Қайым Мұхамедхановке арналған электронды библиографиялық көрсеткіштің тұсауы кесілді

(Дауыстар: 1)
Қайым Мұхамедхановке арналған электронды библиографиялық көрсеткіштің тұсауы кесілді

Өскемендегі А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына арналған «Ар-намыс үлгісі, тәуелсіздіктің қайсар рухы» атты электронды библиографиялық көрсеткіштің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің соңынан еріп, ақырғы демі үзілгенше абайтану әлемінен тыныстаған асыл перзентін ұлықтаған шараға Қ.Мұхамедханов туралы бірнеше мақалалардың авторы, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен Түсіпхан Түсіпбеков сынды атқамінер азаматтар, студенттер мен кітапханашылар қатысты. Сондай-ақ, Қ.Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедхан, белгілі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Уфа қаласындағы әдебиеттанушы Роза Букенова арнайы бейнажазба жіберіп, ұлы тұлға жайындағы ойларын ортаға салды.

Қайым Мұхамедхановтың есімін білмейтін қазақ жоқ шығар. Ол кісінің қаламынан туған рухты жырға Мұқан Төлебаев ән жазып, жарты ғасыр бойы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік әнұраны болып шырқалды. Семей қаласында Абай мұражайын ашып, өзі сол мұражайдың алғашқы директоры болып тағайындалғаны белгілі. Бүгінде ақын, жазушы, драматург, ғалымның мұрасы мыңнан аса құжатқа жүк болған. Бірақ сол құнды құжаттардың бәрі оқырманның қолына тиіп жатыр ма? Бұл сұрақтың жауабын тұсаукесерге орай жіберген жазушы Тұрсын Жұртбайдың бейнежазбасынан алдық.

- Мен сонау 1977 жылы алғаш рет Қайымның босағасын аттаған сәттен бастап, назарым ол кісінің құнды қолжазбалары мен зерттеулеріне ауған. Сол алғаш барған кезден бастап мені тек Мұхтар Әуезов қана отыратын, басқа ешкімді отырғызбайтын орынға отырғызып, «бұл жерге енді сен отырасың, он бірінші балам боласың, менің сенен жасырып қалатын ештеңем болмайды, бірақ жаз деген дүниені жазасың, сақта деген дүниені құпия сақтайсың» деген еді. Сол уәдеде ол кісі де тұрды, мен де тұрдым. Ол кісі өлер алдында «Тұрсын, мен бұл дүниелерді сенен басқа кімге сеніп тапсырамын?! Қалғандарға сөзімді шығын қылмаймын» деген еді. Бұл сөзді естіген соң сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Әлібек Асқаровты ол кісінің үйіне ертіп бардым. Министрдің орынбасарын көрген ол кісі төсекте жатып тәп-тәуір қунап қалды. Мен бес томдығын шығарсақ деген ойымды айтып едім, ол кісі қолдап, балаларына, маған көмектесуді тапсырды. Міне, қазір бес томдық емес, он томдығын шығарып отырмыз. Бұл томдардың шығуына балаларымен қатар төл шәкірті Ербол Сіргебаев деген азамат көп еңбек сіңірді, - дейді жазушы.

Бұл он томдыққа ұлы тұлғаның біраз жазбаларымен қатар Шәкерімнің, Шоқанның, Көкбайдың қолжазбалары, қазақтың тоғызыншы ғасырдағы тарихы, Абай өлеңдері қамтылған. Бірақ тағдырлы жазушының тәмәм ғұмыры мен ақталмай кеткен арман-мұратын қамтыды деп айту қиын. Қағаз бетін көрмей кеткен қаншама асыл ойлары бар. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін әрине, көзкөргендердің көмегі қажет.

- Қайым әлемі - тұңғиық, білімі - телегей-теңіз. Ол кісі өмірінде екі рет кандидаттық диссертация қорғаған адам. Ол дәуірде мұндай қадамға кез келген адам бара бермейді. Ол кісінің әкесі Мұхамедхан оқыған-тоқығаны мол, орысша сауаты бар білімді азамат болған, Мұхтар Әуезовпен тығыз қарым-қатынаста болған. Сол арқылы Қайым мен Мұхтардың рухани байланысы басталған, - деп сөзін сабақтаған белгілі журналист Уәлихан Тоқпатаев тұсаукесерге келген жұртқа Қайымның орындалмай жүрген арманы мен атқарылмай жүрген істеріне тоқталды.

Қайым Семейдің Заречная Слабодка деген жерінде туғанын, ол жер 1917 жылдан 1930 жылға дейін «Алаш» деп аталғанын тіліне тиек еткен журналист «Ол кісі қайтыс болар алдында Жаңа Семейдегі сол жердің, бұрынғы «Алаш» атын қайтарса деген арманын айтып еді. Осы бір сөзі әлі күнге көкейімнен кетпейді» деді. Иә, бұл арман - ұлтым деп у жұтқан, Абай деп бүкіл ғұмырын сарп еткен қазақтың Қайымының арманы, алаш арыстарының соңғы тұяғының арманы емес пе?! Алаштың астанасы саналатын Семейге байырғы атын қайтару құзырлы орындардың еншісінде. Тек, Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдық, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келген осы бір орайлы жылды өткізіп алмай, ұлы тұлғаның асқақ арманы орындалса ғой, шіркін!

Уәлихан Дөшкенұлының айтуынша, Қайымға ең әуелі Мұхтар Әуезов «Абайдың ақындық мектебі» туралы зерттеу жасауды ұсынады. 1951 жылы репрессияның екінші толқыны басталған кезде Әуезов те қудалауға ұшырап, аталмыш тақырыпты Қайымға әдейі жаздырды деген кінә тағылады. Сол жылы қараша айында Қайым партиядан шығарылып, сотталып кетеді.

Қайтып келген соң тағы да Мұхаңның ақылымен Абай шығармаларының текстологиясын зерттейді. Содан өмірінің соңына дейін абайтанумен айналысады. Тәуелсіздік алған соң 1996 жылы Елбасының қолынан Мемлекеттік сыйлықты алады.

- Бір барғанымда «сол сыйлықты тапсырған кезде Елбасы шамаңыз келгенше жазыңыз деп айтты» деп марқайып отыр екен. Бұл кісінің мықты-мықты драмалары бар. Семей мен Өскемендегі театрлар Қайымның драмасына оралса, құба-құп болар еді. Жалпы Қайым әлемі әлі де көп зерттеуді қажет етеді, - деді Уәлихан Тоқпатаев.

Құнды естеліктер мен әдемі ойлар айтылған салиқалы кештің соңы Қайым Мұхамедхановтың шығармашылығына арналған кітап көрмесімен жалғасты. Бұл көрмеге ғалымның бұрын-соңды жарық көрген кітаптары, ол кісі туралы жазған басқа авторлардың еңбектері, сондай-ақ, 100 жылдығына орай баспа көрген он томдығы қойылған.

Мұратхан Кенжеханұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар