«Мәңгілік Ел» пойызы Шығыс Қазақстанда жүр

(Дауыстар: 1)
«Мәңгілік Ел» пойызы Шығыс Қазақстанда жүр

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жолға шыққан «Мәңгілік Ел» пойызы кеше Өскемен қаласына келді. Өскемендіктер құрметті меймандарды барлық сән-салтанатымен «Защита» станциясында тосып алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

«Мәңгілік Ел» пойызының құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, сарапшылар, дәрігерлер болса, олардың жалпы саны 96 адамды құрайды. Делегацияны теміржол вокзалы ғимаратының алдында теміржолшылар әулеті, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар қарсы алып, меймандарға арнап ән мен жырдан шашу шашты. Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов қала тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

- Сіздердің Қазақстанның інжу-маржаны атанған Шығысына келулеріңізге қуаныштымыз. Тәуелсіздігіміздің тарихы - табысты еліміздің ұлы шежіресі. «Мәңгілік Ел» - әрбір қазақстандықтың ортақ ұлттық идеясы, біздің ата-бабаларымыздың арманы. Бүгіндері Қазақстан халқы әлемге өзіндегі келісім мен достықты, ауызбіршілік пен ынтымақтастықты әйгілеп отыр, - деді Темірбек Қасымжанов.

Жалпы, «Мәңгілік Ел» пойызымен келгендер Шығыс өңіріне аяқ басқан бірнеше күннің ішінде тұрғындарға әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру көмегін көрсетіп, «Мәңгілік Ел» идеясын жеткілікті түсіндірді. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мәселесін кеңінен талқылады.

«Мәңгілік Ел» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, акцияға қатысушылар дүниеге Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды біртуар алыптарды тарту еткен өлкеге аяқ басқанда қуаныштары мен толғаныстарын жасыра алмады.

- Бұл өлкеде өз Отанын жанындай жақсы көретін жандар тұратындығына көз жеткіздік. Олардың көзінен алдағы күнге деген сенім мен Қазақстанның қарышты дамуына бағытталған құштарлықты байқамау мүмкін емес. 2016 жыл - ерекше жыл. Сондықтан біз жылды әлеуметтік мәселелерді шешуден бастауды жөн көріп отырмыз, - деді Әміржан Әлпейісов.

Ал Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде болғанында Астанадан арнайы жасақталып шыққан пойызды кент тұрғындары думандатып, ән мен күйден шашу шашып қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары С.Ысқақов бастаған өңір ардагерлері келген меймандарға ыстық ықыласы мен құттықтау тілектерін жеткізді. Өз кезегінде пойыздағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мүшелері, әділет, білім және ғылым, әлеуметтік сала, жаңа технологиялар мен индустрия министрліктерінің сарапшылары жергілікті халықты қабылдап, олардың ойларында жүрген, талап-тілек, ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Сол сияқты невролог, нефролог, уролог, дерматолог, ортопед-травматолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангиохирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог сынды 28 білікті дәрігер Ақтоғай кентінің тұрғындарын қабылдап, медициналық тексерулерден өткізіп, тиісті кеңестер берді.

Асылғайша Хайруллина, Гүлмайра Шәріпова, Ғайни Шаңгереева, Бибігүл Әдікенова сынды дәрігерлік тексеруден өткен жандар өздерін денсаулық сақтау саласының білікті мамандары қарағанын айтады.

- Осындай мақсаттағы пойыздар шыққаны өте құптарлық жайт. Өйткені, бұл жұртшылықтың көңіл-күйіне оң ықпал ететіні белгілі. Сондай-ақ, халықтың билікке деген сенімін нығайтары да анық, - деді Ақтоғай кенті әкімінің орынбасары Динара Шәріпова.

Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» пойызының құрамындағылар Зырян ауданының орталығы Зырян қаласында, Жарма ауданының Шар қаласында болды. Пойыз құрамында келген дәрігерлер Зырян қаласында 334, Шар қаласында 490 адамды қарап, дәрігерлік тексеруден өткізген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Мәңгілік Ел» жалпыреспубликалық акциясының қатысушылары облыс орталығында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас әкімшілік ғимаратында Өскемен қаласының жастарымен тағылымды кездесу өткізді.

Қонақтар алдымен бұл жерде Өскемен қалалық орталық кітапханасы ұйымдастырған «Тәуелсіздікке - 25 жыл» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашаласа, олардың назарына 2015 жылы үкіметтік емес ұйымдар өңірде жүзеге асырған әлеуметтік үш жоба ұсынылды. Олардың бәрін іске асырушы - облыс жастары. Бұдан соң С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың басшылары оқу орнының мұражайын, «Зияткер» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысын, оқу кабинеттерін таныстырды.

Аталған оқу орнындағы «Назарбаевтану» орталығында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге жиналған жастарға «Мәңгілік Ел» идеясының түпкілікті мақсаты кеңінен түсіндірілді. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мәселесін де жан-жақты талқылады. Жастарды толғандырған сауалдарға да толық жауап берілді.

Делегация құрамында болған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, министрліктер өкілдері және ғалымдар мен сарапшылар облыстағы қолға алынған жастар саясатының жұмысымен, көрсеткіштерімен жете танысқан соң, өздерінің оң бағаларын берді.

- Сіздер, Шығыс Қазақстанның жастары, Қабанбайдай батырлар қорғаған, Абай мен Шәкерімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекенде тұрып жатырсыздар. Атқарған жұмыстарыңыз бен жеткен жетістіктеріңізге қарап отырып ата-бабамыз аңсаған ұлы арманды дұрыс іске асырып жатқандарыңызды аңғардық. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының іске асуында жастарға үлкен сенім артылған. Сол сенімді ақтайтын және Тәуелсіз еліміздің көк туын биікте желбіретер жалынды жастар сендер деп білеміз, - деді «Мәңгілік Ел» пойызының жетекшісі, профессор, тарихшы Әміржан Әлпейісов.

Кездесу соңында Өскемен қаласының жастары «Мәңгілік Ел» жалпы республикалық акциясының қатысушыларына естелік сыйлықтарын табыстады, делегаттармен естелік суретке түсті.

Осыдан кейін аталмыш шара аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Тәуелсіздік тарихы - Ұлт рухының индикаторы» атты таныстырылым-дәріс болып өтті. Сонымен қатар, осы оқу орнында студент жастармен «Мәңгілік Ел - Біртұтас Болашақ Ұлтының рухани негізі» тақырыбында келелі әңгіме өрбітті. Бұдан соң толеранттылық мәдениет пен қоғамдық келісімді қалыптастыру бойынша «Сыйластық. Түсіністік. Келісім» іскерлік ойыны өткізілді. Іс-шара аяқталған соң құрметті қонақтар Өскемен шаћарының естелік орындарына саяхат жасады.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізіліп жатқан жалпыреспубликалық «Мәңгілік Ел» үгіт пойызы» акциясы аясында облысқа келген «ҚазАгро» Ұлттық холдингі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Құралай Қанахина мен «ҚазАгроӨнім» компаниясының басқаруашы директоры Мұрат Нұрқожанұлы Қазақстанның өркендеуінде шағын және орта бизнестің атқарар ролі аса үлкен екенін, экономиканы өркендетудің басты тетігіне айналып отырған бизнес саласының болашағына ел Президентінің баса мән беріп, мемлекеттік түрлі бағдарламалар аясында қаржылай қолдаулар көрсетіліп жатқанын баяндап, шығысқазақстандық кәсіпкерлермен әңгімелесіп, сауалдарына жауап берді.

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлік Астана мен Алматы, Шымкент өңірі жақтағыдай қарқынды дамып келе жатпағанымен құнды металдар бағасы түсіп, кен өңдеу көлемі азайып, қаржы тапшылығы қысып, дағдарыс салқыны сезіліп жатқан шақта шағын бизнестегілер өңір экономикасының дамуына жаңа серпіліс беріп отыр. Шағын және орта бизнеспен айналысушылардың саны артып, шағын кәсіпорындар көбейіп, жаңа өнім түрлері молайып, саладан түсетін салық та әжептәуір өскен. Бұл ең алдымен елімізде кәсіпкерлікті дамытуға орай көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулардың нәтижесі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Құралай Қанахина облыс кәсіпкерлеріне наурыз айынан бастап «Кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасы» іске қосылып, барлық өңірлердегі шағын және орта бизнестің даму деңгейі, проблемалық мәселелері мен әлеуеті, кәсіпкерлердің ұсыныстары арнайы порталда жарияланып, бизнестің алға басуына тағы да бір ерекше жағдай туғызылатынын жеткізді.

Сонымен бірге Елбасының тапсырмасымен биыл «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша, экономиканың басым бағыттарын қаржыландыру шаралары аясында шағын және орта бизнесті дамытуға барлығы 300 млрд. теңге бөлінеді. Теңге құнсызданып, банктердің несиелендіру пайызы артып, қаржы қиындығы туып отырған шақта бұл бөлінген қаражат бизнестің дамуына үлкен қаржылай қолдау болары анық.

«ҚазАгро» холдингі «ҚазАгроӨнім» компаниясының басқарушы директоры аталған құрылымның ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірнеше қаржыландыру тетіктерін ұсынып отырғандығын, облыс кәсіпкерлерінің мал бордақылау, ет, сүт өндірумен айналысып, техника сатып алу үшін инвестициялық субсидияландырудың тиімді жолдарын пайдалануға мүмкіндіктері мол екендігін түсіндірді. Компания басшысы ауыл кәсіпкерлері қазіргі күні бағасы түсіп кеткен қой мен ешкіні өсіруден қашып жатқанымен алдағы уақытта қой етін өткізудің үлкен нарығы ашылатынын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі Араб елдерімен, Иран мемлекетімен қой етін экспорттау бойынша келісімдер жүргізіп жатыр.

Дөңгелек үстел барысында «Авиатор» ЖШС директоры Владимир Юньков, облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий, аймақтағы бизнес қауымдастықтары өкілдері шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі болып отырған проблемалар мен саланы өркендетудегі жетістіктер жайында әңгімеледі.

Күннің жексенбі болғанына қарамастан, кеше облыстық диагностикалық орталықта таңертеңнен науқастардың қарасы әдеттегіден әлдеқайда көп болды. Өйткені, өскемендіктерді «Мәңгілік ел» пойызының құрамында Астанада жасақталған жоғары білікті дәрігерлер тобы қабылдаған еді.

Аталмыш акцияның шеңберінде тұрғындарды республикалық орталықтардың невролог, нефролог, уролог, гематолог, ортопед-трамватолог, ревматолог (ересектер), пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангиохирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог, хирург сияқты он бес білікті маманы тегін қабылдап, кеңес берді.

- Пойыздың құрамында білікті деген жиырма бес дәрігер маман бар. Олардың міндеті - жоғары мамандандырылған дәрігерлік көмекті қажет ететін науқастарды қабылдап, кеңес беру. Алайда, Астанадан білімді мамандардың келетінінен хабардар болған барлық тұрғындар осы жерге жиналыпты. Сол себепті кезек қалың, - деді пойыздың денсаулық сақтау саласы блогының жетекшісі Арман Дарбаев.

Ревматолог дәрігер Дәулет Медеу Шымкенттегі облыстық ревматология орталығының дәрігері екен. Республикадағы ең мықты ревматология орталығы Оңтүстік Қазақстанда екені белгілі.

- Кейбір елді мекендерде күніне отыз-қырық адамға дейін қабылдадық. Мақсатымыз - медицинаның соңғы жетістіктерін көрсетіп, диагнозы қиын науқастарға білікті кеңес беру. Зырян қаласында жүрек дертіне шалдыққан төрт науқасқа Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталыққа жолдама бердік. Маманның тапшылығынан олар дер кезінде тиісті дәрігерге қаралмай, дерттерін асқындырып алыпты, - дейді ревматолог маман.

Астанадағы көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігері Қайрат Тлеуовтың қабылдауына сұранғандар да аз болмады. Астаналық көз дәрігері де науқастардың жергілікті мамандар да шеше алатын мәселелермен келгенін айтты.

- Таңертеңнен тек бір ер адамға ғана өзім қызмет істейтін институтқа жолдама бердім. Қалғандарының дерттері жеңіл, оларды облыс көлемінде де емдеуге болады. Глаукоманың ауыр түрі, көз шілінің жыртылуы сияқты күрделі жағдайлар кездескен жоқ, - деді Қайрат Еңбекұлы.

Өскемендіктер алыстан ат арытып келген дәрігерлердің қызметтеріне көңілдері толғанын айтады. Олардың көбі сирек мамандарға бару үшін ең алдымен терапевтке кіріп, жолдама алуға, сосын ұзақ кезек күтуге тура келетінін, ал мына жерде бір күнде үш-төрт маманға бірден қаралып, білікті дәрігерлерден кеңес алғандарына ризашылықтарын жеткізді.

«Мәңгілік ел» үгіт-насихат пойызына қатысушылар арасында түрлі ведомстволардың да жүздеген мамандары мен сарапшылары бар. Кеше облыс Өскемен қаласындағы Оқушылар сарайында өңірдің білім саласының қызметкерлері әлеуметтік пойыздың қатысушысы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның бас менеджері Берік Рыскелдиновпен кездесті.

- Бүгін біздің қала тұрғындары үшін үлкен мереке десек те болады. «Мәңгілік ел» әлеуметтік пойызы Өскеменге келіп, оның қатысушылары әр жерлерде кездесу өткізіп, Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын халыққа жеткізуде, - деп сөзін бастаған қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова Астанадан келген мейманға ең алдымен Өскемен қаласындағы білім беру жүйесі туралы қысқаша баяндап берді. Оның айтуынша, биыл Өскемен қаласының білім саласына 11 млрд. 146 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда қаладағы 44 мектепте барлығы 30 833 оқушы білім нәрімен сусындауда. Сонымен қатар, 2015-2016 оқу жылы Өскеменде 14 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істеуде. 241 спорт секциялары бар. Өз сөзінде Мәдениет Медеуханқызы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу жайын да сөз етті. 2015-2017 жылдары «Ашық мемлекеттік орган», «Өзіңнен баста», «Болашақ біз үшін», «Менің кішкентай досым» атты жобалар қолға алынатын көрінеді. Өз кезегінде министрлік өкілі жиналған қауымға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен білім беру несиесі туралы жан¬-жақты түсіндіріп берді. 2013 жылы қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған жинақтау жүйесінің арқасында кез келген ата-ана өз баласының оқуын төлеу үшін ақша жинай алады. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша ашылған депозиттердің банктердегі басқа депозиттерден өзгешелігі, білім беру жинақтау депозитіне банк сыйақысынан бөлек мемлекеттің сыйақысы да беріледі.

- Бұл тура «Тұрғын үй жинақ банкіндегі» депозит секілді, бірақ мақсаты білім алуға негізделген, - дейді Берік Рыскелдинов. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жүйенің салымшылары күн санап артып келе жатқан көрінеді. Еліміздің кез келген азаматы мұндай депозитті «Халық банк», «Нұр банк» немесе «Цесна банктен» аша алады.

- Мәңгілік ел - терең ұғым. Бұл асыл арманға қол жеткізу үшін бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, биыл - Тәуелсіздігімізге 25 жыл. Тәуелсіздігіміз егер сол Мәңгілік елді құра білсек қана баянды болады. Бұл білім саласы қызметкерлеріне үлкен міндет жүктейді, - деді кездесуде өңірдің ұстаздар қауымы атынан сөз алған №45 мектептің директоры Оралхан Тілеукенов.

Кездесу соңында Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова жиналған қауым мен кездесу қонағына алғысын жеткізді.

«Мәңгілік Ел» пойызы бүгін Семей қаласына ат басын тірейді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар