікті шаруа қожалықтарымен және жеке кәсіпкерлермен жалпы сомасы 300 миллион теңгеден асатын 157 меморандумға қол қойылған.

Аудан үшін елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі - күн тәртібінде тұрған проблемалардың бірі. 2015 жылдың желтоқсан айында Белағаш топтық су құбырының ұзындығы 149 шақырымды құрайтын екінші бөлігі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 18 сорғы стансасы жөнделіп, жаңа құрал-саймандармен жабдықталды. Жер-жердегі су құбырларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, Петропавловка, Зубаир, Ивановка, Сосновка сияқты 14 ауыл мен Березовка санаторийіне су толассыз берілуде.

Аудандағы жол жөндеу жұмыстарының қарқыны да жаман емес. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы саласында да айтуға тұрарлықтай жаңалықтар бар. Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын аудан орталығында 58 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазір онда «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша кезекке тұрған бородулихалықтар тұрып жатыр. Ауданның денсаулық сақтау және білім салаларында да жеткен жетістіктері аз емес.

Григорий Акуловтың мәліметінше, былтыр ауданда әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 120 миллион теңге бөлінген. Өңірдегі аз қамтылған тұрғындардың саны 2014 жылғымен салыстырғанда тоғыз пайызға кеміп, 980 адамды құрапты. Сол сияқты мемлекеттік арнаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары да 28 пайызға азайған.

- Жалпы алғанда, өткен жылы аудан бюджетіне үш миллиард теңгеден астам кіріс кірді. Ал шығын жағына келетін болсақ, бюджетіміз 98 пайызға орындалған, - деген аудан әкімі өз сөзінде алдағы мақсат-міндеттерге де ерекше тоқталды. - 2016 жылы атқарылатын жұмыс көп. Мәселен, біз аудан тұрғындарының бұқаралық спортпен қамтылуы деңгейін 30 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл - әрине, оңай шаруа емес. Бірақ біздің қолымыздан келетініне сенеміз. Алдағы уақытта спорт мектептері мен клубтарда жаттығатын балалар мен жасөспірімдердің саны кем дегенде 20 пайызды құрауы керек.

Аудан әкімі баяндамасында өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау іс-шаралары басталып кеткенін мәлім етіп, бұған бірқатар мысал келтірді. Сондай-ақ, Григорий Акулов жерлестерін алдағы маңызды саяси науқан - Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлауға бір адамдай қатысып, ұйымшылдық танытуға шақырды.

Бұдан кейін аудан әкімінің есеп беру кездесуіне жиналған бородулихалықтар Григорий Акуловқа және жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Даниал АхметовКЕ көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ерлан Зәйтенов өз сөзінде облыста, оның ішінде Бородулиха ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерліктей екенін айта келе, енді жол жөндеу жұмыстарына көбірек мән берілсе деген пікірін жеткізді. Сол сияқты ол Сагадеево учаскесіндегі тоғанның жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселені шешуге аудандық әкімдіктің көмегі аздық етеді, сондықтан тоған проблемасын біржолата жою үшін іске облыс басшылығы араласуы қажет.

Сондай-ақ, жиында аудандағы жастар қоғамдық ұйымының төрағасы Максим Ремнев пен новопокровкалық еңбек ардагері Николай Яровой сөз сөйлеп, облыс, аудан басшыларына өз сұрақтарын жолдады.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауданда 2015 жылы атқарылған жұмысқа, жеткен жетістіктерге көңілі толатынын айта келе, алдағы міндеттерді тағы бір мәрте нақтылап өтті.

- Көрсеткіштеріміз жақсы екен деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұмысты осы қарқынмен жалғастыра берулеріңіз керек. Ауданның аграрлық саласындағы әртараптандыруды жалғастыру қажет. Егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығына да жіті мән берілуі тиіс. Тіптен, қазіргідей жағдайда осы мал шаруашылығына басымдық берсеңіздер де артықтық етпейді. Алдағы бірнеше жылда біз үшін Қытай нарығы есігін ашпақ. Осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тиіспіз. Сонымен қатар, құс өсіру ісін де мықтап қолға алатын кез жетті. Аудандарыңызда құс шаруашылығымен айналысуға бар жағдай жасалған, осыны пайдаланыңыздар. Сол сияқты, өңірге инвестиция тарту жағына да көбірек көңіл бөлгендеріңіз жөн, - деген облыс әкімі әдеттегідей сүт өндіру және қабылдау мәселесін де назардан тыс қалдырмай, бұл бағыттағы жұмысты ширата түсу қажеттігін ескертті.

Аймақ басшысы облыстың денсаулық сақтау, білім және құрылыс салаларындағы реформалар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Әсіресе, аудандық мәдениет үйінің залына жиналған жұрт облыс әкімінің 2017 жылы Бородулиха мен Шемонайха арасын жалғаған тас жол толықтай жөнделетіні туралы сөзін зор қошеметпен қабыл алды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Бородулиха ауданына сапары барысында жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Сонымен қатар, аудан әкімі Григорий Акулов аймақ басшысына осыдан бірнеше ай бұрын Бородулиха ауылында пайдалануға берілген 58 пәтерлі көпқабатты үйді көрсетті. Мұндағы жаңа пәтерлерге ие болғандардың дені білім және денсаулық сақтау салаларының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Сондай-ақ, олардың ішінде ардагерлер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі, сонымен қатар, «Новая заря» серіктестігінде болып, мұндағы 400 бас ірі қала малына шақталған жаңа тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Аталмыш ферма аты әлемге әйгілі шведтік DeLaval компаниясының заманауи технологиясымен жабдықталғанын айту керек.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Экономика | Кілт сөдер: жол жөндеу

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар