Лео Шик: Мен қазақ халқына күнде алғыс айтамын

(Дауыстар: 1)
Лео Шик: Мен қазақ халқына күнде алғыс айтамын
Жүзінен нұр төгілген осынау жанды шығысқазақстандықтар жақсы таниды. Ол - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстандағы алғашқы Достық үйін құрғандардың бірегейі Лео Шик. Елімізде тұңғыш рет тойланғалы отырған Алғыс айту мерекесі қарсаңында Лео Богдановичке хабарласқанымызда, «Мен қасиетті қазақ жеріне, қазақ халқына алғысты күнде айтамын» деді шын жүректен ақтарылып. Тілегі ақ, ниеті ізгі жанның шын сыры да осы еді.

«Ол жақтың адамдары қайырымды»

Лео Богданович - неміс ұлтының өкілі. Бірақ тағдырдың жазуымен дәм айдап қазақ жеріне келіп, тұрақтап қалыпты. Осынау киелі жерде өсті, өнді, тамырын тереңге жайып, жайқалды. Сол үшін де ол тағдырына риза. Өзінің айтуынша, Ресей жеріне немістер Бірінші Петр заманында көптеп келе бастайды. 1762-1763 жылдары император Екатерина екінші де өз манифесімен Еуропа елдерінің тұрғындарын Ресейге шақырып, Еділ бойына қоныстануға рұқсат береді. Лео Богдановичтің ата-бабалары Ресей жеріне міне, осы кезде келіп, қоныстанған екен. Құлазып, бос жатқан Еділ бойын немістер ұқыптылықпен игеріп, көз сүйсінер көрікті мекенге айналдырады. Сол кездері қазіргі Саратов және Волгоград облыстарының жерінде немістер тұратын шағын қоныстар көптеп бой көтереді. 1918 жылы Волга бойындағы немістердің еңбек коммунасы құрылады, ал 1924 жылы ол немістердің автономиялық республикасына айналады. Бірақ 1941 жылы автономиялық республика таратылып, кеңес немістері «сенімсіз халыққа» айналып шыға келеді. Сөйтіп, Повольже немістерін жаппай жер аудару науқаны басталып кетеді. Осынау қасірет Шик әулетін де айналып өтпейді. Олар Алтай аймағына жер аударылады. Сол бір өмірінің ең бір сұрқай кезін Лео Богданович өзінің «Періште барын білемін» атты кітабында былайша еске алады.

«...Сөйтіп, «қаралы күн» де келіп жетті. Бір күні әкем қолында флягы бар, түске қарай келді де 24 сағаттан соң біздің кетуіміз керек екенін айтты. Көрші үйлерде қарбалас байқалды, адамдардың көзінде үрей.

- Уақыт аз, Хилда, - деді ол шешеме, - жиналу керек.

- Саған фляга не керек, Богдан?

- Бұл енді біздің басты байлығымыз, оны біз піскен етпен немесе тауық етімен толтырып, шошқаның майын құйып алуымыз керек. Мен оны киімдермен алып кіруге тырысамын, - деді ол. Әкем қандай даналық көрсеткен!

- Ең бастысы - азық-түлік. Ет пен нан және киімді көбірек алу керек, - деп нұсқау берді. Сөйтіп, Сібірге аттанған, адамдар толған, сасық тауар вагонында біз қарнымыз тоқ жүрдік...».

Бірақ тағдырдың «тартуы» бұл ғана емес екен. 1942 жылы кішкентай Лео анасынан айырылып қалады. Ал әкесі еңбек Армиясына алынады. Сөйтіп, алты жасар Лео мен қарындасы екеуіне анасының сіңлісі Зельма бас-көз болып қалады.

Кейіннен Лео әкесінің ақылымен Қазақстанға бет түзейді.

- Лео, сен Қазақстандағы нағашы атаңа бар. Ол жақта өмір сүру жеңіл, адамдары қайырымды. Онда біраз тұрған соң, оқуға түсіп қаларсың. Намысы аяққа тапталып, қорланған талай жандар сол жерден пана тауып жатыр, - деген әке кеңесі оның жаДында мәңгілік жатталып та қалыпты.

Шынында да, әке түйсігі алдамапты. Қазақстанға келген Леоның өмірі өзгеше сипатқа ие болады. 1956 жылы Өскемен педагогикалық училищесін тәмамдаған ол ШемонаЙха балалар үйінде тәрбиеші болып еңбек жолын бастайды. Жұмыс десе жанын беретін жас жігіт кейіннен балалар үйінің меңгерушісі болады. Көп ұзамай Шемонайха ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Осыдан кейін-ақ оның тасы өрге домалап, қызмет баспалдағымен жоғары өрлейді. Қазақстан партиясы орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітіреді. Большенарым және Шемонайха ауданы партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. 1986-1995 жылдары облыстық кинофикация басқармасының бастығы болып еңбек етеді.

Қоныс аударғандардың барлығы қазақ жерін тебірене еске алады

- Бұл сол кезде неміс ұлтының өкіліне көрсетілген үлкен сенім болатын. Бала кезім қиын кезеңге тап келіп, аштықты да, жалаңаштықты да бастан кештім. Ең жаманы - ұлттық кемсітушілікке де куә болдым. Бірақ тағдыр мені қанша сынағына алғанымен, пешенеме бақытты болуды нәсіп етіпті. Өзімнің қоғамға, жақын адамдарыма қажет екенімді сезінген сәтте менің жүрегімді қуаныш кернейтін. Мені Қазақстандай жұмақ елге тап қылғаны үшін жаратқанға шексіз ризамын. Мен осында білім алып, отбасын құрып, талай жетістіктерге жеттім. Мен осы жерде өмір сүре отырып, мейірімді болуды, жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйрендім. Менің нағыз Отаным - Поволжье де, Фатерланд та емес, ол - Қазақстан, - дейді Лео Шик жылы жымиып. - Кейіннен Германияға жолым түскенде, мен Қазақстаннан қоныс аударған қаншама немістермен жүздестім. Олардың әрқайсысы да қазақ жерін ерекше бір ризашылықпен тебіріне еске алды. Солардың ішінде Артур Шнайдердің тағдыры мені ерекше толқытты. 1941 жылға дейін оның отбасы Саратов облысындағы Франкрайх селосында бақытты тірлік кешкен екен. Ал соғыс басталған соң-ақ, нағыз аласапыран заман басталады. Бала болса да, сол бір қиын шақ Артурдың есінде қалыпты. Мал таситын вагондармен Қостанай жеріне қалай жеткені, жергілікті халықтың оларды қалай қарсы алғаны да еміс-еміс болса да есінде. 1943 жылы анасынан айырылған Артур жеті жылдай Қуаныш дейтін шопанның отбасында тәрбиеленеді. Қазіргі күні Шнайдер Қазақстанды ерекше бір сағынышпен еске алады. Тіпті мені қазақы дәстүрмен үйіне қонаққа да шақырды.

Үйіне барғанда:

- Ассалаумағалейкум! Мен Арыстан Құдайбергенұлымын, - дедім мен. Бірақ менің сөздік қорымды байқаған үй қожайыны:

- Лео, өзіңді қинама, мен қазақшаны орыс және неміс тілдеріне қарағанда өте жақсы білемін. Бірақ Қазақстанға енді дәм тартып, баратыныма күмәнім бар. Мен үшін қасиетті қазақ жеріне тағзым ет, менің саған айтар аманатым осы, - деп көзі жасаурап отырып қалды.

Қазіргі күні Еуропа елдері, оның ішінде Германия үшін Сириядан барған босқындар мәселесі үлкен түйткілте айналып отыр. Ал сол бір қиын жылдары Қазақстан қаншама ұлт пен ұлыстың өкілін бауырына басып, бүтін дәнді жарып, жарты нанды бөліп жеді. Сол үшін де біз қазақ халқына шексіз ризамыз...

Қазақстандағы Достық үйі тұңғыш рет 1992 жылы Өскеменде ашылғаны белгілі. Міне, осынау игі бастаманың басында Лео Богданович Шик тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді.

- Қазақстан тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр болды. Тіпті жер-жерде ұлтаралық жанжалдар да қылаң беріп қалып жатты. Осынау қиын кезде ұлттар арасындағы бірлік пен татулықты, достықты сақтау өте қажет еді. Облыстық Достық үйін ашу туралы ой сол кезде келді. Бұл бастаманы Т.Қоғабаев, О.Малдыбаев, А.Байбатшин бастаған қазақ ақсақалдары да қуана қолдады, - дейді Лео Богданович.

Ал 1995 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрады. Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт зымырап өте шығыпты.

- Мен адам өмірінің ең басты құндылығы болып саналатын халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың сақталуы жолында толассыз күрес жүргізіп келе жатқан Назарбаев армиясының жауынгерлерінің қатарында болғаным үшін Жаратқанға және тағдырыма шексіз ризамын, - дейді Лео Шик.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Қоғам | Кілт сөдер: Алғыс айту күні

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар