ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «Сыр сұхбаттың» алғашқы қонағы болды

(Дауыстар: 1)
ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «Сыр сұхбаттың» алғашқы қонағы болды

1-наурыз - Алғыс айту мерекесі күні Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен «Мәңгілік Ел» тәрбиелік-білім беру орталықтарында «Сыр сұхбат» деп аталатын жаңа жоба бастау алды. «Шығыс» өңірлік орталығында өткен «Сыр сұхбаттың» алғашқы қонағы болу бақыты ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға бұйырды. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шараға аудандар мен қалалардағы «Мәңгілік Ел» тәрбиелік-білім беру орталықтарының оқушылары да қатысып, облыс әкімінің орынбасарына өздерін толғандырған сауалдарын қойды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Оқушылармен жүздесуге келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ең алдымен елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған Алғыс айту күнінің маңызына тоқталды.

- 1-наурыз - Президентіміздің Жарлығымен Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл - екі адамның бір-біріне алғыс айтуы емес, бақытты Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысы. Сонау аштық, зорлық-зомбылық жылдарында қазақтың кең даласына келіп, пана тауып, өмірлері мен бала-шағасын, діні мен тілін сақтап қалғандары үшін олар сендер мен менің ата-бабаларыма өздерінің алғыстарын білдіреді. Өздерің тарихтан жақсы білесіңдер, бір халықты бір халық сыйдырмаған, жер бетінен жойып жіберген небір замандар өткен. Ал қазақ - дана да дархан халық. Тіпті, біздің ата-бабаларымыз үйіне кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын болған. Сол бір қиыншылық жылдары қаншама ұлт өкілдері қазақ халқының жақсылығын көрді. Сырттан жер ауып келгендерге үйлері тар болса да, төрін ұсынып, өздері аш болса да, нанын бөліп берді. Келімсек демей, туғанындай құрметтеді. Бұған ешкім кінәлі емес, тағдыр солай болды, - деп сөзін бастаған ШҚО басшысының орынбасары Жақсылық Омар біздің қоғам үшін ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім мәселелерінің қашан да маңызды екеніне тоқталды.

Әр қазақ баласы үшін тәуелсіздік қашан да тәтті ұғым ғой. Осы орайда облыстық Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның оқушылары Дәулетхан Тайжан мен Нұрболат Советхан азаттық үшін алысып, тәуелсіздік, теңдік жолында жанын құрбан еткен ата-бабаларға алғыс ретінде жазылған өздерінің жалынды жырларын жиналғандарға оқып берді.

Жалпы, осынау шарада оқушылар облыс басшысының орынбасарын теледидардан көру бір басқа да, жүзін жақыннан көріп, айтқан сөзіне құлақ тосып, сырласу, сұхбаттасудың жөні бөлек екеніне көз жеткізді. Алғашқы сәттерде тосылып, лауазымды адамға сұрақ қоюға именіп отырған оқушылардың үндері уақыт өте келе жарқын-жарқын шыға бастағандай болды. Жақсылық Омар өзінің қарындасымен, жақын бауырымен сырласқандай ашылып, ағынан жарылды. Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туып-өскен облыс әкімінің орынбасары балалық шағының ел тәуелсіздігін енді алып жатқан қиын шақпен тұспа-тұс келгенін айтты. Айтуынша, тіпті сол кездері ауылда жарық та болмай қалатын.

- Балалар мектепте пеш жағу үшін кезекші болатынбыз. Кезекші таңғы жетіден тұрып пеш жағатын, ал сағат сегізде сабақ басталатын, - деді.

«Оқушы кезіңізде қай пәнді ерекше жақсы көрдіңіз?» деген Ұлан ауданы оқушысының қойған сауалына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- Өзгелер секілді математиканы жақсы көрдім, геометрияны сүйіп оқыдым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Барлық ауыл балалары секілді мен де денешынықтыру пәнін жақсы көрдім, - деп шынайы жауап берді.

Ал ШҚО әкімі орынбасарының сүйіп оқитын ақыны мен жазушысы кім? Қандай әндерді тыңдағанды ұнатады? Өңірдің білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына жауапты облыс басшысының орынбасары оқушылар тарапынан қойылған осынау сауалдарды да жауапсыз қалдырмады. Сүйікті ақыны Ұлы Абай болса, cүйікті жазушысы Мұхтар Мағауин көрінеді. Ал әнге келсек, лауазымды тұлға дәстүрлі әндерді ерекше ұнатады екен.

Жалпы, облыс басшысының орынбасарына оқушылар тарапынан қойылған сауалдар өте көп болды. Тіпті қазіргі қоғамда терең тамыр жайып бара жатқан жемқорлық мәселесіне қатысты да сауал қойылды. Жақсылық Мұқашұлы қойылған сауалдың әрқайсысына жан-жақты жауап берді. «Сыр сұхбатта» оқушылар облыс әкімінің орынбасарының тек қана мемлекеттік қызметші емес, сонымен қатар заманауи талаптарға сай креативті жас адам екеніне көз жеткізді. Кездесу соңында оқушылар облыс басшысының орынбасарымен бірге естелікке суретке түсті.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Қоғам | Кілт сөдер: Жақсылық Омар

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар