Ветеринарлық қызметтердің жұмысы мандымай келеді

(Дауыстар: 1)
Ветеринарлық қызметтердің жұмысы мандымай келеді

Ауылдық әкімдік ғимаратында, тіпті мектепте орналасқан ветеринарлық пункттер, халыққа есігі жабық мал сою пункттері, облыс ішінде малдарды тиісті құжаттарсыз тасымалдау, санитарлық талаптарға сай емес орындарда ет сату. Шығыс Қазақстан облысының барлық қалалары мен аудандарындағы ветеринарлық қызметтердің жұмысында бұдан басқа да өрескелдіктерге жол беріліп жатыр. Ветеринарлық қызметтің 2015 жылғы жұмыс қорытындысы туралы өткен кеңесте аталған саланың жұмысына қатысты үлкен сын айтылды. Жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстанда 221 ветеринарлық пункт бар болса, соның 110 ғана жеке ғимаратта орналасқан.

- Егер ветеринарлық пункт ауылдық әкімдікте орналасқан болса, жануарлар мен малдарды емдеу туралы қандай сөз қозғауға болады?! Риддердегі ветеринарлық пункт тіпті, жалпы білім беретін мектептердің бірінде орналасқан, - деді ветернария басқармасының басшысы Ерлан Батхолдин. - Балалар сабақ оқитын жерге ауру малдарды қалайша әкелуге болады? Шемонайхада ветеринарлық пункт жалға беріліп отырған ғимараттың үшінші қабатында жұмыс істеп жатыр. Үшінші қабатқа мал қалай шығады? Ондаған ветеринарлық пункттер қыста мүлдем жұмысын доғарып қояды, себебі, жергілікті ауылдық әкімдіктер оларды жылытуға, электр ақысын төлеуге қаржы бөлмейді.

ДСҰ-ға кіруге байланысты енді малдарды бір жерден екінші жерге заңда белгіленген құжаттарсыз тасымалдауға мүлде болмайды. Олардың ең бастысы - жергілікті ветеринардың беретін анықтамасы. Бұл құжаттарды ғаламтор арқылы беру қажет. Алайда, шалғай ауылдарда орналасқан ветеринарлық пункттердің көпшілігі ғаламтор жүйесіне қосылмаған.

Ертай Батхолдиннің айтуынша, тексеру нәтижелері көрсетіп отырғандай, кейбір аудандарда ашылған мал сою пункттері сирек пайдаланылады немесе мүлде пайдаланылмайды. Мал өсірушілер мал сою талаптарын бұза отырып, малды өз үйлерінің ауласында, шаруа қожалықтарында сойып жүр. Ауылдардағы ветеринарлық дәрігерлер осының бәрін көре тұра, тазалық талаптары сақталмай сойылған мал етін сатып, өткізуге анықтама беріп жатыр.

Зырян ауданында жергілікті ветеринарлық пункттің жауапсыздығы туралы жаға ұстатарлық жағдай тіркелінген. 2015 жылы Семейдің Достық ауылдық округіндегі «Копижан» шаруа қожалығының басшысы Зырян ауданынан 94 бас асыл тұқымды мал сатып алады. Малды айдап келген кезде бір табын малдан көптеген жұқпалы ауру анықталған.

Өскемен мен Семей қалаларының ветеринарлық қызметкерлері де өз жұмыстарына салғырт қарап отыр. Өскемендегі ауыл шаруашылығы базарларына жасалған рейд кезінде ет және ет өнімдерін саудалап жатқан сауда орындарында санитарлық талаптардың өрескел бұзылғандығы тіркелген. Сатушылардың арнайы киімі жоқ, еттің қайдан келгені белгісіз, арнайы ет шабатын құрал-жабдықтың болмауынан мылжаланған ет жерде шабылып, бөлшектеніп жатқан. Семейдегі базарларда да жағдай дәл осындай.

Шығыс Қазақстан облысында арнайы жабдықталған мал өлекселерін тастайтын орындар жетіспейді. Қазіргі күні 475 осындай орын қажет болса, бары 365 қана. Олардың 132 ғана халықаралық стандарттарға сәйкес. Өткен жылы өлекселерді тастайтын 20 орын ашу жоспарланғанымен, қаржы он шақты нысанды салуға ғана бөлінген.

Кеңесте облыста үй және жабайы жануарлардың құтырық ауруымен ауырған жағдайлары жиілеп бара жатқаны айтылды. 2014 жылы осы аурумен ауырған 20 жағдай тіркелсе, өткен жылы 40-қа жеткен. Аягөз ауданында құтырық ауруын жұқтырған адам қайтыс болған. Аса қауіпті құтырық аурулары Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарында көп тіркелінген. Жұқпалы аурумен ірі қара және ұсақ мал, жылқы мен иттер ауырған.

Аймақта аусыл ауруымен ауырған мал тіркелген жоқ. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен 2015 жылы республикалық бюджеттен малдарды аусылға қарсы егуге 412 млн. теңге бөлінді. Оның 212 млн. теңгесіне вакцина сатылып алынып, қалғаны мал дәрігерлерінің еңбекақысына төленген екен. Облыстағы ондаған мың бас жеке меншік және шаруа қожалықтары малына аусылға қарсы тегін вакцина егілді.

Шығыс Қазақстанда бруцеллез ауруына қарсы ветеринарлық іс-шаралар да жүргізіліп жатыр. Қазіргі жағдай бірқалыпты. Облыста бруцеллезбен күрестің кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылып жатыр.

- Талдаулар көрсетіп отырғандай, бруцеллез ауруының алдын алуға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар бұл аурудың деңгейін бірте-бірте төмендететінін көрсетіп отыр. Тұрғындар алдын алу шараларын күшейтіп, бруцеллезге қарсы вакцина егу арқылы ғана бруцеллезді болдырмау мүмкін екендігін түсінуі тиіс. Сондықтан біз алдағы уақытта да мал шаруашылығындағылармен жұқпалы мал ауруларымен күресу шаралары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, семинарлар өткізе бермекпіз, - деді кеңесте ШҚО әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар